Сәметжан салған сара жол

Берікхан Тайжігіт, Аягөз
Ақшатау ауылдық округінде табысты еңбек етіп жатқан шаруа құрылымының бірі – «Саят» қожалығы. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» қағидатын ұстанып, өз алдына жеке шыққанына биыл тұп-тура 20 жыл толыпты. Осы жылдар ішінде Сәметжан Төлеген шағын ғана мал мен мүкәмалдан іргелі шаруа құрылымын түзе білді.
– Әрине, қандай да бір істің басталуы кез келген адамға қиындық тудыратыны рас, – дейді ол, – «Саят» шаруа қожалығы да бірден осылайша төрт аяғын тең басып жүріп кетті дей алмаймын. Қиыншылықтар болды. Алайда бүгінгі күні бәрі артта қалды. Жалпы, біз әу бастан-ақ ешкімге де иек артпай, мал басын көбейтуге ден қойдық. Бүгінгі күні қарамағымыздағы мал саны артып келеді. Малдың қоңданып, өз төлі есебінен өсуі ең алдымен жердің шұрайлығы мен шөптің құнарына көп байланысты ғой. «Жайылымы болмаса мал азады,
Қайырымы болмаса жан азады» деген. Малдың өрісіне көп көңіл бөлеміз. Жайлауымыз осыдан 20 шақырым жердегі Ақ жайлау деп аталатын жерде. Ол жақта 2000 гектардай жайылым жеріміз бар. Жайлау болған соң салқын, шөбі құнарлы, малға өте-мөте сіңімді келеді. Күн ысып, маса, шыбын шыққанша осы жердегі 1000 гектардай жайылым жерімізде отырамыз да бір айдан соң жайлауға шығамыз.
Жалпы, мал өсірудің қыры мен сырына қанық Сәкең онысын балалары мен жастарға айтуға жалыққан емес. Мал баққанға бітетіні рас. Сондықтан оның жағдайы мен күйіне көп көңіл аударған абзал екендігін айтады Сәметжан ағамыз.
Бүгінгі таңда Сәметжан Төлеген жұбайы Раиса екеуі Эльмира, Нұржан, Саят атты балаларды өмірге әкеліп, олардан бірнеше немере сүйіп отыр. Балаларының бос уақытында спортпен шұғылдануға жағдай жасауға тырысатын Сәкең сонау Алматыдан жиен немерелері қыдырып келіп жатса, атқа мінгізіп, серуендетуді әдетке айналдырған. Бұл бір жағынан салауатты өмірге үйрету болса, екінші жағынан кейінгі жастарды төрт түліктің қадірін білуге, атакәсіпке жақын болуға баулу дейді Сәметжан Төлеген.