Бағзы заманда ұлтымыздың бай-мырзалары, хан, сұлтандары қызын сайыпқыран садақшы мергенге ғана берген және қалыңмалсыз берген. Неге балуанға емес, неге сал-серіге, батырға, басқаға емес, неге тек cұрмергенге берген? Оның қандай құпиясы бар? Ұлттық құндылықтарымыз ортамызға оралып, садақ ату спорттық өнерге, сәнге айналып жатқан кезде Өскемендегі «Keremet sadaqaty» орталығына барып, садақ атудың қырына, сырына, тарихына үңілдік.
Хандар қызын неге мергенге берген?
Балуан, алып күштің иесі болу аса қиын емес, оны жаттыққан, денсаулығы мықты кез келген адам меңгере алады. Бірақ сол балуан, сол батыр эмоциясын ұстай алмайтын ашушаң адам болып шығуы мүмкін. Тек мерген ғана сабырсыз, төзімсіз болмайды. Ондай болуы мүмкін емес. Өйткені аттың үстінде шауып келе жатып, жауға жайдың оғын дөп тигізу миының бүкіл бөлігі жұмыс істейтін, эмоциясын уысында ұстай алатын мыңнан бір кісінің, рухы мықты садақшы мергендердің ғана қолынан келеді. Хан, сұлтандар осыны білген. Сол себепті патшалығын да, қызын да ондай адамдарға еркін, қорықпай тапсырған. Түркі елінің садақшы, этнографы Ирфан Гүрдәл түркі жұртының, қазақ ұлтының ұлы қаруы болған – садақ пен жебе жайында, құралайды көзге атқан садақшы мергендері туралы дәл осылай депті. Көшпенділер тұрмысында мергеннің орны қаншалықты биік болғанын қазақтың көне жырларынан да бағамдаймыз.
Анталап келген жауды алдымен қазақтың осындай мергендері, жаужүрек садақшылары қарсы алып, жарты шақырымнан, 500-600 метр жерден жусатып отырған. Осындай оқ бораннан аман қалғандарымен қоян-қолтық шайқасып, найзамен түйреп, қылышпен шауып, аттан құлатқан.
Ата-бабамыздың, қазақтың ұшқыр садағы, жүйрік аты мен жаужүрек мерген, батырлары талай жаудың бетін қайтарып, мысын басты. Жазушы, зерттеуші Қойшығара Салғараұлы өз еңбектерінде ғұндар аса қуатты ысқырғыш жебесі бар садақ қолданып, жауының үрейін ұшырғаны жайлы жазады. «Жау аспанына жайдың оғын жаңбырша жаудырып, ең алғашқы ысқырма оқты Ғұн ұлысын құрушы Мөде қаған ойлап тапқан деседі» дегенді айтады орыс этнографы Константин Куксин де. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда көшпенділердің хан династиясымен шайқасып жатқан кезінде жауынгерлері осындай ысқырма оқтарды мыңдап атқанда аспан да сарнап, зарлап кететін көрінеді. Жау аттары мұндай дыбыстан үркіп, мөңкіп, өз әскерін таптаған. Көшпенділер садақтың ысқырма оқтарының дауысын өз аттарының құлағына құлын кезінен қанық қылып, қорықпайтындай етіп үйреткен. Жау ысқырма оқты «зарлауық жалмауыздар» депті. Көшпенділер садағының оғын алғашқы баллистикалық зымырандарға теңеп жатқандар да бар.
Балаларымыз бет бұрды
Зайсан ауданында, Шіліктіге бара жатқан жолда 1868-1869 жылдары Сауыр мен Маңыраққа баса көктеп кірген жоңғарларды екі таудың бөктерінде баудай түсірген 18 жасар садақшы Жәнделі Есенқұлқызының есімімен аталатын «Жәнделі сайы» деген сай бар. Бес жыл бұрын осы жерде Жәнделіге арналған ескерткіш орнатылды. Жәнделідей қазақтың мерген қыздарының көп болғанынан жауларымен шайқасып өткен көшпелі халқымыз ер баланы ғана емес, қызды да жастайынан садақ атуға баулып, елін қорғауға тәрбиелегенін ұғамыз.
