Қоғам

Салғырттығы үшін сөгіс алды

Салғырттығы үшін сөгіс алды


Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси кеңесінің бюросы өтті. Жиында Ұлан ауданы Қ.Қайсенов кентінің жылу маусымына дайындығын кешіктірген аудан әкіміне қатысты мәселе қаралды.

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарында Ұлан ауданының орталығында төрт бірдей көшенің тұрғындары қазан айының басындағы қара суықты жылусыз қарсы алғаны туралы жазылған болатын. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ араласуымен реттелген мәселенің мән-жайын саяси кеңес бюросында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ринат Омаров пен Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев баяндады.
Р.Омаровтың айтуынша, жылыту нысандарын маусымға дайындауға қажет қаржы бюджеттен дер кезінде бөлінген. Мамыр айынан бастап жүргізілген инвентаризациялау нәтижесінде анықталған ақауларды жою жөніндегі жоспарға Ұлан ауданынан да бірнеше нысан енгізілген. Ал маусым таяған шақта өзге аудан, қалалармен бірге ұландықтар да қыстың аязына төтеп беруге барлық нысандар сақадай сай екендігі жөнінде мәлімет берген. Алайда, бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын қазан айының басында кенет түскен қара суық әшкере етіп тастады. Ақырында кенттегі Юбилейный, Заводская, І.Айтықов және Опан би көшелерінде ондаған тұрғын үйлер мен коттедждер жылусыз қалған. Олардың соңы тек 26-қазанда ғана жылуға қосылған. Басқарма басшысы құбырлар төсеу үшін қазылған көшелердің әлі де тегістелмегенін айтты.
Аудан әкімі Дәулет Батырбаев бұл істі өз бақылауынан шығарып алғанын мойындады.

– Мен бұл олқылық үшін жауапты екенімді мойындаймын. Жағдайдың бұлайша өрбуіне жол бермеуге болатын еді. Аталған көшелердің құбырлары ескіргендіктен жаңалау қажет болған. Оған бюджеттен 38 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Мердігер компания белгіленген мерзімге үлгермей, ақырында ескі трасса да, жаңа желі де жылу беруге дайын болмай шықты. Соңғы құбыр 21-қазан күні төселді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың наразылығын тудырған болатын, – деді Д.Батырбаев.

Аймақ басшысы қара суық қысса да сабыр сақтай білген кент тұрғындарының шыдамдылығына таңғалғанын жеткізді.

– 24-қазанның кешінде жағдайды көзбен көру үшін кентке ат басын бұрдық. Аудан әкімі тәжірибесіздігінен бұл олқылыққа жол берген. Әйтпесе, жаңа құбырды ретке келтіріп алмай тұрып, ескі трассаны үзбес еді, – деген ол Д.Батырбаев бұған дейін де аудан орталығындағы тұрғын үйлерді абаттандыру бойынша берілген тапсырмаларды төрт ай кешіктіріп орындағанын еске алды.

Жиында бірауыздан Д.Батырбаевқа сөгіс жариялау керек деген қаулы қабылданды.

Бюрода бұдан бөлек, ішкі тәртіп және кезекті есептік-сайлау конференциясына қатысты мәселелер қаралды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button