Құс фабрикасымен Қазақстанға танылған бизнесмен

Бүгінде шығысқазақстандықтарға етене таныс «Аitas» компаниялар тобы бұдан 20 жылдан астам уақыт бұрын темекі өнімдерін сататын «Аitas» фирмасы негізінде құрылған болатын. Кәсіпкер Серік Толұқпаев басқарып отырған «Аitas» холдингінің құрамында қазір «Өскемен құс фабрикасы», «Айтас МП», «Макин фабрикасы», «Сарыарқа құрылыс корпорациясы» сияқты түрлі бағытта жұмыс істеп жатқан он кәсіпорын бар. Компанияда 1400 адам еңбек етіп жатыр.
ӨНДІРІСКЕ ЕЛДЕ ЖОҚ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ЕНГІЗДІ
Кәсіпкер Серік Толұқпаев орта мектепті бітірген соң, 1987 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оқу орнын «Агрохимия және жермен жұмыс істеу» мамандығы бойынша 1992 жылы аяқтап шығады. Катонқарағайдың Белқарағай ауылынан арман қуып астанаға келген жас жігіт әрі қарай ғылым жолына бет бұруға ниеттеніп, аспирантураға түседі. Әкесі мен анасының ауыл мектебінде химик, филолог болып ұстаздық етуі Серікті ілім-ғылымға қарай итермелемей қоймады. Алайда, әкесінің науқастанып қалуына байланысты көп ұзамай оның Алматыдан ел жаққа қайтуына тура келеді.
Дүниенің бәрі қат болып, елдегі өндіріс біткен бірінен соң бірі тоқтап, үлкен дүрбелең болып жатқан 90- жылдардың басында институтты енді бітірген жас жігіт елге оралған біраз уақыттан соң бел буып, біржолата сауда -саттық саласына араласып кетеді.
…95 жылдың қытымыр қысы. Мен мінген «Икарус» Алматыдан шығып, Үшаралға кештете келді. Азынаған автостанцияда дірілдеп отырып автобустың қайта жолға шығуын тағатсыздана күткеніммен көлігіміз орнынан қозғалмайтын болып шықты. Әрі қарай жүруге жол жоқ, боран алып қалыпты. Содан 11 қапшық темекімді құшақтап, әупірімдеп жүріп әрең дегенде Ақтоғайға келдім. Пойызға билет алайын десем, ақшам жоқ. Қолымдағы бар ақшаға Алматыдан темекі сатып алып қойғам ғой. Билет сатушыға екі қапшық темекімді беріп, бір билет сатып алып, Жаңғызтөбеге жеттім келесі күні. Одан әрі Өскеменге дейін бару үшін такси жүргізушісіне тағы да бірер қапшық темекімді беруге тура келді. Мен үшін сол жолы тау қылып арқалап алған қораптарыммен Өскеменге жету бір мұң болды.
Кәсіпкер Серік Толұқпаев Алматы мен Өскеменнің арасында сабылған сол бір шақтарды жиі есіне алады. Таусылып бітпестей болған ол уақыттар қазір өзіне бәрібір қызық болып көрінеді. Өзін шыңдаған да шыжығы көп сол сәттер болатын.
Сауда, қызмет көрсету саласында жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп, шаруасын дөңгелетіп келген кәсіпкердің іскерлігін көрсетіп, еңбекқорлығын елге танытқан жайт -өзі құрған шағын кәсіпорынның «Өскемен құс фабрикасы» АҚ сатып алуы болды. Жаңа иесін тапқан құс фабрикасы айналасы бір-екі жылдың ішінде түбегейлі қайта жаңғыртылып, облыстағы ғана емес, Қазақстандағы ең заманауи деген өндіріс орнына айналды. Құс фабрикасы елімізде жоқ өнім -салқындатылған құс етін шығаруға кірісті. 2012 жылы аймақтың Индустрияландыру картасына енген Өскемен құс фабрикасы жаңа технологиямен құс етін өндіру көлемін жылына 25 тоннаға жеткізді. Келесі жылы компания «АМП» кәсіпорынын-құс етінен жасалған шұжық өнімдерін өндіру зауытын іске қосты. Германия, Ресей, Польша елдерінің алдыңғы қатарлы өндірістік желілерімен жабдықталған шұжық зауытында құс еті мен қызыл еттен жасалған 150 түрлі шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндіріліп жатыр. Шикізат компанияның өз шаруашылығынан -Өскемен құс фабрикасынан алынып отыр.
Бұл күнде «АМП», «Кус & Вкус» белгілерімен шығарылып жатқан шұжықтар мен құс еті, жартылай фабрикаттар облыспен бірге басқа өңірлерге де кеңінен танылып үлгерді.
Компанияның «Защита Уба» ЖШС сол құстарға қажетті азықты, жемшөпті дайындау үшін компания ішінен арнайы құрылған шағын кәсіпорын. Шемонайха мен Глубокое аудандарындағы 12 мың гектар жерге өсіріліп келе жатқан ауыл шаруашылығы дақылдары құстарды құнарлы азықпен қамтамасыз етуге еркін жетеді.
