Қоғам

Салмағы 3 кг бауырсақ пісірді

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай, Катонқарағай аудандық Жастар ресурстық орталығы «Ең үлкен бауырсақ» атты аудандық онлайн байқау ұйымдастырды. Байқауға барлық ауылдық округ тұрғындары мүмкіндігінше қатысып, бағын сынады.

  • Байқауды өткіуздегі мақсатымыз – аудан жастарын қызықтыратын  әртүрлі форматтағы бағдарламаларды өткізу,  ұлттық мерекелерімізді, салт-дәстүрлерімізді ұлықтау, жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеу және ұлтаралық келісімді нығайту. Елдегі пандемия жағдайына байланысты  аталған шараны онлайн түрде өткізуге тура келді. Десек те байқауға қатысуға ниет білдіргендер көп болды. Бұл қуантарлық жайт. Келесі жылы да осындай мазмұндағы байқауларды ұйымдастырамыз деген ойдамыз,  – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Қуаныш Оралұлы.

Байқау шарттары бойынша қатысушылар ұлттық киім киіп үйде  мейлінше үлкен бауырсақ пісіріп, оның салмағын, көлемінің өлшемдерін  видеоға түсіріп,  ұйымдастырушыларға электронды пошта арқылы жолдаған.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды  салмағы 900 грамм, диаметрі 20 сантиметрлік бауырсақты пісірген Жаңа Үлгі ауылының тұрғыны Альфира Құсайынова, екінші орынды  Аққайнар ауылынан  Бақтыгүл Ешекенева  еншіледі.   Оның дайындаған бауырсағының салмағы 1 келі 109 грамм,  көлемі 28 см. болды. Ал байқау жеңімпазы болып,  ең үлкен бауырсақ пісірген тағы бір аққайнарлық  Маржан Төлеуова танылды. Оның бауырсағының салмағы 3 кг 906 грамм болса, диаметрі – 30 сантиметр.

-Байқау болатындығы туралы аудандық Жастар орталығының Инстаграм парақшасынан оқып білдім. Бұрын-соңды мұндай көлемдегі бауырсақты пісіріп көрген  жоқ едім. Ұлттық тағамымызды әзірлеуге онша көп уақыт кете қоймады. Бір кештің ішінде даярлап,  пісірдім. Байқаудың жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. Бұндай байқаулар ұлттық тағамдарымызды насихаттауға көп септігін тигізеді, – дейді байқау жеңімпазы Маржан Төлеуова.

Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері аудан әкімінің дипломымен және естелік сыйлықтарымен  марапатталды.

Тимур Смағұлов

Осы айдарда

Back to top button