Ерте кезде ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған садақ ату мен мергендік өнерге балаларымыздың, қазіргі жастарымыздың қайтадан бет бұрып жатқаны қуантады. Қазақтың бес қаруының бірі – садақ ату, мергендік өнері ұмыт болып, ғасырлар қойнауында қалып кеткенімен, санадан өшпепті, жадыдан көшпепті. Жаңару мен жаңғырудың құтты бастауына айналған Наурызбен бірге жыл өткен сайын осынау ұлттық өнеріміздің мәртебесі мен маңызы арта түсуде. Облысымыздың бірнеше аудандарында шағын болса да садақ ату үйірмелері, мектептері ашылуда. Көшпенділерге тән садақ ату әдісін шығыс, Өскемен жұртына үйретіп, насихаттап жатқандардың бірі – Өскемендегі «Keremet sadaqaty» орталығы. Былтырғы қыркүйекте ашылған орталықта қазір мектеп оқушыларын садақ атуға баулитын үйірме де жұмыс істеп жатыр.
–Садақ атудың бұғанасы беки бастаған жас ұрпаққа пайдасы өте зор. Садақты, жебені ұстап, нысананы көздегенде қолың, көзіңмен қоса ағзадағы барлық бұлшық еттер жиырылып, жұмылып, жұмыс істеуге кіріседі. Садақ ату баланы, жастарды көздеген мақсатына жетуге талпындырып, бойындағы табандылық, жігерлілік қасиеттерін ашады. Сонымен қатар садақ ату көңіл күйді көтеретін «антистресс» құралы. Мазасыз ойдың жетегінде жүрген адам қолына садақ ұстағанда жігерленіп, ауырлықтан арылып, жеңілденіп, сергіп қалады, – дейді «Keremet sadaqaty» орталығының иесі, садақ атудың шебері Бибати Тұрымтай. Шебердің төрт баласының ортаншысы төрт жасар ұлы да садақ атуға аса құмар. Орталықтан шықпайтын көрінеді. Дегенмен аналары мергендік өнерден балаларының бәрінің де құр алақан болмағанын қалайды.
Дәстүрлі, кәсіби садақ атуда кез келген нысанаға ішкі түйсік пен қол мергендігінің үйлесімі аса қажет екендігін ескертті шебер, қолымызға садақ алған бізге. Әуелі өзіңе сенімді болуың керек, садақ жебесін кеземес бұрын бар ойыңды оқтың дөп тиюіне бағыттап, нысананы ойша атып түсіруге талпыну қажет.
Мұнда келуші оқушы ұл, қыздар жаттығу садақтарымен дайындалады. Олардың тартылу күші 15-20 келі шамасында. Ересектер 25-28 келілік садақтармен атады. Орталықта кәсіби садақшылар үшін де арнайы топтар ашылған.
Орталықтағы садақтар моңғол, татар, қазақ садағы деп түр-түрге бөлінеді. Келушілерге қолайлы болу үшін осылай садақтың бірнеше түрі қойылыпты. Қорамсаларымен қатар тұр. Әркім өзіне ыңғайлысымен үйренеді. Бибатидің өзінің садағы Түркиядағы «Кескін» фирмасында шығарылыпты. Шебердің оқушылары да осы фирманың садағымен үйреніп жүр. Садақ нарығының көшбасшысы болып отырған аталған фирманың өнімдері қай жағынан да қолайлы көрінеді. Түркиядан тапсырыспен алдырғанда бір садақтың бағасы 130 мың теңгедей болады.
Бибати қала тұрғындары мен қонақтарының ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында садақ атуға бірінші рет келгендердің арасында да маусым сайын жарыстар ұйымдастырылып келе жатқанын айтты. Өмірінде садақты қолына алғаш рет ұстаған үлкен, кіші де өзара жарысқа түсіп, мергендікке машықтанады. Садақты бірінші рет көріп, атып тұрғандардың ішінен де жүлдегерлер шығып, осының өзі оларға үлкен құлшыныс, мотивация беріп жатады. Мергендікті, ұлттық өнерді насихаттау, орталықтың жұмысын дамыту мақсатында мұнда кәсіби садақшылар арасында жиі-жиі жарыстар өткізіліп келеді. Жүлдені өздері тігеді. Қасиетті Рамазан айында да «Keremet sadaqaty» орталығы садақшылар арасында сайыс ұйымдастыруға ниеттеніп отыр. Мамырда Стамбұлда Фетих кубогы дәстүрлі садақ ату жарысы өтеді, қазір Бибати жолдасы Нұрболат екеуі соған дайындалуда. Сәті келсе, қыркүйекте Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысу, тамашалау да жоспарларында бар. Облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар мен сайыстардың бәрі Бибатиді шыңдап, шынықтырып келеді. Былтыр ғана Бозанбайда ұйымдастырылған облыстық садақ ату сайысынан жүлделі бірінші орынды иеленген.
