Сабантойға Татарстаннан да қонақтар келді

Сабантой татар халқының егін бітік шықсын деген тілекпен атап өтетін көктем мерекесі. Биыл да татар халқының ұлттық мерекесі – Сабантой облыстық деңгейде ерекше аталып өтіліп, оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қатысты.
Сабантойға Бесқарағай, Бородулиха аудандарымен қатар, Ресейдің Қазан қаласынан да татар ағайындар келіп қатысты. Атаулы мерекеде татар халқының ән-жырлары шырқалып, ұлттық ойындарынан сайыс өтті. Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, даңқты спортшы Ром Ильматовтың, еңбек ардагері Рашида Ашрафқызының айтуынша, татарча курәс – бабадан балаға мұра болып келе жатқан ойындар. Ұлттық ойын демекші, бағанға өрмелеп, баған басындағы сый-сыяпатты алу кешке дейін жалғасты. Сондай-ақ демеуші Рафаил Хазиповтың ұйымдастыруымен татар палауы фестивалі өтіп, семейліктердің барлығы да дәм татты.
Ресей Федерациясының Өскемендегі бас консулдығының атташесі Андрей Ханов, Татарстанның халық әртісі Резеда Тухватуллина және халықаралық конкурстар лауреаты Александр Игнатьев Сабантойдың құрметті қонақтары болды. Татарстанның Президенті Рустам Миннахиновтың Семей татарларына жолдаған құттықтауын Сабантойда Қазаннан келген татар ағайындар оқыды.
Сабантойда татар орталығының ұйымдастыруымен ұлттық тағам «Чак-чакты» ең тәтті, дәмді етіп дайындағандардың арасында конкурс өтіп, қорытындысы шығарылды. Әділқазылар алқасы ең дәмді «чак-чакты» таңдады. Десек те, барлық қатысушылар жоғары марапаттарға ие болды. Себебі әркімдікі таза еңбек екені көрініп тұр.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова он қолынан өнер тамған аспаз келіншек, Гран-Приді жеңіп алған Диана Измайлованы, ал тағы бір татардың өнерлі қызы, бірінші орынды иеленген Фания Каримованы құттықтап,жылы лебізін білдірді. Оларға татар халқының ұлттық тағамын қастерлеп, конкурстың ерекше деңгейде өтуіне атсалысқандықтары үшін ризашылығын білдірді
Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев елімізде тұратын ұлттар мен ұлыстар бірлігінің әрқашан алғы орында екендігін атап өтті.
– Ынтымақ-бірлігі жарасқан, Абай, Мұхтар, Шәкәрім туған қастерлі өлкеде біз бауырлас татар халқының мерекесін сонау Ресейден,Татарстаннан келген бауырларымызбен бірге тойлаудық. Татар халқының арасынан қаншама таланттар шыққан. Семейдегі мешіт-медреселерді тұрғызған да осы аяулы татар бауырлар. Заманында Құнанбайдың алғызған Ғабитхан молдасы да татар бабамыз. Бейбітшілікке, береке-бірлікке шақыратын бұл мереке біздер үшін аса қымбат,- деді ол.
Мерекеде Семейдегі бизнес және сервис колледжінің студенттері татар ұлттық киімдерінен сән үлгісін көрсетті. Татар ән-жырлары шырқалып, билері биленді. Іс-шараға Ресейден, Татарстаннан келген татар ағайындар қазақ халқына, облыс әкімі Даниал Ахметовке ерекше ризашылықтарын білдіріп, Сабантой жоғары деңгейде өтті деп бағалады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.