Сабынды көлдің зерттелмеген құпиясы көп

Өткен жылы қалың жұртшылық ерекше жылы қабылдаған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Қарапайым еңбек адамынан бастап зиялы қауым өкілдеріне дейін баршасына терең ой салған бұл мақала осыған дейінгі бәрімізге таныс «Мәдени мұра», «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының заңды жалғасы десе де болады.
Айталық, мақалада «Біздің жеріміз – материалдық мәдениеттің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», – деп: нақтылай түскен. Шынында да, бұған дәлел ретінде соңғы жылдары өңірімізден табылған құнды жәдігерлер мен тарихи киелі орындарды, өңірде атқарылып жатқан археологиялық жұмыстарды айтар едік. Дейтұрғанмен қазақ даласында құпиясы ашылмай жатқан әлі қанша киелі жерлер мен тарихи орындардың бар екені жасырын емес. Бұл жерлер жан-жақты зерттеп, терең зерделеп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Мәселен, Жарма ауданы, Қызыл ағаш ауылдық округінде Сабынды көл дейтін шағын көл бар. Көлдің орналасқан жері – Құсмұрын тауының батысы. Ал оңтүстігінде Көкжайдақ, Зәңгір төре шоқысы аталатын жайлау бар. Осы жерлердің бәрінде тұнып тұрған зерттеуге тұрарлық сырлар көп. Солардың ішінде біз ерекше тоқталатын – Сабынды көл. Жазылған деректерге сенсек, 1991 жылы Алматыдан археолог М.Оразбаев бастап келген студенттерден жасақталған арнайы топ көл төңірегіндегі обаларға зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Көлдің солтүстік шекарасындағы 27 қоршаудың 15-і қазылған. Қоршаудан екі бүтін қыш тостаған, құмыраның жекелеген бөлшектері, тағы басқа әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар табылған. Кейбір қоршаудан мүрдехана мен шашылған адам сүйектері шыққан. Шамамен, бұл қоршаулар біздің жыл санауымыздан 3500-3200 жыл бұрын тұрғызылса керек. Амал не, бұл игі бастама түрлі себептермен жалғасын таппай қалды.
Екінші бір айтарымыз – Сабынды көл суының емдік қасиеті. Тері ауруларымен, оның ішінде бөртпемен ауыратын адамдар суға жуынса, дертіне шипа тапқан. Ертеректе колхоз, совхоздың қойшылары жазда отар-отар қойды көлге тоғытып алатын. Тоғытқан малдар қыста қотыр болмайтынын көрдік. Ол кезде, 1950 жылдары шаруашылықта мал тоғыту пункті болған жоқ. Бір қызығы, Сабынды көлге келіп емделушілер күні бүгінге дейін үзілген емес. Көлдің суы ақ көбіктеніп толқып жатады. Шығыс жағалауы қалың қамысты, батпақты келеді. Емделушілердің көбі осы майлы батпақты ем үшін пайдаланады. Сол сияқты көлде сүлік те бар көрінеді. Кәдеге жарата білсек, сүліктің де шипалық пайдасы ұшан-теңіз.
Иә, шыны керек, Жарма өңірінде киелі орындар, жанға шипа өзен-көлдер баршылық. Біздің тілегіміз Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай Сабынды көл сияқты қасиетті жерлерді тереңірек зерттеп, ел игілігіне жаратса дейміз. Көлдің маңындағы қорымдарда археологиялық қазба жұмыстары жалғасын тапса, көл суының емдік қасиеті ел кәдесіне жараса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мәуітқазы Зүкенов,
ардагер журналист.