САЛЫМШЫ АРЗАН БАСПАНА АЛАДЫ
Алдағы қазан-қараша айларында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары Өскеменнен шаршы метрі 100 000 теңгеден басталатын бағасы төмен жаңа пәтерлер сатып алмақ.Келесі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Өскеменде дәл осындай шаршы метрі 100 000 теңгеден басталатын бағамен 398 пәтерден тұратын тағы төрт үй салынып, пайдалануға беріледі.
БІР БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР- 4 МЛН.ТЕҢГЕ
Баспаналы болу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне шоттарына 824 400 теңге немесе үй құнының 20 пайызына тең қаражат жинау жеткілікті. «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысудың басты талабы үй құнының 20 пайызын алдын-ала жинап өткізу екендігін тағы да естеріңізге саламыз. Осыдан кейін банктің жылдық мөлшерлемесі 5 пайызболатын жеңілдетілген несие қаржысына арзан бағадағы баспананы сатып алуға болады. Пәтер алған тұрғынның ай сайынғы төлемі 31 000 теңгені құрайды. Бұл – аумағы 41 шаршы метр, бағасы 4,1 млн. теңге болатын (мансардты қабаттағы) бір бөлмелі пәтерге қатысты болжамды есеп.
Банк салымшылары(қазіргі күндері тапсырыстар қабылданып жатыр) «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, тұрғын үй сатып ала алады. Ол үшін baspana.kz порталына кіріп, ұнаған нысан мен пәтерді таңдап, өтініш беру керек. Бұл рәсімді 2018 жылдың 20 қыркүйегіне дейін жүзеге асыру қажет.
Айнұр Меирбаева, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары:
– Банктің мақсаты – салымшыларын қолжетімді үймен қамтамасыз ету. Бұл жұмысты тұрақты түрде орындап келеміз, жергілікті әкімдік пен құрылыс салушылар бізге көмектесуде. Нәтижесінде қазір 1 шаршы метрінің бағасы 100 000 теңгеден басталатын таза әрлеудегі 125 пәтерді клиенттерімізге ұсынуға әзірміз. Жаңа үйлер Өскеменнің экологиялық тұрғыдан таза 19-тұрғын үй ауданында салынған. Қазір өтінімдер қабылданып жатыр, осы күнге дейін 200-ден астам өтінім қабылданды.
Келесі жылы облыс орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында дәл осындай бағамен 398 пәтерден тұратын тағы төрт үй салынып, пайдалануға берілмек.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйлер 50/50 әдісі бойынша сатылады. Яғни, пәтерлердің кем дегенде 50 пайызын әкімдікте кезекте тұрған азаматтар, ал қалған 50 пайызы кезекте жоқ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары арасында бөлістіріледі.
Бұл ретте әкімдікте кезекте тұрған адамдарға да мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшысы атанып, шот ашып, ақша жинау керек екенін айта кеткен жөн.
Мемлекеттік бағдарлама аясындағы тұрғын үйлер жеңілдетілген шарттармен берілетіндіктен, үміткерлерге қойылатын бірқатар талаптар бар. Олар:
– ҚР азаматы немесе оралман мәртебесінің болуы;
– өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде Қазақстан Республикасының аумағында соңғы бес жылдың ішінде жекеменшік үйінің болмауы;
– төлем қабілеттілігін растай алуы.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандар туралы барлық ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл портал баспана таңдау ыңғайлы, ал тұрғын үй бөлістіру айқын, ашық жүруі үшін арнайы әзірленген. Мұнда қолжетімді үйден үміткер азамат өзі пәтер алғысы келетін қаланы таңдап, қандай нысандардың салынып жатқаны туралы біліп, өтініш қабылданатын уақыттарды нақтылап, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысуға өтініш бере алады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана алғысы келетін азаматтар саны әдетте берілетін пәтерлер санына қарағанда көп болатындықтан, үйлер ұпай жүйесі бойынша бөлістіріледі. Тұрғын үй сатып алушылар пулына ең көп ұпай жинаған қатысушылар кіреді. Ұпай саны депозиттің қаншалықты тұрақты толықтырылып отырылғанына, шоттың қашан ашылғанына байланысты түзіледі. Яғни депозитті неғұрлым ерте ашып, оған неғұрлым тұрақты ақша салып отырған салымшы жоғары ұпайға қол жеткізеді. Ұпай есептеу процесі автоматтандырылған және айқын жүреді.
ҚТҚЖБ филиалы ұйымдастырған пресс-турда жазық жотаны бөктерлей бой көтеріп жатқан Өскеменнің 19-шы ықшам ауданының Есенберлин көшесіндегі құрылысы аяқталып қалған қос үйді көрдік. Бес қабатты екі үйде 50 және 75 пәтерден 125 пәтер бар. Қарашада «Нұрлы жер» бағдарламасымен әр шаршы метрі 100 мың теңгеден (бесінші мансардты қабаттар-100 мың, бесінші қабатқа дейін 135 мың теңгеден) берілгелі отырған 125 пәтер осылар. Күздің желі гуілдеп тұрғаны болмаса жым-жырт жатқан бұл маң екі-үш жылдан соң мектебі, балабақшасы, түрлі демалыс орындары бар үлкен әдемі қалашыққа айналмақ.
