Қоғам

Сахнадан жанға шипа тапқандар

Сахнадан жанға шипа тапқандар


Адам қай кезде ән айтып, би билейді? Әрине, жүрегін шаттық кернегенде. Психологтар да оның көңіл-күйге оң әсері барын айтады. Жабырқап, көңіл-күйіңіз болмай жүр ме? Қолыңызға микрофон алып, ән айтыңыз! Жан сарайыңыз ашылары сөзсіз. «Жүрек жылуы» фестивалі қатысушыларының «Ән – көңілдің ажары» екендігіне көздері әбден жетті. Зырян ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шығармашылық кеш алғаш рет 2013 жылы «Горняк» мәдениет үйінде өткен болатын. Бүгінде жергілікті халықтың қошеметіне бөленген шығармашылық фестиваль өзінің алғашқы мерейтойын атап өтуде. Бұл фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Әнім саған арналады, Қазақстан!» деген ұранмен ұйымдастырылып отыр.

– Іс-шараға өз ісінің нағыз шеберлері, вокалистер мен бишілер қатысады. Олар – Зырян ауданының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернатының, Серебрянка қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері. Сондай-ақ өздерінің диагнозын уақытша болсын ұмытып, осы қоғамның толыққанды мүшесі екендігін дәлелдеуге мүмкіндік алған кемтар жандар. Біздің сахна небір талантты жандардың жолын ашты, – дейді «Горняк» мәдениет үйінің әдістемелік секторының меңгерушісі Сәуле Жүнісова.

Феситвальға қатысуға ниеттілердің саны жыл санап артып отыр. Сахнаға шығу – олар үшін ішкі қайшылықтармен, сыртқы жағдайлармен күрес арқылы жеткен кішігірім жеңіс. Әрбір сахналық нөмір – әлеуметтік және мәдени қызметкерлердің тынымсыз еңбегінің жемісі.

Ым-ишарат арқылы жүрегімен ән салатын Мария Чуйкинаның, Зырян ауданы арнайы кітапханасының «Бұқтырма дауысы» вокалдық тобының, Жаңа Бұқтырма кентінің «Арманшылар» ұжымының және интернат тәрбиеленушілерінің асыға күтетін тұрақты тыңдармандары бар. Фестивальдың бағдарламасында вокал, би нөмірлерімен қатар театрландырылған көріністерге де орын берілген. Соңғы жылдары мәнерлеп оқуға көп көңіл бөлінуде.

Көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы кітапхананың оқырманы Антонина Тихонова фестивальда Александр Егоровтың «Сұлулық» өлеңін мәнерлеп оқыса, Зырян қаласындағы мүгедектер және қарттарға арналған аумақтық орталығының кішкентай өкілдері Вадим Сайтгалеев пен Света Саватеева ана және мүмкіндігі шектеулі жандар туралы жырларды жатқа оқыды.

– Біз сахнаға шығу үшін ұзақ дайындалдық. Балалар қатты қобалжыды, алайда осы сәтті асыға күтті. Олар үшін сахна – тек өнерлерін көрсету ғана емес, басқа балалармен қарым-қатынас орнату мүмкіндігі, – дейді аумақтық орталықтың әлеуметтік қызметкері Марина Выходцева.

Сахнадан жанға шипа тапқандар

Биыл сахнаға алғаш рет шығып тұрғандардың бірі – өлеңдерімен залды дүр сілкіндірген ақын Владимир Сметанин және Грехов кентінің мүгедектерге арналған оңалту орталығының көмегіне жүгінушілер.

– Орталыққа мүмкіндігі шектеулі жандар облыстың түкпір-түкпірінен келеді. Олардың арасында дарынды жандар аз емес. Оның үстіне орталықта мәдени қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ олармен жұмыс істейтін қолөнер шеберлері де бар, – дейді Сәуле Жүнісова.

Орталықта ем алушылар «Шабыт» фольклорлық тобын құрған екен. Сонымен қатар аягөздік талантты әнші Назым Олжабаева жеке дауыста ән айтты.

– Мұндай фестивальдің барына қуанамын. Әнді бала кезден айтамын. Алайда сахнаға шығып, өнерімді көрсету арманым болатын, – дейді Назым.
Жыл сайын қатысушылар саны ғана емес, оларға қолдау көрсеткісі келетін демушілер қатары да артып келеді. Биыл ерекше өнер иелерін Кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы, Марина Панина бастаған Зырян ауданының іскер әйелдер кеңесі қолдады. Владимир Дериглазов, Нүрила Қадырқанова, Алла Чилимова, Наталья Джафар, Сергей Пекшев, Александр Шалапутов, Ирина Муравьева сынды кәсіпкерлер де қолдарындағы барымен бөліскен.

– Жүрек және жан жылуы – фестивальдің негізгі құндылығы. Алдымызда шынайы әртістер өнер көрсеткендей әсер алдым. Осы шараның ұйымдастырушылары – «Горняк» мәдениет үйіне, кәсіпкерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге алғыс білдіргім келеді. Зыряндықтар – нағыз дархан жүректі азаматтар. Сондықтан да бұл фестиваль дәстүрге айналып отыр, – дейді аудандық мәслихаттың хатшысы Лариса Гречушникова.

Лариса Гречушникова әртістерге диплом мен мақтау қағаздарын табыс етті. Қатысушылардың барлығы демеушілер атынан тәтті сыйға кенелді.

Шара барысында дәстүрлі түрде қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан бұйымдар тамашалаушыларын таңғалдырумен келеді.

– Мен оңалуға барып жүрген Грехов кентіндегі орталықта еңбекпен емдеу терапиясы бар. Сонда алғаш рет капроннан қуыршақ тігіп үйрендім және ол менің қолымнан келді, – дейді Татьяна Носаева.

Тағы бір шебер Танзира Жаман оңалту орталығына Семей қаласынан келіпті. Ол бисермен жұмыс істеуден алдына жан салмайды. Бұл оның – қабілетін шыңдауға көмектесіп қана қоймай, жанын жайландырады екен. Ол шығармашылықтың адамды шыңдайтындығына сенімді.

Оксана Сосновская
Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырыс бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button