Қоғам

Сақ қорғандарын күреп тастамақшы

Сақ қорғандарын күреп тастамақшы


Бұл өзекті мәселені облыстық мәслихаттың депутаты Қуаныш Сүлейменов көтеріп отыр. Оның айтуынша, қазір Оңтүстік Қазақстан облысынан келген жер қойнауын пайдаланушылар мен жергілікті жерді пайдаланушылар арасында үлкен дау туындап, тіпті тараптар соттасып жатқан жайы бар. Қорымдар Жарма ауданының Шалабай ауылдық округінің аумағында орналасқан.

– Дауға басты себеп, біздің заманымызға дейінгі 7-8 ғасырларға тиесілі археологиялық ескерткіштер болып отыр. Ол жерде ұзын саны 24 сақ дәуірінің қорғаны бар. Егер билік өкілдері дер уақытында араласып, тоқтау салмаса, жер қойнауын пайдаланушылар, яғни өңірден алтын іздеуші компаниялар алдағы уақытта оларды сүріп тастауы әбден мүмкін. Ондай болса, ғасырлар қойнауынан бізге жеткен мол тарихи мұрамыздан бір-ақ күнде айырыламыз. Сондықтан екі жаққа да бейтарап адам әрі депутат ретінде облыс басшылығына, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасына, облыстық жер қатынастары басқармасына, Жарма ауданы әкімдігіне, өзге де құзырлы орындарға осы жайды жеткізіп, қорғандардың сол қалпында сақталып қалуына шұғыл әрекет жасауларын сұраймын. Қажет болса, мемлекеттік тіркеуге алып, қорғалатын аймақ ретінде сақтап қалу үшін қаржы да қарастыру керек, – дейді Қуаныш Серікқазыұлы.

Халық қалаулысының айтуынша, бұл қорымдарды кезінде елімізге белгілі археолог, профессор Әбдеш Төлеубаев ашқан екен. Қазіргі уақытта қорымдарды мемлекеттік тіркеуге алу үшін қажетті құжаттары реттелуде.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button