Әлгінде аздап қозғаған садақ атудың ережелеріне қайта оралсақ. Ат үстінде шауып келе жатып жауын көздеген қазақ мергеніне тән садақ ату үлгісі ең епті тәсіл екен. «Бас бармақ» тәсілі. Еуропалық стиль бойынша садақ атқанда жебені сұқ саусағы мен ортаңғы саусақ ортасында үш саусақтап ұстаса, біздің ата бабамыз, жалпы түркі жұрты жебенің қауырсынын бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы қысып тұрып атқан. Бұл тәсіл садақты кез келген жағдайда оңай атуға мүмкіндік береді.
Орталықтағы қалқан – нысана мен садақ атушының ара қашықтығы он, 15, 20, 30 метр деп бөлінген. Садақ атуға алғаш келгендер он метрден атады.
Бибатиге садақ атуға деген құштарлық қайдан келген? Бибатидің әкесі қазақтың «1000 күйі» топтамасына күйлері енген белгілі күйші, тарихшы, жәнібектанушы ғалым Тұрымтай Мүсірбайұлы. Ер Жәнібек батырдың кесенесін көтеруге атсалысқан, «Жармадағы ер Жәнібек» тарихи кітабының авторы. Әке-шешесі Моңғолия елінен 27 жыл бұрын Бибатидің төрт жасында ата жұртқа, Қалбатау ауылына көшіп келеді.
Садақ атуды үйренуге әкемнің тарихты, этнографиямызды зерттеуге әуестігі әсер етті. Баян Өлгей аймағында әкім болып, ұзақ жыл мемлекеттік қызметте істеген әкемнің бір өзінде күйшілік, садақ ату, жыр айту, атқа мініп аң аулау тәрізді ұлы даламыздың, ұлттық болмысымыздың бар қыры, болмысы бар еді. Анамыз жырларды жатқа айтатын. Кішкене кезімізде бірде ағам екеуміздің «пах-пах» деп атысып, «соқыртеке», атыспақ, қуаласпақ сияқты түрлі ойындарды ойнап жүргенімізді көріп, қайыңнан иіп отырып, әдейілеп садақ жасап бергендігі есімде. Кейін өсе келе өзімнің садақ атуға деген қызығушылығым артып, Астана, Алматы қаласында ашылып жатқан садақ ату орталықтарына барып үйрендім. Садақ атумен кәсіби тұрғыда айналысып жатқан, Өскемендегі қаншама садақ атушы мергендерді үйретіп, баулып жатқан Тарбағатайдың тумасы Ерболат Қанафин деген ұстаз ағам садақ атудың шебері атануыма өте үлкен еңбек сіңірді. Қазір өзімнің де шәкірттерім бар. Қаладағы №3 мектепте оқитын Данияр деген шәкіртімнен зор үміт күтемін. Негізгі мамандығым – заңгер, бірнеше жыл әділет басқармасында еңбек еттім. Одан соң тұрмысқа шығып, он жылдай бала тәрбиесімен айналысып үйде отырдым. Осы он жыл бойы қабілетімді ашып, өзімнің бойымдағы, ойымдағы дүниені қайткенде де көрсеткім келді. Былтыр көп ойлана келе садақ атудан жеке кәсібімді ашуға бел будым. Мынау орталық орналасқан ғимарат өзіміздікі. Осында өзіміздің шағын отбасылық бизнесімізді дамытуға тырысып жатқан жағдайымыз бар. «Keremet sadaqaty» орталығымен бірге «Keremet Jihaz» деп аталатын жиһаз өндірісіміз бар. Ашылғанына 16 жыл болған жиһаз өндірісіміз былтыр өңірлік көрмеде облыстағы ең үздік өнімдер аталымының жеңімпазы атанды, – деген Бибати өзінің мергендік өнермен айналысуына, оны бүгінгі күннің сәніне айналдыра алуына жолдасы Нұрболаттың да көп қолдау көрсетіп, жігер беріп, демеп келе жатқанын атап өтті.