– Үйлерге жарық, су тартылды, негізгі жол салынды, барлық инфрақұрылымы бар. Үйдің кірпіші тозбас үшін сыртын сайдинг материалымен қаптадық. Пәтердің қабырғаларын әктеп, линолиум, бөлме аралық есіктер салып жатырмыз. Енді тек пәтердің ішін әрлеу жұмыстары ғана қалды. Құрылыс кесте бойынша желтоқсанда аяқталуы тиіс, бірақ біз қара күзге дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.-деді үйді салып жатқан «СтройЭлитРиелти» компаниясының прорабы Олжас Мырзахмет құрылыстың сапалы екеніне сендіріп.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Өз үйім»бағдарламасы бойынша да Өскеменде бірнеше тұрғын үй салынып жатыр. Әр шаршы метрінің құны 165 мың теңгеден. Олардың бесеуі облыстық драма театрының артында салынып жатыр, бір подъезді 9 қабатты үйлер. Келер жылы олардың жанынан осы бағдарламамен үлестірілетін 13 қабатты тағы да бірнеше тұрғын үй салынады. «Арзан» сауда үйінің жанында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй де «өз үйім» бағдарламасымен банк салымшыларына сатылмақ. Бұл бағдарламамен тұрғындар 20 пайыз алдынала төлем жарнасын төлей отырып, 7 пайызбен баспана ала алады.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен Өскеменнің 28-ші ықшам ауданынан (Ново-Явленко ауылы жақтан) жер үйлер де салынбақ. Ықшам ауданға жеке тұрғын үйлерді салуға байланысты құрылыс кәсіпорындары арасында конкурстар өткізілгенімен әлі мердігер табылмаған, алдағы уақытта конкурс тағы да өткізілмек. Жоба бойынша үйлер күзде салынып бітуі тиіс болатын, құрылысты жүргізетін мердігер анықталмаған соң, жұмыс тоқтап тұр. Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтқанындай, «Нұрлы жермен» бой көтеретінбағасы арзан құрылысты салуға қызығушылық танытып отырған кәсіпорындар жоқтың қасында. Жер үйлерге үй салу үшін он сотық жер алуға кезекке тұрғандардың өтінімдері алдымен қабылданбақ. Үйлер сондай-ақ банк салымшыларына да беріледі.
Биылғы жылдың мамыр айынан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына өз шоттарын сатуға рұқсат етілді. Осы уақытқа дейін шотты сатуға рұқсат берілген жоқ. Егер кез келген азамат банк салымшысының шотын сатып алғысы келсе ҚТҚЖБ сайтқа кіріпөзінің жеке кабинеті арқылы «Онлайн» режімінде сатылуға қойылған кез келген шотты сатып алып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атана алады. Бағасы келісімді, сатушы шотының бағасын өзі ұсынады. Шот екінші бір тұлғаға өзіндегі сомадан қаншалықты артық бағаға сатылса, сатушы сол қаржыданзаңда көрсетілген мөлшерде мемлекетке табыс салығын төлеуі тиіс.
ЖАҢБЫРҒА ШЫДАМАҒАН ЖАҢА ҮЙ…
Жаңа үйлерді сатып алып жатқан жұрт, олардың сапасы нашар екенін айтумен келеді. Салынып жатқан құрылыстың сапасын бақылап, қадағалуы тиіс құзіретті органдар мен мердігерлердің өздері болса, шалағай істелген шаруаны қайтадан атқартуға, атқаруға асықпай, жаңа нысанды іске қосу кезінде кем-кетіктер, ақаулар болмай қоймайтынын алдыға тартумен келеді.
АлӨскемендегі Есенберлин көшесі № 21 үй мекенжайында бой көтерген жаңа үйлердің сапасының сын көтермейтіні тамызда жауған жаңбырдан соң-ақ белгілі болды. 17 тамыз күні нөсер жаңбырдан кейін тоғыз қабатты үйдің барлық қабатына су өтіп кеткен. Терезеден, төбеден аққан су пәтерлердің ішін ғана емес, подъездін ішін де көл-көсір қылған.Осы үйдің тұрғындары әлеуметтік желілерде жаңа баспаналарының баспана болмай қалғанын айтып, дабыл қағып, бейнежазбалар мен фотосуреттерін салған болатын.
Есенберлин көшесіндегі көпқабатты үйлер үй кезегінде тұрған үміткерлерге жалдамалы баспана ретінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілген. Бұл үйлердің құрылысын жүргізген мердігер компания – «ШҚ Техногрупп» ЖШС. Пәтерлерге қоныстанған тұрғындар келісімшарт жасасып, ай сайын ақысын төлеп жатыр. Тұрғын үй кешені тұрғындарының айтуынша, үйлер сапасыз салынған. Үйге жүргізілген сұрықсыз әрлеу, өңдеу жұмыстары, жұқа қабырғалар, қабырға жарықтары, сапасыз сантехника, жоғары коммуналдық төлемдер, толып жатқан тағы басқамәселелер оларға «өз үйім өлең төсегім» дегізбей отыр.
-Салынып жатқан үйлердің сапасына тапсырыс беруші жергілікті әкімдік, қадағалаушы құзіретті органдар ресми түрде жауапты. Ол үйлер бізде кепілдікте тұрады. Жаңа үй иелері біздің клиентіміз болғандықтан біз де ол баспаналардың жайлы, сапалы салынуына мүдделіміз. Осы жолы Есенберлина көшесіндегі үйдің төбесінен жаңбыр суы аққан кезде біз орын алған бұл мәселені бірден қолға алдық, мердігер кәсіпорынға шатырды жөндеткізіп, құрылыс жұмыстары кезінде кеткен кемшіліктерді жойғыздық, -деген жауап айтты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы басшысының орынбасарыАйнұр Мейрбаева су басқан Есенберлин көшесіндегі үйдің жағдайына қатысты.
Жанаргүл Мұқатай