ТОП

Сәби сүйгім келеді…

Сәби сүю бақыты  бұйырмаған отбасылар да баршылық. Бір шикіөкпеге зар болған жұп үміттері үзілер шақта балалар үйінен перзент асырап алуға асығады.  Оларда  шаңырағымыз тезірек  сәбидің күміс күлкісіне толса екен деген бір ғана арман бар. Бауырына тезірек бала басқысы келген жандар алда кездесуі мүмкін қиындықтарды білмейді, білгілері де келмейді.

Бала асырап алу тек сауапты іс немесе біреулер ойлағандай, романтика емес, бұл – ең алдымен басқаның өміріне деген жауапкершілік, шартсыз махаббат пен төзімділік. Ұзақ жылдар бала көтере алмай келген әйелдер орта жасқа келгенде құндақтаулы нәрестені емес, ес кірген бүлдіршінді, кейде тіпті он жасқа келген жеткіншектерді асырап алуға ниеттенеді. Қорғаншылық органдары болашақ ата-ананың  қалауына  қарсы келе алмайды. Бастысы – асырап алған не қамқорлығына алған баланың құқығы бұзылмауы керек. Соңғы жылдары асыранды баланы жетімдер үйіне қайтару фактілері жиілегеннен кейін  2020 жылдан бастап елімізде баланы отбасына қабылдауға бел буған үміткерлерге асырап алушы  ата-аналар мектебін аяқтап, арнайы сертификат алу міндеттелген болатын. Ондай мектептер барлық өңірлердегі «Ана үйі» қоғамдық қорының жанынан ашылған «Бала асырап алу ұлттық агенттігінде», мемлекеттік балалар үйлерінде жұмысын жүргізуде. Біз бүгін облысымыздағы «Ана үйі» ҚҚ ресурстық орталығының  мамандарымен тілдесіп, осындай мектептердің артықшылықтары туралы сөз қозғамақпыз.

Тірі жетімектер азайды

«Ана үйі» ҚҚ-ның тиімді қызметінің нәтижесінде елімізде тоғыз жылда 5500 сәбидің тірі жетімек атануына жол берілмей, анасымен бірге қалғаны қуантады.  Бұдан бөлек, «Ана үйі» қоғамдық қорының жанынан ашылған Бала асырап алу ұлттық агенттігінің көмегімен осы уақытқа дейін Қазақстан бойынша 1610 бала өз ата-анасын тапты. 3670 адам агенттіктің жанынан ашылған бала асырап алушы ата-аналар мектебінен өткен. «Ана үйі» ҚҚ ресурстық орталығының маманы  Айнагүл Нұртазинаның сөзіне қарағанда, ата-аналар мектебінен өтуге келгендердің жартысы орта жолда шығып қалады екен.

– Әдетте курсқа жиырма адам жазылса, бір-екі сабақтан кейін іріктеліп, шын ниеттері барлар ғана қалады. Уақытында түсініп, шығып кеткендерге тек алғыс айтамыз. Соңына дейін бала асырап алуды жанымен қалаған ең төзімділер ғана жетеді, – дейді Айнагүл Ғалымбекқызы.

Ата-аналар мектебінде сабақтар скайп платформасында, тренинг форматында жүргізіледі.

– Сабақтар интерактивті форматта, яғни, үнемі пікірлермен алмасу, мысалдарды талқылау түрінде өтеді. Ниет білдірушілер күніне үш сағаттан үш ай бойыааптасына бір рет, бұл – онлайн он төрт кездесу, ата-ана болудың қыр-сырын үйренеді, өмірден алынған мысалдарды талдап, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алады. Қазақ тілінде дәріс алғысы келгендерді мемлекеттік тілде оқытатын өңірлерге қосамыз. Сабақ қашықтан оқытылатындықтан, мұның еш қиындығы жоқ, – деп түсіндірді «Ана үйі» ҚҚ ресурстық орталығының психологы Мария Лилисон.

Мария Олеговна орталықта дәріс алған кейбір тренерлер басқа балалар үйлеріндегі осындай мектептерде жұмыс істеп жүргенін айтты. Болашақ ата-аналар мектеп пен тренерлерді өздері таңдай алады екен.

