Қоғам

Салт-дәстүр – асыл қазына

Қазақтың салт-дәсүрлері тұнып тұрған тәрбие екені  баршамызға белгілі. «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген аталы сөзді ұстана  отырып, Үржар аудандық орталық кітапханасына қарасты Қабанбай ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Салт-дәстүр асыл қазына» атты дәстүрлі кездесу өткізілді.

Іс-шараға қазақилықтың қаймағы бұзылмаған Қабанбай  ауылы әкімдігінің жанынан құрылған ауылдық әйелдер кеңесінің мүшелері мен  жас келіндер шақырылды. Іс- шарамыздың негізгі мақсаты – ауылдың жас келіндеріне, жастарына ұлттық салт-дәстүрлеріміз жайлы мағлұмат беру,  түсіндіру.

Қабанбай ауылының  көпбалалы әзиз анасы, ұлағатты ұстаз, қаншама білімді шәкірт тәрбиелеген Мәрзия Тұрсынбайқызы: –Қазіргі жастар тұрмақ,  үлкендердің   кейбірі  қазақи  салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты біле бермейді, кінә өзімізден де бар. Оларды әсте сөгуге  болмайды. Бәрі бірдей білмейді  деп айтуға да болмас, кейбір жас келіндер үйдегі аналарының тәрбиесі мықты болғандықтан, көп нәрсені біледі. Үлкендер айтып отырмаса, жастар қайдан білсін? Сондықтан салт-дәстүрлерімізді жастар алдында өзіміз күнделікті ұлықтап отырсақ, жастарымыз да көп нәрсені білер еді, – деді.

Ардагер  ұстаз Оралғайша  Төлеуғазықызы айтып өткендей,  халқымыздың қай дәстүрін алсақ та өнегелік пен  ізеттілікке  жол бастайды. Салт-дәстүрлерімізді жас ұрпақтың бойына жастайынан сіңіру ата-ананың міндеті болу керек. Салт-дәстүрді біліп өскен  ұрпақ, тегін адам болмайтыны белгілі.

Іс-шара барысында Қабанбай ауылдық әкімдігінің бас маманы  Баян  Бөлекбайқызы  қазақ  халқының  өмір  салтына көрік беретін «тұсау кесу» дәстүрі  туралы  кең  мағлұмат  берсе, Бағдагүл   Сәбетқанқызы  оны толықтырып,  «шілдехана»,  «бесік той» жайлы айтты.  Үлкен  әжелердің өкшесін басып келе  жатқан Гүлжан Қасенқызы «құрсақ тойы» жайлы әңгіме қозғады. «Құрсақ тойдың» ене мен келіннің арақатынасын жақсартып, жас  келіншекті қайын жұртымен  жақындатуға тигізер пайдасы зор.

Әрине, шараға қатысқан жастардың білгенінен  білмейтіні көп. Сондықтан жас келіндер осы тағылымды кездесуде көп нәрсе  біліп  үйренді.

– Халқымыздың тұрмыстық тәрбиеге байланысты салт- дәстүр жоралғылары, сәлемдесуден бастап, үлкенді сыйлау, қонақ күту, сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысы  отбасынан бастап,  білім  ордаларында жалғасын табар болса, жоғалып бара жатқан  ұлттық құндылықтарымыз қайта қалпына келер еді, – деді Айжан  Ерназарқызы.

Іс-шараға қатысқан әрбір жанның сөзіне қарап түйгеніміз, «Ағайынға қарап бала өсер, қарағайға қарап тал өсер» деген  сөздің айқындығы. Ұлт тәрбиесінде  алдыңғы толқынның кейінгі толқынның алдындағы жауапкершілігі зор. Өйткені  қазіргі  таңда етек алып бара жатқан ата-баба дәстүрін құрметтемеудің  ең басты себебі, ұлттық құндылықтардың қадірін жете  түсінбеуден  туындауда. Ұлттық тәрбие көріп, ұлттық мүддемен сусындамаған ұрпақ жат мәдениетке бой алдырады.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші,  ұлттық  рухы  асқақ, намысы бекем, қуатты ел боламыз десек, өскелең ұрпақ  тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. Салт-дәстүрін сүйген  жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін,  тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатынына сенімдімін. Сол себепті әкелер, әже-аналар мектебін жандандыруға тиіспіз.

Набира    Қаңтарбаева,  Қабанбай ауылдық кітапханасының  кітапханашысы

Үржар  ауданы.        

Осы айдарда

Back to top button