Қоғам

Құс өсіріп, пайдасын көріп отыр

Құс өсіріп, пайдасын көріп отыр


Бірде үй-жай, қора-қопсы туралы сөз қозғап отырып, сабыр өз телефонындағы фотосуреттерін көрсетті. Екі қабатты еңселі үйдің ауласы аса тиянақты безендірілген көрінеді.

Қаз-қатар жасалған тауық қоралар мен ондағы сөрелерге қызыға қарағанымды аңғарған ол: «Ой, Беке, бірер күннен кейін сізге ауламның бәрін көрсетем» деп уәдесін беріп қойған. Сол уағдаластық бойынша Сабыр Бөпежановтың ошағына келдім.

Аулаға кіргеннен тазалық пен ұқыптылықты байқайсың. Жеміс ағаштары мен раушан гүлдері жайнап тұр. Қияр, қызанақты аз ғана жерге бойлата өсірген тапқырлығы сүйсінтті. Қақпаның ішінде торға қамалған алпамсадай Тибет иті шынжырын шайнайды.

– Сенсеңіз, интернеттен көрдім, осы иттер 7 мың доллар тұрады екен. Мен күшігінен асырадым. Шайды содан кейін ішерміз. Жүріңіз, мен сізді аралатып көрсетейін, – деп бастап жүрді.

Қаз-қатар тізілген тор ішінде қырғауыл мен бөдененің, жапон, румын фениксі деп аталатын құстардың түр-түрі тұр екен. Оның арғы жағындағы тор ішінде Вергин бөденесінен кейін, құйрықтары қызылды-жасылды болып салбыраған түрлі қырғауылдар жүр. Аттары да қызық. «Лимондық», «Корольдық», «Алмастық» болып кете береді. Ағаш не темір тіректерге үш жағынан сым торларды керіп, тор қораларды осылайша қолдан жасап алуға болады. Түп жақта тақтайдан жасалған сарай. Бұларды жұбымен, үйірімен ұстау керек. Таза, кеңдеу жер талап етеді бұл құс.

Сабыр құс ұяларын аралата жүріп, осының арқасында пайда табатынын айтты.

– Кейбір жігіттер жұмыс жоқ деп босқа сандалғанша, осындай шаруамен айналысса, кәнеки! – деп қойды бір әредікте.

– Мынау «Корейский боец» аталатын төбелесқой әтеш, – деп мойны мен аяқтары ұзын сіңірлі, сарғылт-қызыл қоразды ұстап, бұлшық еттерін қысып көрді.
Қарсы беттегі тор қораларда «Орпигтон», «Кохинфин», «Брамосветлая», «Кучинская» аталатын ірі-ірі тауықтар бірі күнге маужырап мүлгісе, бірі қанаттарын тарап сілкінеді. «Орпигтон» тауығы шынында да, аяқтарына дейін жүндес, ірі болады екен. Сабырдың айтуынша, өзі етті, жұмыртқасы ірі. Әтешінің тірі салмағы 5-7, тауығы 4,5-5,5 келі болатын көрінеді. Жұмыртқасының салмағы – 65-70 грамм. Жалпы, «Орпигтон» аталуының себебі – тұқымды Англиядағы осы аттас қаланың тұрғыны Уильям Кук шығарыпты.

– Мына тұрған «Кохинфин», «Брамосветлая», «Кучинская» тауықтарынан да әжептәуір пайда түседі. Ал бөдене жұмыртқасының адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз, – дейді Сәкең. – Жалпы, асырап отырған құстарым туралы көп оқып, ізденуге тура келді. Мәселен, бөдененің бес жұмыртқасы тауықтың бір жұмыртқасының¬ салмағымен тең, ал құрамындағы ка¬лий мен фосфор¬ тауық жұмыртқасынан бес есе көп. Темір төрт-бес есе, В және В12 витаминдері алты есе артық. Құрамындағы ка¬льций, мыс, кобальт, амин қышқылдары тауық жұмыртқасына қарағанда әл¬деқайда жоғары.¬ Бөдене еті мен жұ-мырт¬¬қасы адам ағзасынан радиацияны да шығарып, қан¬дағы холесте¬ринді төменде¬теді.

Кейбір жігіттерімізге үлгі болып жүрген Сабыр бауырымыздың ұқыптылығы мен еңбекқорлығына тәнті болып қайттық.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button