Салбурын – мереке ғой саятшыға

Аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығуын Салбурын деп атайды. Мұны аңшылар мерекесі десе де болады. Салбурын – аңшылардың ерлігі мен ептілігін, мәрттігі мен жомарттығын сынайтын ежелгі дәстүр, деп түсініктеме берілген энциклопедиялардың бірінде.
Ертеректе Қасым ханның өзі де мыңдаған салт атты нөкері мен жүздеген тазы итті ертіп, Салбурынға шығып, айлап тау-даланы кезіп, аң-құс аулайды екен. Салбурын дәстүрінің тамаша көріністері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да қызықты баяндалады. Кеңестік кезеңде бұл дәстүрдің аты аталмай, ат мініп, тазы ертіп, аң-құсқа шығу еріккеннің ермегі деп есептелінген. Сөйткен, Салбурын аңшылық дәстүрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырып, таяуда «Адал жол» эстафетасының өкілдерімен бірге Абай еліне де келіп жетті.
Облысымыздың Жарма және Көкпекті аудандарынан бастау алған «Салбурын-18» шарасы Абай елінің тумасы, даңқты балуан, марқұм Мағау Оразбековтің ұлы Қуанышбектің ұйытқы болуымен Кіші Орда бауырында, Рысай көлінің жағасындағы кәсіпкер Жансап Сәдібековтің қонысында жалғасын тапты. Айтулы шараға Аягөз, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Тарбағатай аудандары мен Семей қаласынан, сондай-ақ Абай елінің Архат, Көкбай, Қарауыл, Қасқабұлақ, Құндызды ауылдарынан 60-қа жуық аңқұмар азамат пен олар ерте келген, қасқыр, түлкі алып жүрген 40-қа таяу тазы қатысты.
Жан-жақтан сайланып келген, түз тағысын құтқармай жүрген тазыларын ерткен қатысушылар ішінде небір сайыпқыран бар екен. Мәселен, Жарма ауданынан келген Бауыржан Мағденов деген азамат жуырда Жарық ауылы маңынан Досқара және Аққұс атты тазыларының көмегімен төрт қасқырдың ізіне түскенін айтады. Бір қызығы, сол төрт жыртқыштың екеуі қара, біреуі қызыл қасқыр болып шыққан екен. Бөлек қашқан қызыл қасқырды екі тазының қалай алғанын Бауыржан бауырымыздың өзі қызықтыра баяндап беріп, дәлелі ретінде суреттерін де көрсеткен.

Көкпекті ауылынан келген бірнеше тазының соңғы екі жылда оншақты қасқырды алғаны да жиналғандар арасында қызу әңгіме туғызды.
Өткен жылы «Дидар» газетіне суреті шыққан, жалаң қолмен қасқыр соққан ақсуаттық Нұржан Қайратұлы да ат мініп, тазысын қасқыр мен түлкіге салып жүрген кәнігі аңшы екенін осы жерде білдік.
Абай еліне Көкпекті ауданының Тассай ауылынан арнайы келген, ертеректе атақты Құнанбайға бала болған, кейін Меккеге бірге барған туысымыз Ізғұттының ұрпақтарын осы арадан көру бір ғанибет еді.
Әсіресе, жасы алпыстан асып кетсе де облыс көлемінде тазы тұқымын жаңартып, оны аңға салу әдісін жетілдіріп, қазақтың аңшылық дәстүрін насихаттап жүрген Шапат Дүкенбеков ақсақалды жұрт ерекше сыйлайды екен.
Шапат аға өз сөзінде «Салбурын-18» шарасының Абай елінде өткеніне ризашылығын білдіріп, осы істің басы-қасында жүрген ел ағаларына алғысын айтты.
Ал жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Б.Тәттібеков болса, Абай елінде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Салбурын» шарасына қатысушыларды құттықтай келе, оларға алдағы аңшылық маусымында сәттілік тіледі. Ол, сонымен қатар Шапат Дүкенбеков ақсақалға Абай ауданының 90 жылдығына арналған төсбелгіні тапсырды.

Шара барысында жиналғандар Салбурын дәстүрі туралы ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Көпшілік алдында құндыздылық аңшы жігіт Ұлан Серікханұлы, «Қаламқас» ансамблінің әншілері К.Төлеуханов пен Қ.Қабышев ән шырқап, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады.
Жалпы, ауданда мұндай шара тұңғыш рет өткізілгенімен, оның ұйымдастырылу деңгейі жоғары болғанын айта кеткен жөн. Бұған жерлесіміз Қ.Оразбеков, Қарауыл ауылдық округінің әкімі М.Смағұлов, аудандық статистика бөлімінің басшысы Қ.Жанғалиев, кәсіпкерлер М.Балташев, Е.Сармурзин, Қ.Кәбер, Қ.Өзбеханов және Д.Амангелдіұлы ерекше атсалысқан-ды. Сонымен қатар шараны өткізуде Т.Балтиев, Н.Әкішбаев, Н.Балтақаев, З.Ақшолақов сынды азаматтардың да еңбегі ерен болды.
Ертеңінде, таң бозарып атқанда жиналған аңшылар аттарын ерттеп мініп, тазыларын ертіп Кіші Орда, Үлкен Орданың тау-тасын аралап шығыпты. Сайланған аңшылардың мысы ма, әлде түнімен төңіректі шуылдатқан тазы иттердің даусы ма, әйтеуір біраз дала шарлағанымен салт аттыларға жолыққан аң аз болыпты бұл жолы. Қонақтар бірнеше қоян, қарсақты қанжығаларына байласа, ең сүбелі олжаға құндыздылық Бауыржан Қоңыртаев ие болыпты. Ол Орда бауырынан іліккен қып-қызыл дала түлкісін қазақы дәстүрмен осы шараны ұйымдастырған Мержан Серікбосынұлының қанжығасына байлады.
Сонымен Абай елінде Салбурын деп аталатын қазақтың байырғы аңшылық дәстүріне де куә болдық. Осы дәстүрді өнер деп бағалап, ат мініп, тазы ертіп, қасқыр, түлкі алып жүрген мәрт азаматтардың бар екеніне қуандық.
Енді ауданның әр елді мекенінде «Тазы – аңшылық иті» деген клубтар ашылса, Салбурын дәстүрін жандандыруға жергілікті спорт, мәдениет және білім салаларының өкілдері мен ауыл әкімдері атсалысса нұр үстіне нұр болар еді.
Әсет Медеуханұлы
Абай ауданы.