Бибати мен Нұрболат сияқты садақ ату өнеріне деген ынтызар жандардың арқасында бүгінде елімізде жыл сайын ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында садақ атудан, жамбы атудан республикалық, облыстық біріншіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Бұрнағы жылы ережесі бекітіліп, садақ ату ресми түрде ұлттық спорт түрлерінің негізгі тобынан орын алды.
2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО кезінде жамбы атудан әлем біріншілігі ұйымдастырылған болатын. Бұл жарыс дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп жатыр.
Қазақстандық гроссмейстермен кездесу
Марқұм әкесі отбасындағы он баласына ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, қазақтың құндылықтарын, қабілеттерін саналарына сіңіртіп өсірмесе Бибати бұл өнерге келер ме еді, келмес пе еді. «Қазағыңа қызмет ет, үнемі дамып отыр, бір орныңда тұрып қалма, біле түс, өркендей түс» деуден жалықпайтын ардақты әкесі қызының бағындырып жүрген белестерін көре алмай кеткенімен оған анасы Самырық куә болып, сүйсініп, ұл, қызының, ұрпағының, халқының тілеуін тілеп отыр. Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары туған жерге анасы мен әкесі балаларымен алдыңғы көш легімен келіп жеткен екен.
Бибатидің садақ ату орталығына жиі келетін қонақтың бірі анасы. Әпкелері мен ағаларының, туғандарының да бас қосып, абыр-дүбір болып, кездесіп, қауышып жататын кең жайлау жері де осы, әдемі, қазақи орта. Жарық та кең садақ ату орталығына келушілер ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, суретке түсетіндей етіліп әдемі фотоаумақ жасап қойыпты. Суретке түстік.
Бір шеттегі үстелдің үстінде шахмат тұр. Текке тұрған жоқ екен. Бибати мерген, садақшы ғана емес, 1-разрядты шахматшы болып шықты. Ол кішкентай кезінен ақыл-ойдың спортымен айналысып, мектеп қабырғасында «шахмат ханшайымы» атанады. 2008-жылы 11 сыныпты бітірер тұста Бибати әйгілі қазақстандық шахматшы, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовпен шахмат ойнап, оны да өзінің талантына тәнті етеді. Бірнеше рет республикалық шахматшылар сайысының жүлдегері атанған Бибатиге осы сайыстар атақты гроссмейстермен шахмат ойнау құрметіне ие болуға мүмкіндік берген. Кездесуде атақты шахматшымен ойынның ең жылдам ойналатын түрі блиц-шахмат ойнаған.
Оқушы кезінде осылай шахмат тақтасында күресіп, ұшқыр ойымен жеңіске жеткен Бибати енді оқтай түзу садақ оғын нысанаға дәл тигізген мергендігімен жұртты таңғалдырып жүр. Таңырқатып қана емес, ұлтымыздың бірегей өнерін дамытып, насихаттап өзінен озар шәкірт тәрбиелеп жатыр. Әр ауданда, әр ауылда, әр мектепте логикалық әрі креативті ойлауға, есеп шығаруға, есте сақтау қабілетін арттыруға, күрескерлікке, ептілік пен күштілікке баулитын бұл екі спорт түрін дамыта түссе, тіпті сабақ, үйірме етіп енгізсе, еліміздің ертеңгі ұландары бұдан көп дүние ұтар еді. Жылдам ойлап, шешім қабылдауға, зейінділікті, миды дамытуға, дүние танымды кеңейтуге, жігерлі, қайсар болуға көмектесетін қос өнердің, қос спорттың тізгінін бала кезінен қатар ұстаған Бибати Тұрымтайқызының талғампаз әлемі оны әлі талай жеңістерге жеткізеріне шүбә жоқ.