Қоғам

Салауатты жастар көбейді

Салауатты жастар көбейді


Елімізде бұқаралық спортты дамытып, сол арқылы халықтың денсаулығын нығайтуға терең мән беріліп келеді. Бұл жөнінде Елбасының биылғы қазан айындағы Жолдауында да айтылған. Президент тапсырмасын жүзеге асыруда Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ алғашқы лектен көрініп жүр.

Мұны біз университет қабырғасында тұрақты өткізіліп тұратын әртүрлі спорттық шарадан, дәстүрлі турнирлерден анық аңғарамыз. Ал аталмыш оқу орнының атынан республикалық, халықаралық додаларға қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген студенттер қаншама. Ол, әрине, бөлек әңгіме.

– Бүгінгі күні елімізде бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Өскеменді немесе Семейді алайықшы, бүгінгі күнге дейін қаншама спорттық нысан салынып, жұрттың игілігіне берілді. Олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Болашақта тағы бірнешеуі салынады. Қысқасы, спортпен шұғылданам деген жастарға, тек жастарға ғана емес, бүкіл халыққа жағдай жасалып отыр. Елбасы биылғы Жолдауында да спорт пен денешынықтыру нысандарының қарапайым тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Егер осыны мықтап қолға алсақ, 2020 жылға дейін ел азаматтарының кемінде 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады деген ойдамын, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ оқытушысы, белгілі жаттықтырушы Сымбат Бекбосынов (суретте).

Бүгінде университет жанынан құрылымдық бөлімше ретінде спорт клубы ашылған. Оның ішінде 16 секция жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, волейбол, дзюдо, қазақ күресі, қол күресі, президенттік көпсайыс, шағын футбол, үстел теннисі, шаңғы және басқа да спорт түрлерінен ашылған секцияларға 500-ден артық студент қатысады. Олардың қатарында спорт шебері, спорт шеберіне үміткер атақтарына ие жастарымыз көп.

Гүлмарал Тұрғамбекова,
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың
I курс студенті

Осы айдарда

Back to top button