Қоғам

Салғырттық сан соқтырып жүрмесін

Салғырттық сан соқтырып жүрмесін


Семейдегі кейбір сауда кешендерінде өрт сөндіретін құрал-жабдықтар жоқ. Оны айтамыз-ау, ғимаратта өрт шыға қалған жағдайда (бетін ары қылсын), дабыл қағу жүйесі де орнатылмаған. Есесіне, тыйым салынған газ баллондар бар. Бұл кемшіліктер арнайы тексеру кезінде анықталды.

Естеріңізде болса, Ресейдің Кемерово қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін еліміздегі сауда орындарынан бастап адамдар көп жиналатын барлық нысандардың өрт қауіпсіздігін тексеру қолға алынған-ды. Осы орайда Семейдегі 43 ірі сауда орталықтары мен ойын-сауық кешендеріне тексеру жүргізілген. Қалалық өртке қарсы күрес қызметі мен өзге де тиісті органдар өкілдерінің қатысуымен атқарылған бұл шаралар ауданы 1500 шаршы метрден асатын сауда және ойын-сауық орындарын қамтыды.

Бұл жұмыстардың нәтижесі қалалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Оған кеңес төрағасының орынбасары Жанна Жибраева, Семей қаласы әкімінің орынбасарлары Надежда Шарова мен Николай Ушаков, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова және басқалар қатысты.

– Бүгінгі күні 12 нысан толық тексеруден өтті. Қалалық прокуратураның рұқсатынсыз тексеру жүргізілмейтіндіктен, сауда нысандарының иелеріне алдын ала хабарланды, – дейді қаладағы арнайы мониторингтік топтың мүшесі, «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Екатерина Гуляева.

Оның айтуынша, тексеру жүргізілген нысанның бірі – «Барыс» сауда үйі. Глинка аялдамасының артында орналасқан бұл ғимараттың иесі жуықта ауысқан екен. Көптен бері жөндеу жүргізілмеген сауда үйінің жағдайы мәз емес көрінеді. Тексеру кезінде аталмыш сауда үйінде бірде-бір өрт сөндіргіш құралдың жоқтығы анықталды. Соған қарамастан, өрт қаупі жоғары ғимараттың екі қабатында сауда-саттық қызу жүріп жатты. «Барыс» сауда үйі өкілінің айтуынша, 15 өрт сөндіргіш құрал ішіндегі сұйықтығы таусылып қалғандықтан, қайта толтыру үшін арнайы компанияға жөнелтілген екен.

Алайда мұнда өрт сөндіру құралынан бөлек өртке қарсы дабыл қағу жүйесі де орнатылмаған болып шықты. Ал енді сауда кешенінің ішіндегі асханада 50 литрлік газ баллондарын пайдалану өте қауіпті.

Мамандардың айтуынша, бекітілген талапқа сәйкес мұндай нысандардың ішінде асхана жұмыс істеген жағдайда, ол жерге тек электр плиталарын қосуға рұқсат етіледі екен.

– Дәмханаларда газ баллондарын қолдануға қатаң тыйым салынған. Ал мына жерде 50 литрлік газ баллонының екеуі тұр, – дейді өрт қауіпсіздігін қадағалау мақсатында жүргізілген рейдтің қатысушылары.

Дәл осындай жағдай қаладағы «Арка» сауда үйінде де кездескен. «Арканың» аспаздары да ас-ауқатты тыйым салынған газ баллондарының көмегімен пісіріп отырған жайы бар.

Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасының өрт бақылау мемлекеттік бөлімінің басшысы Ернар Жәлеловтің түсіндіруінше, өрт қаупі жоғары саналатын мұндай нысандарды тексеру амалдары жыл сайын жүзеге асырылып отырады. Ал егер рейд барысында кемшіліктер анықталса, жауапты орындардың өкілдері кәсіпкерлерге кемшіліктерді жою жөнінде нақты уақыты көрсетілген нұсқама жазып береді.

– Ары қарай оның орындалуын қадағалаймыз, яғни жоспардан тыс тексеру жүргіземіз. Егер кемшіліктер жойылмаса, сотқа жүгінеміз, – деп толықтырды Ернар Жәлелов.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button