Сақ жүрсең сау боларсың
COVID-19 эпидемиясына қарсы іс-шаралар инфекцияның енуі мен таралуының алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін құрайды. Олардың қатарына бетперде тағу, залалсыздандыру құралдарын қолдану және әлеуметтік қашықтықты сақтау, бөлмелелерді дезинфекциялау, кварцпен залалсыздандыру сияқты сақтық шаралары жатады.
– Эпидемияға қарсы іс-шаралар тұрғысындағы білім деңгейлерін арттыру үшін медицина ұйымдары қызметкерлері мен қарапайым тұрғындар арасында Денсаулық сақтау министрі мен еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бұйрықтары мен қаулыларын талдап, түсіндіру маңызды. Мысалы, қорғану маскаларын кию кейбір респираторлық вирустық аурулардың, оның ішінде COVID-19 таралуын шектеуі мүмкін. Бірақ бетперде тағу қорғанудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз, сондықтан басқа да шаралар бірге қолданылуы тиіс, – дейді облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Гүлмира Сагидуллина.
Медициналық ұйымдарда қызметкерлер бір реттік үш қабатты маскаларды бір ауысымда әр екі сағат сайын ауыстырып, KN-95, FFP2 респираторларын 6-8 сағат қолданады. Осы бетперделерді киюдің өз тәртібі бар. Оны қатаң сақтау қауіпті індетті жұқтырып алудан сақтайтынын естен шығармау керек.
Медициналық маскаларды қалай қолдануға болады?
Біріншіден, бір рет қолданылатын бетпердені бір-ақ рет қолданған дұрыс. Одан кейін масканы ауызды, мұрынды және иекті жабатын етіп кию керек. Бұл жағдайда ол мықтап бекітілуі керек. Егер маскада арнайы қатпарлар болса, оларды ашу керек, ал мұрын аймағында тігілген икемді пластина болған кезде, бетке неғұрлым толық жабысуды қамтамасыз ету үшін оны мұрынның артқы жағына мықтап бүгу керек.
– Бетпердені қолданған кезде сүзгі бетіне қолды тигізбеуге тырысқан жөн. Шешкен кезде де оны тек бауынан ұстап, сыпырып алу керек. Бетіңізге тигізбеңіз және қолыңызды дереу жуыңыз. Бұл вирустың жанасуын болдырмауға көмектеседі, тіпті егер сіз масканың бетіне кездейсоқ тиіп кетсеңіз де аса қауіпті болмайды, – деп ескертті Гүлмира Габдуллақызы.
Маскаларды қалай дұрыс тастау керек?
Барлық медициналық ұйымдарда COVID-19-ға күдікті немесе расталған пациент анықталған кезде пайдаланылған жеке қорғаныш құралдары “В” сыныбының қалдықтары (аса эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде залалсыздандырылуға және жойылуға тиіс.
-Сол себепті барлық бөлімшелерде
“Б” класты, сондай-ақ “В”класты пакеттер мен қауіпті қалдықтарға арналған контейнерлер жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. Ал үйде қолданылған маскаларды (түшкіру және жөтел кезінде қолданылған майлықтарды қоса) бөлек пакетке салып, тығыз және герметикалық түрде жауып, содан кейін ғана қоқысқа тастау керек, – дейді бас дәрігер.
Тұрғындар пайдаланатын маскалар “А” класты медициналық қалдықтарға (аса қауіпті емес медициналық қалдықтар) жатқандықтан олар полигондарға шығарылады екен.
Санитайзерлерді қолдану
Гүлмира Сагидуллинаның айтуынша, медициналық мекемелерде қолды өңдеуге арналған антисептигі бар санитайзерлер ғимаратқа кіреберісте шлюзде, дәлізде, режим кабинеттерінде, дәрігерлердің қабылдау кабинеттерінде, сүзгіде орнатылған. Ал кез келген қоғамдық орынға, дүкендерге кіргенде олар көрнекі жерде орналасуы тиіс. Антисептиктерді пайдаланған кезде қолдың буынына 3 мл-ден кем емес мөлшерде жағып, оны толық құрғағанша теріге мұқият сіңіру керек.
Әлеуметтік қашықтық
Індеттің таралуының алдын алу шараларының тағы бірі – әлеуметтік арақашықтықты сақтау. Вирусты жұқтырған адамнан қаншалықты алыс тұрсаңыз, ауруды жұқтыру қаупі соғұрлым төмен.
– Медициналық ұйымдар ғимаратының кіре берісінде және дәліздерінде қауіпсіз қашықтықты көрсететін белгілер салынған. 1,5 метрден 2,0 метрге дейінгі аралық “қауіпсіз” қашықтық болып саналады. Сондықтан қоғамдық орындарда, дүкендерде, тіпті қоғамдық көлікке отырғанда да мүмкіндігінше осы қашықтықты сақтауға тырысу керек. Бұл күнделікті қауіпсіздік шараларының бірі және сіздің індетті жұқтырмауыңыздың кепілі бола алады, – дейді Гүлмира Сагидуллина.
Айна Ескенқызы