Махаббат жеткіліксіз, төзім керек

Өркениетті елдерде асыранды балаларды балалар үйіне қайтарып беру  үлесі 8% болса, Ресейде бұл көрсеткіш – 10%, Қазақстанда – 18%-ды құрайды. Балақайларды үшінші, төртінші рет қайтарған кездер болған. Мұның барлығы асырап алушы ата-аналардың балғынның тәрбиесімен айналыса алмауынан, қиындықтарға дайын еместігінен орын алады. Өкініштісі, ересектер бұл балаға қатысты нағыз сатқындық екенін, оның жанына жазылмас психологиялық жара салғандарын жете түсінбейді.

«Ана үйі» ҚҚ ресурстық орталығының психологы Мария Лилисон өзі жұмысқа кіргенге дейін бір баланы қайтарып беру фактісі  болғанын айтады.

Бір келіншек алдымен үш жастағы қызды  асырап алып, одан кейін ғана  бала асырап алушы ата-аналар мектебіне сабаққа қатысып жүреді. Курсты аяқтаған кезде психологиялық жағынан әлі дайын еместігін алға тартқан әйел бүлдіршінді қайтарып беріпті.

Айтысына қарағанда, үш жастағы бүлдіршінде энурез (түнде төсекке «жіберіп» қою), тамақты қомағайлана ішу сияқты  «кемшіліктер» болыпты.  Ешкіммен араласқысы келмейді, ер-азаматтардан тіпті қорқады.

– «Жаңа» анасы қызды үйреніспей жатып, балабақшаға орналастырған екен. Балғынды бір қазыналық үйден ала салысымен екіншісіне бере салу – үлкен қателік. Балада асырап алушыларға бауыр басу кезеңі болуы шарт. Ол жарты жылдан бір жылға дейін созылуы мүмкін.  Кейін осы қызды басқа отбасы асырап алды.  Жаңа жанұясы оған бар мейірімдерін төгіп, бауырына басқан соң, қазір жағдайы жақсы, ер адамнан қорқуы да басылған, «әке» дейді, денсаулығы да түзелді. Баламен қарым-қатынасты сауатты түрде қалыптастыра білсе, қайталап асырап алған балақай да  бұрынғы сатқындықты ұмытып, психологиялық жарасынан айығады. Оған уақыт пен төзімділік керек, – дейді психолог.

Мария Олеговна тағы бір өңірде баланы қайтарып берушілер тіпті ақылға сыймайтын себеп айтқанын есіне алды. Олар көріпкелге барып, асыранды баласына бал аштырған  кезде  «Ойбай, мына баладан тезірек құтылмасаңдар болмайды, сендерге көрмегенді көрсетеді» деген болжам айтыпты-міс.

Психолог маман курсқа келушілер тарапынан заңға қатысты сұрақтар жиі қойылатынын айтады.

– Келесі сұрақтар легі – балаға асырап алғаны туралы құпияны ашу керек пе, жоқ па, өзі туған ата-анасындай болуға дайын ба, ол үшін не істеу керек? Осы тақырыптарды курста арнайы талқылаймыз, жеке сағаттар қарастырылған. Бұл жерде біз ата-анаға шыдамдылық танытуға кеңес береміз.  Баланың жаңа отбасына, жағдайға үйренісуі үшін онымен ұзағырақ бірге болуға тырысу керек. Жоғарыда айттым, бір жылға дейін тығыз араласып, үнемі қасынан табылса, араларында бір-біріне деген сенім артады, – дейді Мария Олеговна.

Осы жерде шешілмеген бір түйін бар. Бұл бала асырап алам деген  жалғызбасты аналарға қатысты. Әдетте баламен бір жасқа дейін ғана декреттік демалыс беріледі. Ал кейбіреулер жастан асқан балақайды алса, онда демалыс берілмейді.

– Біз бұл сұрақ заңды түрде шешілу керек деп санаймыз. Заңнамаға бала асырап алушы  жалғызбасты аналарға ғана қатысты «баламен отыратын бір жылдық демалысты баланың жасына қарамастан беру» деген толықтыру енгізілгені дұрыс сияқты. Осыған қол жеткізілсе, баланың жаңа ортаға үйренуі, қалыптасуы жеңіл өтер еді, – деген ойын ортаға салды Ольга Лилисон.

