Қоғам

Салтанатты шеруге он мың адам қатысты

Салтанатты шеруге он мың адам қатысты


Облыс тұрғындары Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесін ерекше көңіл-күймен атап өтті. Өскемендегі Республика алаңына жиналған жұртшылық сән-салтанаты жарасқан халқымыздың ынтымағы мен татулығына тағы бір рет куә болды.

«Мен – Қазақстанның патриотымын» атты дәстүрлі мерекелік шеруге он мың адам қатысты. Бұл күні жиналған халықтың жүздерінен риясыз күлкі көріп, қуаныштың лебін аңғардық. Олар шеруге ерекше дайындықпен келіпті.

Шерушілер Астана көшесінен шығып, Үлбі көпірі арқылы Горький көшесімен өтіп, Республика алаңына жетті. Алаңнан алғашқы болып «Бипек Авто» мекемесінің көліктері жүріп өтті. Ары қарай шеруді облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының ұжымы және Өскемендегі ірі зауыттар мен кәсіпорындар легі жалғастырып әкетті. «Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК», «Қазақстан коммуналдық жүйелері, «Өскемен жылу жүйелері», «Өскемен су арнасы», «Қазақстан теңге сарайының» қызметкерлері мен жұмысшылары алаңмен жүріп өтті. Сондай-ақ шеруге облыс орталығындағы барлық мектеп, университет пен колледж, жекелеген банктер ұжымдары қатысты.

Салтанатты шеру барысында жиналғандарды облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде еліміздің басты байлығы бірлік екеніне тоқталып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты бүкіл әлемге үлгі болып отырғанын атап өтті.

Салтанатты шеруге он мың адам қатысты

– Қымбатты жерлестер! Ынтымақ пен бірлік, бейбітшілік пен келісім салтанат құрған Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі құтты болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, мол бақыт, мағыналы ғұмыр тілеймін. Бүгінде облыста 100-ден астам ұлт өкілі тұрып жатыр. Өңірде 14 Достық үйі жұмыс істеуде. Оның барлығы Елбасының қолдауымен іске асуда. Халықтар арасында орныққан татулық пен достық та Елбасының арқасы, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бұдан соң жиналған қауым этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдар қойған «Бір шаңырақ астында» атты хореографиялық театрландырылған композицияны тамашалады. Қойылымнан кейін өңіріміздің танымал өнер ұжымдары мен күміс көмей әншілері мерекелік концерт ұйымдастырды. Онда Шалқар Мұхамғалиев, Вера Сапутина мен «Экстази» би тобы, «Русский фреш», «Разгуляй» ансамбльдері, «Найман» триосы, «Made in kz» мен «Инкорро» вокалдық топтары өнер көрсетті.

Бұл күні мерекелік алаңға жиналған жастар стрит-воркаут ойындарына қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ал өз күшіне сенгендер қол күрестіріп, арқан тартысты. Әдеттегідей Республика алаңында халық назарына қолөнер шеберлерінің бұйымдары ұсынылды. Жерлестеріміз де мерекелік тілектерін білдіріп жатты.

– Қазақ елінде тұрып жатқан барлық этнос өкілін бірлік күнімен құттықтаймын! Ауа райы салқындау болса да, көңіл-күйіміз тамаша. Жүз отыздан астам ұлттың басын қосып, береке-бірлігімізді сақтап отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны, зейнеткер Тамара Федосова.

Бұл күні әуелеген ән мен асқақтай төгілген күй мерекенің көркін одан әрі асыра түсті. Жәрмеңке де қызып жатты. Облыс орталығында өткен бұл жолғы жәрмеңкеге Жарма ауданының кәсіпкерлері келіп, табиғи өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеде саудаланған өнімдердің бағасы базарға қарағанда әлдеқайда арзан болды. Мәселен, жылқы етінің келісі 1400 теңге болса, сиыр етінің келісі 1200-1300 теңгеден саудаланды.

– Жәрмеңкеге 1,5 тонна ет, көкөніс және сүт өнімдерін әкелдік. Жалпы, мұнда ұсынылып отырған азық-түліктің бағасы 15-20 пайызға арзан, – деді аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Нұрғалиев.

Салтанатты шеруге он мың адам қатысты

Республика алаңында робот техникасының көрмесі де өтті. Онда келушілер назарына Назарбаев зияткерлік мектебі және жас техник стансасы оқушыларының қолынан шыққан құлтемірлер ұсынылды. Сондай-ақ «Нұр салауат» жастар ұйымының көрмесі өтті. Сонымен қатар алаңда балалардың интеллектуалдық қабілеттерін дамыту мақсатында IQ тест жүргізілді. Оған 4-18 жас аралығындағы балалар қатысып, бақтарын сынады. Ал түстен кейін дәл осы жерде «Автоэкзотика-2018» көрме-сайысы өтті. Оған қатысушылар «Автодыбыс», «Ретроклассика», «Тюнинг», «Спорт» сияқты аталымдар бойынша сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Кешкісін алаңда қала әкімінің кубогына арналған «Студент көктемінің» гала-концерті ұйымдастырылды. Онда өскемендік студенттер «Үздік вокал», «Оригиналды жанр», «Үздік инструменталдық нөмір», «Үздік шығармашылық нөмір», «Үздік би» аталымдары бойынша өнер көрсетті.

Бірлік мерекесі аясында бұл күні Республика алаңындағы субұрқақ салтанатты жағдайда іске қосылды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button