Руханият

Сәкен Сейфуллиннің Үржарға келуі

Биыл еліміз біртуар азамат, ақын, көрнекті жазушы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын атап өтуде.

Халықты білім алуға үндеген, ел үшін аянбай қызмет еткен тұлға өмірінің көптеген қыры белгісіз. Сондай зерттеліп, қағаз бетіне түспеген қызметінің бірі – оның Үржар өңірінде болып, жарты жылдан астам ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгені.

«Қуғын-сүргіннен, аштықтан қалың қазақтың Қытайға ауып жатқан кезі. Сол елді тоқтатпақ болып және колхоздастыруға ұйытқы болуға арнайы келген еді» дейді бұл жайды білетін қариялар.

Сондай қарттың бірі – Бағи Қаспақбаевамен әңгімелесіп, қолындағы осы өңір азаматы Оспанбай Орынтаевтың көне деректерге үңіліп қағазға түсірген мәліметтерін ұсынып отырмыз.

Оспанбайдың естеліктері

1931 жылдың көкек айы, ауыл еңбекшілері жан аямай жұмыс атқарып жүрген шақ. Өйткені артельдің жігіттері мен қыздары биылдың өзінде мектепті, 17 үйді, дүкен мен моншаны, қойманы салып бітіруі тиіс.

Құрылыс бригадирі Сақан Шыңғысбаев, Сатыбалды Сабабаевтарда тыным жоқ. Ал прораб В.Давыдов, оның көмекшілері Нұрсәлім Қайыркөбенов, Қожахмет Баташов, Садық Стамбеков істі басқарып жүр.

Сол жылы күздің бір күні болатын. Адамдар қызу еңбек етуде. Күн еңкейген кез. Аудан жақтан бір пар атты суыт жүріспен келе жатты.

– Бұл кім болды екен? – десті құрылысшылар.

– Е, күндегі көп өкілдің бірі шығар, – деді Қыдырбай Ысмағұлұлы деген палуан жігіт.

Жеккендері екі жирен қасқа ат. Резеңке дөңгелекті жеңіл арба. Божышымен үш кісі. Үй қалап жатқандардың қасына кеп тоқтады. Бірі өзімізге танымал толық денелі, имек мұрын, еңгезердей қара торы кісі. Ол – Үржар аудандық атқару комитетінің председателі Перзадаев. Қасындағы кісі сұңғақ бойлы, иықты, тік денелі, кең жауырын, қара торының көріктісі. Қою имек қасты, қыр мұрын, көзі мөп-мөлдір қарақаттай. Басында пұшпақ бөрік бар. Арбадан түсе бере плащын қолының қырына іліп алды. Бұрын көрмеген адамымыз.

Перзадаевты таныған соң алдынан шығып екеуінің де қолын алып сәлемдестік. Бізбен амандасқаннан кейін үй қалаушылардың қасына барды да:

– Іске сәт, жолдастар! – деді әлгі адам.

Колхозшылар «айтқаныңыз келсін» деп жамырасып қалды.

Перзадаевпен бірге келген адам кірпіш алып, лайын салып, қалап, ырымдап тілегін айтты. Оны құрылысшылар жақсылыққа балады. Қаланып жатқан үйлерді жағалай жүріп көрді де, салынып біткен мектепке бөгелді. Жалпы залын, сыныптарын аралады. Ара-тұра қасындағы колхоз төрағасының орынбасары Жиынбай Жатақбаевтан шаруашылық жайын сұрай жүрді. Мектеп қасындағы балалар бақшасына да бұрылды. Балалар тамақтанып жатыр екен. Астарына үңіле қарап, дәмін татып көрген-ді:

– Үлкен жігіт болыңдар, өркендерің өссін! – деді көрікті адам балаларға қарап.

– Тамақтарың дәмді екен, аспаз кім, қанша бала бар? – деді бақша бастығы Махи Жиенбайқызына.

– 45 бала, тағы келетіндер бар, тағамды көмекшіммен әзірлеймін, – деді ол. Бағанадан өзді-өзі сөйлесіп келе жатқан-ды. Біз де жөн сұрамап едік. Таныстыру осы арада есіне түсті білем, Перзадаев құрылысшыларға бұрылды да:

– Бұл кісі – жазушы әрі ақын, революционер Сәкен Сейфуллин жолдас. Алматыдан келгелі бір-екі күн болды. Ауданды түгел араламақ, алғашқы сапарын осы колхоздан бастап тұр, – деді.

– Бәсе, жақсыда жаттық жоқ, көрмесек те шүйіркелесе кетуінен-ақ осы кісі тегін адам емес-ау деп ойлаған едік, – деді Қыдырбай.

– Бұл колхозды не деп атайды? – деді Сәкен.

– «Ынталы кедей», – деді Жиынбай.

– Шынында, ынталы екенсіздер, – деп күлімдеді ол.

