«Саламатты ана мен бала» акциясы ұзартылды

Көпбалалы отбасылардағы аналардың жартысына жуығы және жанұядағы әрбір төртінші бала әртүрлі аурулармен ауырады.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен өңірдегі көпбалалы отбасыларды медициналық тексерулерден өткізу мақсатында 12 ақпанда «Саламатты ана мен бала» акциясы басталған болатын. Алайда бір айдың ішінде барлық көпбалалы жанұяларды толық қамту мүмкін болмағандықтан аталмыш шара 12 сәуірге дейін ұзартылды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының деректері бойынша, өңірде барлығы 26 146 көп балалы отбасы анықталса, олардың 9468-інде кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп бала бар.
Көпбалалы отбасылардың басым бөлігінің әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі төмен, қаншамасы баспанасыз. Шешелері бала-шағаның қамымен жүріп, өз денсаулығына көңіл де бөле алмайды. Осы орайда аталмыш іс-шараның облыста дер кезінде қолға алынғаны қуантады. Соның өзінде төрт және одан көп баласы барлардың барлығы тексеруден өтіп те үлгермей жатыр. Олардың жартысы, яғни 5149 отбасы медициналық, диагностикалық тексерулерден, диспансеризациядан өтіп, әртүрлі кеңестер, нұсқаулықтар алды. Бұл отбасыларда дәрігерлер барлығы 4 198 ана мен 13 662 баланы жан-жақты тексерген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың берген мәліметтеріне сүйенсек, аналардың 40 пайызында немесе 1710 әйелде әртүрлі дерттердің белгісі анықталған. Алдыңғы орында маусымдық вирустық жұқпалармен байланысты тыныс алу жолдарының ауруы тұр. Екінші орында гинекологиялық дерттер тіркелген. Тағы бір бөлігінде бүйрек және несеп жолдарының қабынуы, қан айналымының аурулары анықталған.
Ал балаларға келсек, тексерілген 13 662 баланың әрбір төртіншісінің (3 214) денсаулығынан кінәраттар табылды. Бірінші орында суық тию, одан кейін фарингит, тонзиллит сияқты мұрын, тамақ, құлақ аурулары,тері мен жүйке жүйесінің аурулары кездеседі.
Акция барысында ана мен балалардың дерттері анықталып қана қоймай, оларға амбулаториялық ем-дом тағайындалып, сауықтыру шаралары да көрсетілді. Мысалы, 22 ана мен 101 бала аурухана жағдайында емделсе, 1 688 ана мен 3 313 балаға дәрігерлердің әртүрлі кеңестері берілді.2 650 ана мен балағапсихикалық-әлеуметтік қызмет көрсетілді.
-Сонымен қатар емдеу орындарына акция аясында тексерілу үшін үш балалы отбасылар да келген, олардың ешқайсысына қарсылық көрсетілмей, барлығы қабылданды. Құрамында учаскелік дәрігер, психолог, әлеуметтік қызметкер бар бригадалар өздері келуге мүмкіндіктері болмаған жанұяларға барып, үйлерінде тексеруден өткізді. Соның нәтижесінде көпбалалы отбасыларының басқа да әлеуметтік проблемаларын анықтауға мүмкіндік туды, – деді салалық басқарманың басшысы Марат Шоранов.
Бір айдағы медициналық тексеру қызметтеріне 400 млн.теңге қаражат жұмсалыпты. Ана мен балаларға арналған чек-аптарға (тексерілу қызметтерінің жиынтықтары) тар шеңберлі мамандардың кеңестері, зертханалық, ультрадыбыстық және сәулелі диагностика, психопрофилактикалық көмек кіреді. Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, бұл сома кепілдендірілген тегін медициналық қызметтің шеңберінде бөлінген. Акцияны тағы бір айға ұзартуға байланысты бұл көрсеткіш 1 млрд.теңгеге дейін өседі.
-Алдағы уақытта мұндай акцияларды жылына кем дегенде екі рет өткізіп тұру жоспарланған. Сондай-ақ барлық емдеу мекемелерінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, ардагерлер және басқа да нашар қорғалған тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшінәлеуметтік терезерлер жұмысын ұйымдастырамыз, – деп жалғастырды Марат Едігеұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова акцияның негізгі мақсаты көпбалалы жанұя мүшелерінің денсаулығына қатысты проблемаларды анықтап, оларға қолдау көрсету болғанын атап өтті.
-Көпбалалы отбасылардағы басқа да әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар көп жағдайда олардың денсаулығын ысырып, екінші кезекке қойып тастайды. Алайда өз денсаулығы үшін ынтымақтастық жауапкершілік болу керек, біз тұрғындардың назарын осы мәселеге бұрғымыз келеді. Қазіргі таңда облыс әкімдігі көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайының интерактивті картасын толтыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәліметтер тұрғындарды үй-үйді аралап жиналады. Бірінші сәуірге дейін аяқтаймыз. Ал үлгермей жатқан ана мен балалар осы бір айдың ішінде тұрғылықты жеріндегі емханаларға келіп, тексерулерден өтулері тиіс, – деп қорытындылады Әсем Нүсіпова.
Айна Ескенқызы