Мамандардың айтуынша, асырап алушы ата-аналардың тағы бір проблемасы – олардың баладан күткенінің орындалмауы. Бала балалар үйіне жағымсыз тәжірибемен түседі. Көпшілігінде генетикалық ауытқулар жоқ, он екі мүшесі сау болса да «психикалық функцияның тежелуі» байқалады. Оның себебі – қасында дамуына ықпал ететін ересектің болмауы. Соның кесірінен балғынның эмоциялық жағдайы, интеллектісі, рухани дамуы бұзылады. Осындай баланы алған ата-аналар «махаббатыммен емдеп аламын» деп қателеседі. Одан басқа тәрбие берудің дағдылары, біліктілік, тәжірибе керек. Ата-аналар мектебі дәл осыларға үйрететін орын.

«Сатқындыққа бара алмадым»

 Айнагүл Нұртазина өз отбасындағы  екі ұлды асырап алғанын ешкімнен жасырмайды. Екі қызды өмірге әкелгеннен кейін  дәрігерлер  Айнагүлге енді сәби сүйе алмайтынын айтқанда, ол ұзақ ойланып, жолдасымен ақылдасып, балалар үйінен бала асырап алуға бел буады. Бұл жерде өз ата-анасы да, қайын жұрты да, туыстары да бала асырап алуға қарсы шыққаны бөлек әңгіме. Ешкімнің сөзін тыңдамай, жолы болып, әлі жөргекте жатқан нәрестені асырап алу бақытына ие болады. «Алланың жіберген сыйы» деп, бар махаббаттарын, мейірімдерін ұлдарынан аямайды. Содан ол бала онға келгенде теледидардан «Дорога домой» деген бағдарламадан тағдыры қиын он жастағы тағы бір ұл баланы көріп, жүрегі ауырады. Ақыры күйеуіне айтып, «отбасымызға алайық»  деп қолқа салады. Ол кісінің де жүрегі жұмсақ. Бұл жолы есейіп қалған қыздарымен де ақылдасып, ортақ шешімге келген соң, шаңырақтарына екінші ұлды алып келеді. Осы жерде Айнагүл Ғалымбекқызы жаңа туған нәресте мен есі кіріп қалған баланы асырап алуда үлкен айырмашылық барын алғаш түсінгенін айтады. Екінші ұл – мінез-құлқы қалыптасып қойған жеткіншек. Анасы ішкілікке салынып кетіп, кішкентайынан көп қорлық көрген, алты жасынан балалар үйінде тәрбиеленген. Оны отбасына әкелген соң бұрынғы жаймашуақ өмірлері аяқталғандай болады. Дүкеннен ұрлық жасау, үйден ақша жоғалу, мектепте төбелесу, бұзақылық,  сабақ үлгерімі нашар, басқа да толып жатқан тәртіпсіздіктер қарша борайды. Қанша ашық та сөйлесті, еркелетіп те айтты, нәтиже жоқ. «Енді не істеймін?» деп қорқып кетеді. Ақыры балалар үйінің директорына хабарласып, ақыл сұрайды. Ол кісі «Қандай ортадан келгенін білесіз,  қиын болады, шыдамдылық танытыңыз. Психолог жалдаңыз, мектебін  ауыстырыңыз. Өз балаңыздай көріңіз,  кейде қатал, кейде еркелетіп ұстаңыз» дегендей ақыл айтыпты.

– Қанша қиналсақ та, қайтарып беру туралы ойлағам жоқ. Ол нағыз сатқындық болар еді. Онсыз да анасынан тірідей бір айырылған баланың жүрегіне екінші  жара салсақ, кім болғанымыз? Өмірге, адамдарға деген сенімі мүлде жоғалмай ма? Оңай болды деп айтпаймын, бірақ келесі он жылда ол біздің отбасының ең сүйікті мүшесіне айналды. Қазір әскерге де барып келді. Үй шаруасына да икемді. Өте сүйкімді, тәрбиелі жігіт болып қалыптасты. Егер сол кезде бүгінгідей бала асырап алушылардың мектебі болса, мен көп сұрақтарыма жауап табар едім. Осындай мектептің қажеттілігін мен өз басымнан кешірдім, – дейді Айнагүл Нұртазина.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button