Жол-жөнекей аралап шаруашылықтармен танысты. Сол кездегі көрші отырған «Красные Горные Орлы» колхозы туралы бір жайды айтты да:

– Ол колхоздың атын қазақшалап «Таудың Қызыл Қырандары» деу керек, – деді Сәкен Перзадаевқа.

– Өте орынды айттыңыз, – деді Перзадаев.

Күн ұясына еніп бара жатқанда:

– Есепші бала, сіздің үй осы тұста емес пе еді? – деді Перзадаев.

«Үйге жүріңіздер» деу ойымда болып келе жатқан. Жаңағы сөз демеу болып, «күн кешкіріп қалды, үйге жүріңіздер», – дедім.

Құрметті адамға қошемет көрсетіп, бар мәзірімізбен қарсы алдық. Бұрышта газеттің он шақты саны мен төрт-бес кітап жиналып тұрған. Сәкен қолына алып, көре бастады. Ауыл адамдары, келімді-кетімді кісілер оқығандықтан кітаптар тозыңқы еді, соған қысылып отырмын. Кітаптардың бірі араб әрпімен басылған Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» болып шықты.

– Ә, бала, мына кітапты оқыған екенсің ғой, – деп миығынан күле қарағаны. Арқам кеңейіп, бойым сергіп қалды.

– Бірнеше рет оқыдым, Сәкен аға, – дедім.

– Ол аз. Оқу керек, сендердің оқитын кезің, – деді ол.

– Оқымаймын демейді, жалғыз бала болған соң.., – деп қалды шай жасап жатқан кәрі шешей.

– Шешей, жалғызды оқытса көбейеді, – деп күлімсіреп қарады қарияға Сәкен.

Сәкен ән салуды сүйеді екен де, оны өте беріле тыңдайтын көрінеді. Үйде тұрған домбыраны алып, бір нәзік сарынды баяулата тартып отырды да:

– Ән салып, өлең айтатын ешкім жоқ па? – деді Сәкен.

– Мына кісі ән де салады, домбыраны да тартады, – дедім қасымдағы Жиынбай Жатақбаевты нұсқап.

– Қане, әуелі домбыра тартып жіберші, шабыттана келе ән сап жіберерсіз, – деп оған домбыраны ұсынды.

– Бұл кісі Әсеттің әнін жақсы айтады, – дедім.

– Ендеше, Әсеттің бір-екі әнін айтыңызшы, – деді Сәкен.

Жиынбай «Білімді бикем сүйсем-ау», «Алқарагер», «Смет» әндерін айтып берді.

– Шынында да, үніңіз кең екен, тамағыңызда қоңырау бар, әнді нақышына келтіре айтады екенсіз! – деді Сәкен.

– Әсеттің өлер алдында айтқан өлеңін айтып берейін. Ал Рысқан қызбен айтысын мына бала біледі, – деп мені нұсқады Жиенбай.

– Әуелі Сіз айтыңыз. Оған да кезек келер, – деді Сәкен.

Жиенбай Әсеттің өлер сағатында жазған отыз жолдық өлеңін айтып берді. Сәкен отыз жолдық осы өлеңді блокнотына жазып алды.

– Төраға, мына жігіттердің тәп-тәуір таланты бар көрінеді. Уақытымыз көңілді өтіп жатыр. Әсіресе Әсет жайында бірсыпыра жайды көкейлеріне түйіпті. Осы маңда Қарамойыл деген жер бар ма? – деп сұрады Сәкен.

– Бар. Осы арадан 10-15 километрдей, – дедім.

– Баяғыда, – деді Сәкен, – Қарамойыл деген үлкен жиын болған. Оған арғын, найман, үйсін, жалайырдың игі жақсылары түгел қатысыпты. Абай да келген екен, – деп ұшан-теңіз жайларды ағыта айтты.

Сөйтіп, Перзадаев екеуі ұзақ әңгімелесті, өткен-кеткеннен талай мәселені қозғап, түн ортасы ауғанға дейін отырды.

Қадірменді адаммен болған осы бір кездесу күні бүгінгідей көрініп, оның жарқын бейнесі көз алдымда тұрғандай.

Ертеңінде колхоз кеңсесінде болып, шаруашылықтың әр саласын сұрап, танысты да, жолға шықты.

Міне, мұны тұлпардың ізі қалған жер деп білеміз деп қағазға түсіріпті Оспанбай Орынтаев.

Осы деректерге және басқа да қолжазба мен естеліктерге сүйене келе, Сәкеннің сол қиын-қыстау жылдары біздің өңірде жұмыс істеп, арғы бетке көшіп жатқан қазақтарды тоқтатып, колхоздастыру жұмысына белсене атсалысқанын көреміз. Осыған орай ауданымызда сол кісінің атын есте қалдыру үшін әрі жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету мақсатында ескерткіш орнатып, мұражай ұйымдастырса дұрыс болар еді деп ойлаймыз.

Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button