ҚоғамСпорт

Саланы дамытудың жаңа бағыттарын белгіледі

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың қатысуымен өткен онлайн кеңесте футболды одан ары дамыту және оның жұртшылық арасындағы беделі мен қызығушылығын арттыру жайы талқыланды.

Шығыс Қазақстанның өңірлік футбол федерациясының белсенділері қатысқан шарада сөз алған облыстық Футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Әділханов әріптестері атынан Әділет Бәрменқұловты жаңа қызметімен құттықтады.

– Онлайн кеңес өте қызықты болды. Шара барысында көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтар талқыланып, жан-жақты қаралды. Футбол спортының көпшілік арасындағы танымалдылығын одан ары арттыру және оны жастар арасында кеңінен насихаттау жайы да айтылды, – дейді Оралбек Әділханов.

Жалпы, бұл жолғы шараға Шығыс Қазақстан облыстық футбол ассоциациясының президенті Владимир Головатюк, футбол федерациясының қызметкерлері, «Алтай» кәсіби футбол клубының спорттық директоры Вячеслав Федоров, Футбол орталығының өкілі, сондай-ақ басқа да спорттық қауымдастықтар мен нысандардың қызметкерлері қатысты.

Еліміздің футбол спорты саласында ойып тұрып орын алатын шығысқазақстандық спортшылар онлайн кеңес аясында қазіргі жетістіктерімен қатар, бірқатар проблемалық мәселелерді де қозғады. Атап айтсақ, қаржылық мәселелер бағытындағы жұмыстарды біржақты ету үшін қоғаммен және мемлекеттік органдармен арадағы байланысты жолға қою ұсынылды.

Қоса кетсек, шара барысында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта егжей-тегжейлі талданып, оның негізінде футбол спортын өңірде дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілмек.

Осы айдарда

Back to top button