Садақ атып, найза лақтырып сайысты
Аягөздегі «Құлагер» сауықтыру кешенінде ұлттық ойын түрлерінен сайыс болып, оны қала жұртшылығы тамашалады.
Аудандық жастар орталығы мен мешіт жанынан құрылған жастар бөлімі бірлесіп өткізген бұл шарада қатысушылар садақ, асық ату, найза лақтыру, аударыспақ, теңге алу, гір көтеру сияқты дәстүрлі спорт түрлерінен сайысты.
– «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында өтіп отырған бұл жарыстың өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор. Мұндағы басты мақсат – жастарға ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен діни әдет-ғұрыптарымызды насихаттау, үйрету, – дейді Аягөз мешітінің бас имамы Думан Сайфуллин.
Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайысты аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі, аудан имамы, мешіт жанындағы ақсақалдар алқасы тамашалады. Арнайы ұйымдастырылған автобус таңертеңгі сағат 9-дан адамдарды тегін тасымалдап қызмет көрсетті.
Жиналған қауым сайысқа қатысушыларға қошемет көрсетіп, қолдау білдіріп, ұйымдастырушылардан болашақта да осындай дәстүрлі спорттық ойындарды жиі өткізіп тұруларын өтінді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.