Қоғам

Құс шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлінсе…

Құс шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлінсе...


Бір кездері шаруасы дөңгеленіп, табысы еселеніп тұрған құс шаруашылығына қазір мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Бұл шаруашылықтың қарқынды жұмысына кері әсерін тигізуде. Аталмыш мәселелер Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде орналасқан «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның жұмысымен танысқан Парламент Мәжілісінің депутаты, ондағы заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Дүйсембиновпен кездесу барысында айтылды.

Құс шаруашылығы өзге шаруашылықтарға қарағанда өзіне бөлінген субсидияларды үнемі ақтап отырғанына қарамастан, биыл субсидия мүлдем аз бөлінген.
– Құс асырауға бөлінетін субсидия көлемі 2015 жылы 18 млн. 2016 жылы 17 млн. теңге болса, 2017 жылы екі есеге азайды. Ал өзге мал шаруашылықтарына бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді. Құс өсіруге салынған субсидия жемісін беріп, өнім өндірісі 186 пайызға көбейіп, құс жұмыртқасы бойынша 59 пайызға өсім көріп отырмыз, – деді «Өскемен құс фабрикасы» АҚ бас директоры Бейбіт Айдаров.

Оның айтуынша, сөзінше, құс шаруашылығына салынған қаражат толығымен ақталып, елдегі құс еті сұранысының 50 пайызын жауып отыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары субсидияны бөлумен облыстық басқармалар айналысатын болған. Бұл әсіресе, шығысқазақстандық құс фабрикаларының жұмысына кері әсерін тигізетін көрінеді.

– Субсидия көлемі «Атамекен» ҰКҚ арқылы нақтыланады. Алайда, біз бір жылдық сұранысымыздың тек 41 пайызын, яғни 345 млн. теңгесін ғана ала алдық, – деді фабрика басшысы.

Айта кету керек, еліміз бойынша ең аз субсидия біздің облысқа бөлініп отыр. Мысалы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысының құс фабрикалары сұраған субсидияларын 100 пайызға, ал Жамбыл облысы 81 пайызға дейін алған.

Сондай-ақ, осы «Өскемен құс фабрикасы» АҚ базасында депутат Берік Дүйсембиновпен кездесу өтіп, онда баспана, жаңадан бітірген мал дәрігерлерін жұмыспен қамту мәселелері де көтерілді.

Фабрика басшылығы бұл мәселені шешу үшін Қайсенов кентінде салынған баспаналарды бастапқы жарнасын азайту арқылы өз мамандарына алып беруді көздеген. Алайда, оған «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» де, өзге банктер де келіспеген.

– Бүгінде қаладан баспана алу үшін жалақың кем дегенде 100 мың теңге болуы керек. Одан аз болса, сенде еш мүмкіндік жоқ. «Ақ жол» партиясы баспана мәселесін бірнеше рет көтеріп, бір кездері болған шағын отбасылы үйлерді салуды да ұсынды, өкінішке қарай, бұл жобамыз іске аспады. Дегенмен, қазір бұл бастамамыз қолдау тауып отыр. Себебі, қалаға енді келген қаракөздеріміздің өзінің баспанасы болуы керек, – деді депутат Берік Дүйсембинов.
Ауылға қызмет етуге баратын мал шаруашылығына тікелей қажетті ветеринар және технолог мамандар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының тізіміне кірмей қалған. Ал бұл мамандық иелерінің жұмысы тікелей ауылдың тыныс-тіршілігімен байланысты. Бұл туралы да жас мамандар кездесу барысында айтты. Депутат айтылған мәселелердің маңызды екенін атап, Парламент Мәжілісінің алдағы отырысында көтеруге уәде етті.

Әмір Қилыбек
Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button