Сүт сапасы сөз болды

Сүт сауу гигиенасы, сүт өнімдерінің тұтынушыға бұзылмай жетуі, өнім сапасының артуы – міне, осы мәселелер облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен өткен кезекті семинар барысында талқыланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласы бойынша халықаралық сарапшысы Евгений Шатохин ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге шағын және қосалқы шаруашылықпен айналысудың тұжырымдамасы туралы айтып берді. Сүтті шикізат түрінде сатудың Кеден Одағы елдеріндегі талаптары жайында сөз қозғаған ол сүт сауудағы гигиена сақтаудың сапаға әсер ететінін де тілге тиек етті. Сондай-ақ семинар барысында сиыр желінінің қабынуы, оны емдеудегі клиникалық және субклиникалық бағыттары да талқаланды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер сүт сауатын құрылғылар, оны сақтайтын ыдыстар мен зауытқа дейін тасымалдайтын көлік жайында тұщымды ақпарат алды.
Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Виктор Шин негізгі назарды селекциялық асылдандыру жұмыстарына аударды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің сарапшысы Ғалиябану Сығаева шаруаларға сүтті бағыттағы мал шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен сүт сатушыларға берілетін жеңілдетілген несиелеу және субсидиялау жайында айтып берді.
– Бұл жолғы семинарға өте көп адам жиналды. Кәсіпкерлер палатасының өткізетін тегін семинарлары уақыт өткен сайын көпшілік арасында танымал болып келеді. Кәсіпкерлер өздерін толғандыратын сауалдарға жауап алып, сиыр табынын жаю жоспарын жасауды үйренді. Сондай-ақ сиыр желінінің қабынуы салдарынан сүт сапасының бұзылуы, сүт сауудағы қауіпсіздік пен мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар жайында хабардар болды, – деді Ғалиябану Сығаева.
«Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бюджеттік бағдарламасының «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қайтарымсыз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» қосымша бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылған семинарға облыстағы 33 шаруа қожалығының, фермерлік шаруашылықтардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен әлеуметтік-азық-түлік корпорациясының 42 өкілі және 20-дан астам мемлекеттік қызметші қатысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы бір ай көлемінде өңірде марал ұстауға, етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға, жылқы шаруашылығына, ірі қараға мал азығын дайындауға қатысты алты семинар өткізілетін көрінеді.
Азамат Темірбеков