СпортТОП

Салауатты жандардың мерекесі

Денің сау, денең ширақ болу үшін спортпен айналысқан абзал. Кез келген спортқа қызықпайтын жан жоқ шығар. Жалпы, жұрт бүкіл спорт түрін меңгермесе де, негізін біледі. Соның бір дәлелі жыл сайын өтетін Спорт күні. Салауатты өмір салтына бет бұрған жұрт бұл күнді мереке ретінде қарсы алуды әдетке айналдырып келеді.

Білекті де жүректі спортшылар Өскеменде биыл ашылған Теннис орталығының алдында бас қосты. Шығыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған іс-шарада спорттың әрбір түрі бойынша көрсетілімдер көрерменге ұсынылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Спорттық іс-шараға билік өкілдері мен спортшылар қатысып, жас таланттарды мерекемен құттықтады.

– Бұл – үлкен мейрам. Халықаралық, әлемдік ареналарда өңір атынан ел құрамасы сапында бақ сынап жүрген спортшыларымыз жүлде ала берсін, бапкерлер жұмысына береке тілеймін. Көк туымыз Олимпиада ойындарының төрінен көрінсін, – деді облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков.

Осыдан кейін ортаға спорттық додаларда олжалы оралып жүрген жерлестеріміз шығып, жұртшылықты Спорт күнімен құттықтады. Олардың арасында жуырда ғана жасөспірімдер арасында өткен еркін күрестен Әлем чемпионы атанып келген жерлесіміз де бар.

– Күреспен тоғыз жасымнан бастап айналысып келемін. Елішілік, құрлықтық жарыстарда топ жарып, жүлдегер атандым. Жуырда жаһандық жарыста оза шауып, жанкүйерлерімді қуанта білгеніме өте қуаныштымын. Талмай еңбектенген әр спортшының биік шыңдарды бағындыратыны сөзсіз, – деді Дарын Әскербек.

Іс-шара қонақтарының көбі талапты жастар. Сол бір талапты жастарға жетістікке жетіп жүрген талантты жастардың келіп үміт пен жігер сыйлағаны жұртты қуантып тастады. Осыдан кейін өнерлі жастар өсем деген өркендерге үлгі-өнеге көрсетті. Олардың қатарында шәкірті талай шыңды бағындырған бапкерлер де бар. Спорттық көріністер мен ойындар бірінен соң бірі жалғасты. Спорт деп келген ел ең алдымен дзюдо көріп, одан кейін боксты тамашалады. Спорттық мереке ары қарай карате, футбол, көркем гимнастика, еркін күреспен жалғасты.

Спортшы болудан үмітті жастарға үлгі болсын деген мақсатта жетістікке жеткен жеңімпаздар іс-шараға көбірек қатысыпты. Соның бірі жуырда ғана Түркия төрінде өткен Ислам ынтықмақтастық ойындарында үстел теннисінен қола медаль иеленген Денис Жолудев жұртты Спорт күнімен құттықтады.

– Спорт – денсаулық кепілі делінгенімен, әр адамға жаңа достар табуға себепші екендігін айта кетейік. Бастысы – денсаулық. Спорт саласында тер төгіп жүрген баршаңызға амандық, шәкірттеріңіз жеңістерге жете берсін, – деді үстел теннисінен еліміздің спорт шебері.

Мерекелі күн қарсаңында бірқанша спортшы мен бапкер марапатталды. Солардың арасынан ұлттық спортты ұлықтап жүрген тоғызқұмалақшы, Ұлан ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Бақытбек Оразаманов «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар Рио-2016 Олимпиадасында қола медаль иеленген Денис Уланов және Дарын Әскербек, Денис Жолудев, Игорь Грачевтер алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен бірқатар бапкер мен спорт саласының мамандары марапатталды.

Осылайша, Спорт күні қарсаңында осы салада тер төгіп, еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі бағаланып, марапатталды. Мерекелі күнді көпшілік көтеріңкі көңіл-күйде өткізді.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button