Салық жүйесі: бюджеттік түсімдер ұлғайып келеді

Өңір экономикасының тұрақты дамуы мен қаржылық жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында салықтық түсімдер мен бюджеттің толықтырылуы маңызды рөл атқарады. Былтырғы қызметінің қорытындысын жариялаған облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өткен жылы бюджетке түскен қаржы көлемінің айтарлықтай артқанын мәлімдеді. Бұл жетістік салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Былтыр жергілікті бюджетке 219,6 миллиард теңге түсті, бұл жоспарланған көрсеткіштен 6,2 миллиард теңгеге артық (орындау – 102,9%). Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 123,2 пайызды құрап отыр. Бұл мәліметтерді жуырда 2024 жылғы қызметінің қорытындысын шығарған облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ұсынды.
Ең үлкен түсімдерді атасақ, олар – жеке табыс салығы – 67,3 миллиард теңге, корпоративтік табыс салығы – 43,2 миллиард теңге және әлеуметтік салық – 53,9 миллиард теңге.
– Департамент қызметінің маңызды бөлігі цифрлық технологияларды енгізу болды. Қазіргі уақытта 90,5 пайыз мемлекеттік қызмет автоматтандырылған, ал олардың 36-сы Электрондық үкімет порталында қолжетімді. Сонымен қатар «Е-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильді қосымшалары белсенді дамып келеді. Бұл сервистер азаматтар мен кәсіпкерлерге қызметтерді ыңғайлы пайдалануға және салық есептілігін тапсыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Осы жылдан бастап жаңа ақпараттық жүйе – салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі (СӘИЖ) енгізіледі. Ол қолданыстағы 7 жүйені алмастырып, мемлекеттік қызмет көрсету процестерін айтарлықтай жеделдетеді.
Департамент азаматтар мен кәсіпкерлерді хабарландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Өткен жылы 24 мыңнан астам іс-шара, оның ішінде БАҚ-та жарияланымдар, телебағдарламалар, семинарлар және салық төлеушілермен кездесулер өткізілді. Осы шаралардың арқасында электрондық қызметтерді пайдалану деңгейі 99,6 пайызға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға артық.
Сондай-ақ жастармен жұмыс аясында департамент жергілікті жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасасты. Университеттерде салық және кеден саласындағы білімді арттыру бойынша тұрақты семинарлар өткізіліп келеді.
Ыңғайлы сервистерді енгізуге ерекше назар аударылады. Енді азаматтар салықтар, шоттардың бұғатталуы және тіпті жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жедел ақпаратты Salygbot Telegram-боты арқылы ала алады. Өткен жылдың қазан айынан бастап «Кеден мәселелері бойынша жедел көмек көрсету» жаңа сервисі іске қосылды.
Жиналыс соңында департамент басшысының орынбасары 2024 жылға көлік салығын төлеу мерзімі осы жылдың 1 сәуірінде аяқталатынын еске салды. Салық сомасын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе KGD веб-порталы арқылы есептеуге болады.
Өткен жылдың қорытындылары облыстағы салықтық жүйенің тиімділігін дәлелдеп, бюджетке түсетін қаражаттың айтарлықтай ұлғайғанын көрсетті. Бұл – цифрлық қызметтерді енгізу, халықпен кері байланысты күшейту және ақпараттық жұмысты жандандырудың нәтижесі. Алдағы уақытта жаңа ақпараттық жүйелердің енгізілуі мен қызмет көрсету сапасының артуы өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, бюджет кірісін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз. Азаматтар мен кәсіпкерлер үшін салық төлеу процесін жеңілдету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қарқынды түрде жалғаса бермек.
Ержан Әбіш