Салық заңнамасындағы өзгерістер жайлы не білеміз?
Айжанат Бақытқызы
Елде жүргізіліп жатқан реформалар, оның ішінде салық заңнамасына қатысты өзгерістер жайлы халықты хабардар ету үшін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов Глубокое ауданы тұрғындарымен кездесіп, жұртшылық көкейіндегі сауалдарға жауап берді.
Данияр Жанәлінов атап өткендей, Шығыс Қазақстан облысы – адами және табиғи әлеуеті мол өңір. Облыс ауданы – 98 мың шаршы шақырым, халқы – 730 мың адам. Еліміздің ірі өнеркәсіптік ауданы – Глубокое ауданында мырыш, қорғасын, мыс және басқа элементтермен қатар полиметалл кендері өндіріледі. Сондай-ақ Предгорное ауылында «Алтын Шығыс» компаниясы май өндіру кешенін салу бойынша инвестициялық жобаны іске асырып, онда 300 жұмыс орны құрылуда.
Комитет төрағасының айтуынша, Шығыстағы бизнес субъектілерінің саны – 73 152. Оның ішінде заңды тұлғалар – 16 024, жеке кәсіпкерлер саны – 56 563.
Бюджет түсімі өсті
Өңірдің негізгі экспорттық тауары өнеркәсіп өнімдері болғандықтан облыстың экономикалық тұрақтылығын өнеркәсіп айқындайды.
2022 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 триллион теңгені, ал жалпы өңірлік өнім көлемі 2,7 триллион теңгені құрады.
Облыста «Казцинк» ЖШС, «Шығыстүстімет» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС сияқты ірі өндірістер бар.
2022 жылы салық түсімі 2021 жылғы көрсеткіштен едәуір асып, мемлекеттік бюджетке 475 млрд теңге түсті. Түсімдердің өсуі 103 млрд теңгені құрады.
– Мемлекеттік кірістер органдары жұмыста уәкілетті органдардың мәліметтерін негізге алады және қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар осы деректерді біріктіруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік кірістер органдары мен Қазынашылық комитеті, Ішкі істер министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет» сияқты басқа мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу орталық деңгейінде жолға қойылды, енді жергілікті жерлерде әртүрлі сұраныстар мен хаттар жөнелтудің қажеті жоқ. Бұл, әрине, уақытты үнемдейді. Заманауи ақпараттық технологиялар бюджетке қосымша резервтерді анықтау бойынша жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Данияр Еренғалиұлы.
Облысымыз шекаралас аумақ екендігі белгілі. Солтүстігінде Ресейдің Алтай өлкесімен, шығысында Қытай Халық Республикасымен шектеседі.
Данияр Жанәліновтің айтуынша, Мемлекеттік кірістер департаментінің қызмет аймағындағы Қазақстан – Ресей шекарасында «Үбі» бақылау-өткізу пункті жұмыс істейді, ал кедендік ресімдеуді үш кеден бекеті жүзеге асырады. Олар – «Өскемен-Кедендік рәсімдеу орталығы», «Әуежай-Өскемен» және «Майқапшағай».
2022 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортқа 89 млрд теңге сомасында қосымша құн салығы түскен. Бұл өткен жылдан 21 млрд теңгеге артық, өсу қарқыны – 134%.
Үшінші елдермен облыстың тауар айналымы 3,2 млрд АҚШ долларын құрады, өсу қарқыны – 28%.
Жиын барысында айтылғандай, мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылған, 35 қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде 21 салық, 14 кеден қызметі бар.
Қызметтің 33 түрін электронды түрде, ал eGov.kz порталы арқылы қызметтердің 16 түрін алуға болады.
Комитет төрағасы Данияр Жанәлінов Салық кодексіне енгізілген кейбір түзетулерге тоқталып өтті. Мәселен, микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені азайта отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілді. Бірыңғай төлем сомасын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірыңғай жиынтық төлем тетігімен қорлар мен бюджет бойынша бөлетін болады. Сонымен қатар жеке тұлғалардың банкроттық тетігі енгізілді.
Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігіндегі жұмыс тобы жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Егер тұрғындар тарапынан ұсыныстар болса, Ұлттық экономика министрлігіне немесе tax@economy.gov.kz. электронды мекенжайына жіберуге болады.
Өзекті сұрақтарға жауап берді
– Мен автокөлігімді сатып жіберген едім. Бірақ жеке тұлғалардан көлік салығы менің атыма келіп тұр. Неліктен?
– Көлік құралдарына салынатын салық Ішкі істер министрлігінің деректер базасы негізінде есептеледі. Яғни, егер Ішкі істер министрлігінің базасында автомобиль белгілі бір азаматқа тиесілі болса, онда біздің орган салықты нақты сол адамға есептейді.