2010 жылдың аяғында ««Аitas» компаниясы облыстағы ең үздік салық төлеуші мәртебесін иеленіп, сол жылдың желтоқсанында құс еті өндірісіне үлкен өзгеріс, жаңа технология әкелген компанияның «Өскемен құс фабрикасы» АҚ «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсының «Үздік азық-түлік өнімі» аталымының жеңімпазы атанып, Елбасы тағайындаған «Алтын сапа» сыйлығын алды. Қазір құс фабрикасында 30 мұздатылған, 32 салқындатылған, 14 жартылай фабрикат құс еті өнімдері өндіріліп жатыр.

АҚМОЛА ЖАҚТА ЖАҢА КӘСІПОРЫН САЛЫП ЖАТЫР
Кенжелеп қалған құс шаруашылығын жеделдете дамытып, құс етін өндіруді жаңа сатыға көтерген бизнесмен Серік Толұқпаевқа 2012 жылы «Құрмет» ордені беріліп, бизнесменге көрсетілген лайықты құрмет оның өзінің, туғандарының, отбасының, үлкен ұжымының да мерейін өсірді. 2015 жылы экономикалық сарапшылардың бағалауымен Өскемен құс фабрикасы жылдам қарқынмен өркендеп келе жатқан қазақстандық 25 кәсіпорынның қатарына қосылды.
Екі жылдан бері «Аitas» компаниясы тағы бір тың жобаны- Ақмола облысындағы Макинск қаласында қуаты 60 000 тонналық құс фабрикасын салуды қолға алды.
-Макиндегі құс фабрикасын 2018 жылдың қарашасында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаға 37 млрд. теңге инвестиция салынбақ. Өткен жылы 2,5 млрд. салдық, биыл 17 млрд. тартылады. Құс фабрикасы жем-шөп қоры жеткілікті солтүстікте орналасқан. Бір келі ет алу үшін екі келі астық кетеді. Шығыс пен солтүстікте өсірілген бидай бағасында 10 пайыз, ал солтүстік пен оңтүстікте 15 пайыз көлемінде айырмашылық бар. Сонымен бірге, біздің жаңа құс фабрикасы Астана, Қарағанды тәрізді ірі агломерацияларға, тұтынушысы көп өңірге жақын болады. Макин қаласында салынып жатқан фабрикаға энергия үнемдейтін құрал-жабдықтар орнатылады, бұл өндіріс бізге құс еті өнімдерінің өзіндік құнын Өскемендегі өндірістен 5-7 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді,- дейді кәсіпкер Серік Толұқпаев жаңа бизнес жобаның экономикалық тиімділігі турасында.
Бүгінде Қазақстанға Ресей мен Беларусь, Америка елдерінен жылына 150 мың тонна құс еті әкелініп жатыр. Солтүстіктен тағы бір құс фабрикасын салып жатқан «Аitas» компаниясының басты мақсаты-шеттен келетін сол құс еті өнімдерін ығыстырып, алмастыру. Компания өз өнімдерін шетке экспорттаудан бұрын ішкі нарықты өзіміздің отандық құс еті өнімдерімен толық толтыруға, қамтамасыз етуге күш салып отыр.
-Қазақстанның ауыл шаруашылығы біздің негізгі бәсекелестеріміз Ресей мен Беларусь елдерінен бес-сегіз жылға артта қалып келеді. Украинадан сегіз-он жылға. Бүкіл дүниежүзі бойынша алсақ, агросекторымыз әлдеқайда артта келеді. Ауыл шаруашылығының ауыр еңбегінен, лас жерде жұмыс істеуден жастар қашып жатыр. Біз өз шаруашылығымызды жүргізуге Ресей, Беларусь, Украина елдерінің мамандарын тартып келеміз. Дегенмен, ақырындап-ақырындап болса да жергілікті кадрларды дайындап, қалыптастырып жатырмыз. Ауыл, қала жастары қай салада жұмыс істесе де еңбекқор болуы керек, еңбек етпей ештеңе өнбейді. Қай мәселені болмасын ақылмен шешіп, ойлап істеу керек. Екіншіден, жеке кәсібімді бастасам дегендер ештеңеден қорықпай, батыл қимылдау керек,-дейді кәсіпкер.
Серік Құлұмбекұлы бизнесін алға бастырумен бірге, оның әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытқан емес. Компания құс фабрикасы орналасқан Қасым Қайсенов кентіндегі стадионды жаңалап, «Өскемен құс фабрикасы ардагерлерінің саябағын» ашты. Сонымен бірге, компания Өскеменнің жанындағы экологиялық бақты көріктендіруді қолға алып, кәсіпкердің туған жері Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылына мешіт салды.
Кәсіпкер төрт бала тәрбиелеп отыр. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген Серік қолы жұмыстан қал еткен кезде отбасымен, кішкентайларымен бірге туған жерінің аршалы тау-тасын аралап, бой жазуды, шетелдерге саяхаттауды ұнатады. Тау шаңғысы, тау-таста мотоциклмен жүру сияқты экстремальді спорт түрлері кәсіпкер үшін жанға ерекше күш сыйлап, сергітетін спорт түрлері саналады.
Жанаргүл Мұқатай