Қоғам

Сүт сатып, миллионер болған әйел

Үржар ауданы әкімінің есепті жинынан кейін елді елең еткізген, әкімдердің алқауына бөленген Роза Болатханованың шаңырағына арнайы бардық.

Аудан орталығының шет жағынан қоныс тепкен шаруашыл отбасының ауласы сән-салтанатымен көзге түспесе де, тап-тұйнақтай тазалығымен  баурап әкетті. Үржардың қаба жауған қары да бұл аулаға түспегендей. Үш-төрт машина есік алдына еркін кіріп кетті. Ал қаз-қатар байланған сегіз сауын сиырының маңайында көлденең жатқан бір тал шөп жоқ. Малдың асты да тап-таза. Бізді қораға бастап барған Роза апай әңгіме тиегін әлдеқашан ағытып жіберген.

– Өткенде сауып отырған екі сиырым аяқ асты өліп қалды. Сиыр сүзіп жіберген бе, түсінбей қалдық. Мал баққан соң шығыны да болады ғой. Жан аман болса, мал табылар…

Жан демекші, Роза апай күйеуі Елтай Өмірзақұлымен бірге екі ұлын ұяға қондырып, әр ұлынан екіден, үштен немере сүйіп отырған үлкен бір әулет. Бір баласы жотбасымен Ақтау қаласында тұрады.

Әкім есебінде өңір басшысынан енді 20 сиыр алғысы келген сауыншының бір есебі сонда жатыпты.

–  Сыртта жұмыс істеп жүрген балалардан отағасы екеуіміздің табысымыз жақсы болып тұр. Сондықтан балаларды да осы жұмысқа жұмылдырсақ деп едік. Мына тұрған үйді балалар өз қолымен салып алды. Бірақ бұл банктен несие алуға кепілдікке жарамай тұр. Амалсыздан аймақ басшысының көмегіне жүгіндім,  –  дейді сауыншы.

Бұрын аудан орталығының ішкі көшелерінің бірінде тұрған Елтай әулеті, азын-аулақ сүтін күнделікті базарға апарып сатып жүріпті. 2015 жылы аудан орталығынан сүт жинау пункті ашылған соң, Роза бел шешіп кіріскен көрінеді. Бұрынғы үйді сатып, қалашық сыртынан 500 мың теңгеге үйдің орнын алып, жаңа тірлікті бастап кеткен.

«Мал баққанға бітеді» демекші, жылына 38000 литр сүтті өткізу де оңайлықпен келмегені түсінікті. Роза апайдың сауын сиырлары асыл тұқымды немесе сүтті сиырлар деп айтуға келмейді. Ең маңдайы күніне 16 литр сүт береді. «Аққоян» деп аталатын бұл мөшке қазірге дейін сауылып тұр. Сонда қалай табысқа жеткен дейсіз ғой. Бұл жерде балбармақ сауыншыдан бөлек, отағасының да ерен еңбегі жатыр. Еріні аққа тиіп, ақтан ақ-адал нәпақасын тауып отырған жандар сиырларын ауыл табынына қоспайды екен. Ала таңнан алдына сиырын салған отағасы кешкі сауында үйіне бірақ әкеледі. Ал үйде қалған Роза апай артқы шептің жұмысына жауапты. Өнімін өткізеді, үй шаруасы бар дегендей.

– Жазда таңбозынан сиырларымды айдап кетемін. Табынға қоссаң дұрыс сүт бермейді. Жемшөбін бұған дейін сатып алып келгеміз. Биыл алты гектар жер алғам. Бұйырса соған арпа, бидай егеміз деп отырмыз,  – дейді отағасы.

Мұндағы әр сиыр жылына екі-ақ ай демалады. Яғни, әр сиыр туғанына екі ай қалғанға дейін сауыла береді. Ал сауыншыда жыл-он екі ай демалыс жоқ. Дәл қазір алты сиырдан күніне 40-50 литр сүт өткізсе, жаз айларында бұл екі еседен асады. Аталмыш ауданда жаз мезгілінде сүттің литрі 80 теңге болса, қыс айларында сәл қымбаттырақ.

Роза апай өткен жылы ауылшаруашылық күніне орай әкімдіктің сыйлаған сиыр сауатын техникасына дән риза. Сиырлары  да тез үйреніп кеткенін айтады. Туған бұзауларды уызы арылғанша емізеді де, бөліп тастайды екен.

– Ауылда жұмыс жоқ деген өтірік әңгіме. Істесең жұмыс табылады. Тек ұйқыны қию керек, – дейді еңбекқор ана.

Сүт сату ойы сауыншыға аспаннан түспеген. Колхоз кезінде де істеген атакәсібі екен. Тіпті, отағасы екеуі жайлауда мал да баққан. Араға біраз жыл салып барып мал шаруашылығына   қайта көңіл бөліне бастағанда өзіне таныс жолға қайтадан түскен.

– Облыс әкімінің тапсырмасымен 2015 жылы Үржар ауданында сүт қабылдау пункті ашылды. Сол кезде мал ұстайтын ағайындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Біздің бастаманы алғашқылардың бірі болып осы кісілер қолдаған болатын. Содан бері үздіксіз өткізіп келеді. Аудан бойынша ең мол сүт өткізетін де осы ауыл тұрғындары. Күніне 700-750 литр сүт өткізеді. Бұл кісілерден бөлек «Ержан» шаруа қожалығы, Омаров деген сүт өткізушілер  бар. Осылар бүкіл мектептер мен балабақшаларды табиғи, таза сүтпен қамтамасыз етіп отыр, – дейді Үржар ауылдық окургінің бас маманы Әсет Сарқытұлы.

Ауданда аналық сиырдың саны көп болғанымен, барын бағалап, базарға салып отырғаны мардымсыз көрінеді. Сондықтан еңбектенген жандарды елге  үлгі ретінде үздіксіз көрсетіп келеді. Ауылшаруашылық күніне орай сүт өткізуде сүбелі үлес қосқан азаматтар мен азаматшаларды барынша ынталандырыпты. Яғни, біздің бүгінгі кейіпкеріміз түріктің сиыр сауатын апаратына қол жеткізсе, Қабдығали Омаров пен Қайрат Кәленов деген азаматқа тоңазытқыш тарту етіпті. Облыс әкімі алғаш осы салаға баса назар аударған кезде ең бірінші болып сүт жинау орталығын ашқан да осы аудан орталығы екен. Енді міне, аудан, облысқа ғана емес, республикаға үлгі боларлық кәсіпкер азаматшалар мен азаматтар шығып жатыр. Жылына 4 миллион теңге табысты қарапайым қазақтың сауыншы әйелін қойғанда ел алдында жүрген, тепсе темір үзетін азаматтардың өзі табуы неғайбыл. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген даналық осындай еңбекқор адамдарды көріп барып түйген ой шығар.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button