Автокөліктерді тіркеу бойынша сәйкессіздіктер анықталған жағдайда азаматтар Мемлекеттік кірістер комитетінің органдарына да, ІІМ органдарына да көлік құралын сатқандығын растайтын құжаттармен бірге баруы тиіс, расталғаннан кейін есептелген салық алынады.
Айта кетсек, жедел кеңес беру және кері байланысты дамыту үшін «Е-Salyq Azamat» ұялы қосымшасы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар көлік құралдарына салынған салық, өзге де салық берешегін тексеріп, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді және басқа қызметтерді көре алады.
– Жалпыға бірдей декларациялау бойынша аурухана санитарлары, аула сыпырушылар және басқа да техникалық қызметшілер есеп беру керек пе? Декларация ұсынбаған жағдайда оның салдары қандай болады?
– Биылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі басталды. Мемлекеттік мекемелердің және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары алғаш рет жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны, кейіннен жыл сайын ұсына отырып, активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларацияны 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ұсынуы тиіс. Бұл міндеттемелер штат кестесі бойынша тізімделген барлық қызметкерлерге, оның ішінде техникалық персоналға (санитарлар, аула сыпырушыларға, т.б.) қолданылады.
Аталған декларацияны e-SalyqАzamat ұялы қосымшасы, «Салық төлеуші кабинеті» (cabinet.salyk.kz) арқылы ыңғайлы түрде ұсынуға болады. Сондай-ақ қағаз түрінде мемлекеттік кірістер органдарына, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе пошта арқылы жолдауға болады.
Жеке тұлғалар декларацияны қағаз түрінде тапсыру мерзімі 2023 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей, электронды түрде 2023 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыруы қажет.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске сәйкес, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны және (немесе) кірістер мен мүлік туралы декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін ескерту жасалады. Ескерту жасалғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға 15 айлық есептік көрсеткіш (51750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
– Шетелдік автокөлікті заңдастыру үшін не істеу керек?
– Автокөлікті заңдастыруға өтінішті электронды үкімет порталы арқылы немесе арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына беруге болады.
Кедендік тазарту мәселелеріне байланысты бас тарту болған жағдайда ақпараттық жүйелерде кедендік декларациялау деректерін тексеру үшін арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне жүгіну қажет.
Ақпараттық жүйелерде кедендік декларациялау расталмаған жағдайда Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері өтініш білдірген азаматтардың тізімін жасап, автокөлік құралдарын декларациялауды растау мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттерге сұрау салуды қайта жіберу үшін Мемлекеттік кірістер комитетіне жібереді.
– Пәтерін жалға беретін жеке тұлғалардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті ме?
– Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, жұмыскерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлға табыс, оның ішінде мүліктік табыс алған кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.
Салық заңнамасында салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға мүлікті жалға беруден алынған табыс салық төлеушінің мүліктік табысына жататыны айқындалған. Осылайша, мүлікті жалға беретін жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Мұндай жағдайда міндеттемені жеке табыс салығы бойынша декларацияны есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей және 10 сәуірге дейінгі мерзімде 10% жеке табыс салығын төлеу арқылы орындау қажет. Бұдан басқа, тұрғын үйді жеке тұлғаларға жалға беру кезінде жалға берушілер бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы салық міндеттемелерін орындай алады.
– Биылдан бастап бірыңғай төлем енгізілді. Жеке кәсіпкер өзі үшін бірыңғай төлемді төлей ала ма?
– Салық міндеттемелерін орындауды оңайлату, салық жүктемесін азайту және жалдамалы жұмыскерлерді заңдастыруды ынталандыру мақсатында биылғы 1 қаңтардан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын, микро және шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жұмыс беруші есептеген жұмыскерлердің табыстарынан жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдердің бірыңғай төлемі енгізілді.
Бірыңғай төлеммен салық салу объектісі қызметкердің кірісі болып табылады, сондықтан жеке кәсіпкер өзі үшін төлей алмайды. Қызметкерлердің жалақысынан бірыңғай төлем ерікті түрде енгізіледі, биылғы мөлшерлеме – 20%.
– QR-код арқылы төлеу кезінде бақылау-кассалық машина чегін шығару қажет пе?
– QR-код арқылы төлеу қолма-қол ақшасыз төлем болып саналады, бұл кезде сатып алушыдан сатушыға ақша берілмейді. Дегенмен бақылау-кассалық машина арқылы фискалдық чек беру талап етіледі. Бақылау-кассалық машинасы қолма-қол есеп айырысуда ғана емес, төлем карталарын пайдалана отырып есеп айырысуда да қолданылуы тиіс. Өйткені чек –тұтынушының тауарды алғандығын растайтын құжаты.