Қоғам

Сәкен Қасенов, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының меңгерушісі

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы ақынның мерейтойы қарсаңында Абай болмысын әлемге танытуды, Қазақ елі мен Абай ұғымдарын бірегейлендіруді, ұлттық брендке айналдыруды көздейді.      

Президент ақын ұрпақтары оның мұрасына неліктен зәру екендігін бүгінгі заман талаптары тұрғысынан пайымдап көрсетеді. ХІХ ғасырдағы Абай көксеген ағартушылықтың ХХІ ғасырда да бүгінгі мұрат пен мүдде тұрғысынан өзекті екені мейлінше жатық түсіндірілген. Ол – білім беру мен ғылым мәселелері, оны үйрететін ұстаз жайы, бүгінгі күнмен байланысы, қолға алынған дүниелер.

Қазіргі өзгермелі дүниеде жаңғырусыз алға жылжу мүмкін емес. Абай «…кірленген жүрек өзі үшін, жуынбай әсте тұра алмас» дейді. Ал жаңғыру, түрлену үшін әрі сол жолда басқа даңғылға түсіп кетпес үшін ұлтың мен жеріңді Абайша сүйе жүріп даму керексің. Мұны да Президент дөп басып айтады.

Ел басқарудың бір пұшпағында болған Абайдың билік пен жұртшылық ара-қатынасын сараламай кетуі әсте мүмкін емес. Ақынның кемел тұлға мен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман қалыбы туралы ойлары да Қасым-Жомарт Кемелұлының сындарлы ой-елегінен өткен.

Жаңа қоғам жайлы айтқанда ойға Абайдың «толық адам» концепциясы оралады. Президент осыны қарайық дейді. Расында да, Абайдың күллі өмірі мен шығармашылығы «жаңа типті адам моделін» жасауға арналды. «Мен – ескінің арты едім, Ол – жаңаның басы еді» дейді. Ескісі – өзі. Жаңасы – Әбдірахман, оның нәсілдері, яғни біздер. Абай өз уақытында «сүйсінерге тұрарлық» жаңа адам моделін жасауға бет бұрды. Ол үшін әуелі М. Әуезов «программдық» өлеңі деп атайтын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жазды. Бастамасында ілкі «бес жақсы», «бес жаман» қасиеттерді саралап алады. Кейінгі өлеңдері мен жазбаларында (қарасөздерінде) осы ұғымдарды ұдай тереңдетіп, шығыс пен батысқа қатар үңіліп, қазақы танымға ұғынықты асыл адам болмысын қарастырып отырған. Адам болмысының пәлсапалық қырларын негіздеген. Ақжан Машанов «Абайды сіздер ақын дейсіздер, ол – пәлсапашы ғой» дейді екен. Бұл ретте ұлы ақын Әл-Фараби мен Аристотельге дейін барды. Иә, Абайдың адам тануға ұмытылысы қазақ өнері мен әдебиетіне теңдессіз жаңалықтар әкелді. Абай адамның өзін де, сөзін де, заманын да түзетпек болды.

Президент атап көрсеткендей, жаңа технологияға ұмтылу – қазіргі ұрпақтың борышы. Ал ол – ХІХ ғасыр қойнауындағы ақын арманы еді.

Осы айдарда

Back to top button