Қоғам

Саланы серпіліс күтіп тұр

Саланы серпіліс күтіп тұр


Өңір экономикасының тұрақты дамуына металлургия саласындағы жағымды ахуал оң әсер етуде. Өткен жылы қолданысқа берілген Ақтоғай кен байыту кәсіпорнының өзі-ақ біздің өңірді металл өндірісінің көш басына шығарып отыр.

Ақтоғай қазірдің өзінде 715 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жыл соңына дейін мұндағы катодты мыс өндірісі 20 мың тоннаға жетуі тиіс. Жалпы, кеніште жылына 25 млн. тонна сульфид кенін, 12 млн. тонна тотыққан кенді өндіруге мүмкіндік бар. Кен орнындағы мыс қоры 5,8 млн. тонна болса, молибден қоры 115 мың тонна деген есеп бар. Бұл байлық металлургтер үшін кемінде 50 жылдың «азығы» деген сөз.

Араға жылдар салып Бақыршықтың алтыны да игеріле бастады. Ресейлік «Полиметалл» компаниясы бұл кеніштен жылына 10 тоннаға дейін алтын концентратын алуды көздейді. Тек биылдың өзінде кәсіпорын өңір экономикасына 50 млрд. теңгеден астам инвестиция құйған.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған инновациялық жобалар аймақтың металлургиясын жаңа деңгейге көтеріп, салаға серпіліс бермек. Бұған дейін біздегі тантал мен титан сынды бағалы металдар дайын құйма ретінде сатылып келсе, алдағы уақытта өнім ретінде өңделіп барып, нарыққа жол тартады.

Өңірлік металлургияның өрісін кеңейтуге бағытталған бұл жобалар «ҮМЗ», «ТМК» және «Казцинк» сынды кәсіпорындардың базасында іске аспақ. Олар: қорғасын мен мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту, «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндірістік қалдық мөлшерін азайту, магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау, титан металын мұнай-газ саласына кіріктіру, титаннан жасанды дене мүшелерін дайындау, хлорлы қалдықтарды заласыздандыру технологиясын әзірлеу жобалары. Байқасаңыз, барлығы да металлургиямен біте қайнасып жатқан жобалар. Әсіресе, Алтайдың бағалы металдарын медицинаға пайдалану жобасы Астана тарапынан да қолдау тауып, бұл жеті жобаға 2,7 млрд. теңге бөлініп отыр.

-Әлемде өндірілетін титанның 25 пайызын, бериллий мен танталдың 30 пайызын біз өндіреміз. Бір сөзбен айтқанда, саладағы көшбасшымыз. Сөйте тұра, аталмыш металдарды дайын шикізат ретінде ғана өткіземіз. Ал сол дайын металды нақты бұйым етіп өткізсек, экономикаға да, өндіріске да пайдасы мол болады. Жеті жоба да уақыт сынағынан өткен, өзін толық ақтайтын жобалар, – дейді облыс әкімі. Өңір металлургиясының келешегі осы жобаларға тікелей байланысты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button