Салымшылар өтемақысыз қалуы мүмкін
«Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» салымшылары депозит бойынша өтемақыларын толығымен алмауы мүмкін. Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өтемақы алуға қосымша 110 мың салымшы келісімге отырған. Бұл теңге курсы еркін айналымға өткеннен кейін шығындарын қайтару үшін банктен қосымша қаржы алуы тиіс жалпы депозиттің 20 пайызын ғана құрайды.
Осылайша 200 мың жинақшы банкпен қосымша өтемақы алу туралы келісімге қол қойып үлгере алмай қалуы ықтимал.
Қосымша келісімге қол қою үрдісі 2016 жылдың 8-ақпанында басталған болатын. Шараға бөлінген 114 тәулік ішінде орта есеппен күніне 4 096 қосымша келісімге қол қойылуы қажет еді. Алайда, қазіргі уақытта күніне қабылданатын өтініштер саны 2,5 мыңнан аспайтын көрінеді.
«Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкімен» қосымша келісім жасау мерзімі 1 маусымда аяқталатынын ескерсек, қазіргі қарқын жоспардың жартысын ғана құрауда» дейді қаржы ұйымының баспасөз қызметі.
Энергия тиімділігін арттыру жобасы аясында ел аумағындағы 100-ге жуық әлеуметтік нысан жаңғыртылатын болады. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ұлттық энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы даму институты энергияны үнемдеудегі мемлекеттік саясатты жүргізу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Мәселен, Дүниежүзілік банк гранты шеңберінде институт ел Үкіметі атынан «Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыру» жобасының атқарушы агенті ретінде бекітілген.
– Аталмыш жоба аясында республикамыздағы шамамен 100-ге жуық әлеуметтік нысанды жаңғырту көзделіп отыр. 2015-2016 жылдардың өзінде-ақ 44 нысан (балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен көшелерді жарықтандыру) іріктеп алынған. Оның 19-ы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, биыл құрылыс-монтаж жұмыстарын қолға алу жоспарланған, – деді Ә.Исекешев.
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты соңғы бес жылда 1,3 есеге өсіп, 2015 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 1,1 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
– Біздің пайымдауымызша, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру түрлі бағдарламалар мен жобалар аясында экспортталатын бидайдың көлемін жыл сайын бір миллион тоннаға ұлғайтып отыруға мүмкіндік бермек, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев.
Ведомствоның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы 200 миллионнан астам гектарды құрайды.
«Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің көлемі 2015 жылы 4,4 пайызға өсіп, 2,7 триллион теңгені құрады. Агросектор өнімдерінің экспорты соңғы бес жыл ішінде 1,3 есеге өсті және 2015 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 1,1 миллиард долларға жетіп отыр» делінген министрлік хабарламасында.
Шығыс-ақпарат