Қоғам

Үржардың елі шырайлы, жері шұрайлы

Үржардың елі шырайлы, жері шұрайлы


Үржар-Барқытбелдің баурайындағы елі шырайлы, жері шұрайлы, қазақтың құт қонған қасиетті өңірі. Ауа райының жайлы, табиғат ерекшеліктері жағынан Алматыға ұқсайтын өңірде дәмі тіл үйіретін апорт алмасы, жемістің түр-түрі өссе, қазір аудан халқы егін егіп, төрт түлік малды маңғыртып бағуда. Барқытбелдің күнгейіндегі ауданның 27 ауылдық округіндегі 55 елді мекенде 78 мыңнан астам халық тұрады, бұл Үржардың шырайлы Шығыстағы ең үлкен аудан екендігін аңғартса керек.

Біз аталмыш ауданды үш-төрт жылдан бері іскерлікпен басқарып келе жатқан тәжірибелі басшы, ауыл шаруашылығының майталманы, «Құрмет» орденінің иегері Серік Зайнулдинмен тілдесіп, аудандағы атқарылып жатқан істер жайында әңгімелескен едік.

– Серік Зинабекұлы, ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы екені белгілі. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Шынында да, аудан экономикасын дамытуда агроөнеркәсіп кешені маңызды орын алады. Мал шаруашылығы мен өсімдік саласына ерекше көңіл бөлудеміз. Үстіміздегі жылдың 1-ші қарашасына дейін аудан бойынша 34 миллиард 30 миллион 500 мың теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Биыл 186 мың гектарға бидай, күнбағыс, соя, рапс, зығыр дақылдары егілді. Оның сыртында картоп, көкөніс, бақша дақылдары да бар, жалпы алғанда әр гектардан бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір артық өнім жинадық.

Жыл басынан бері ірі қара 3265, қой-ешкі 4397, жылқы 1305 басқа көбейді, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары жалғастырылуда. Асыл тұқымды ірі қара малын дамытумен ауданда 12 қожалық, қой шаруашылығымен 2, ал асыл тұқымды жылқы өсірумен 3 қожалық айналысып, бұл бағытта табысқа жете бастады. Атап айтқанда, асыл тұқымды ірі қара 3570, қой 8302, жылқы бір мың басқа өсті. Ауданның 139 шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқаны үшін 124 миллион теңге көлемінде субсидия алды.

Тауарлы-сүт фермаларының саны артады

– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ет өндірісі мен өңдеуді, сүт және сүт өнімдерін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту туралы айтылған. Осы бағытта қандай істер атқарылып жатыр?

– Сүт және сүт өнімдерін өндіру бойынша Үржар ауданының облыстағы үлесі 9 пайызды құрап отыр. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңірге келген сапарында осы саланы дамыту, тауарлы-сүт фермаларын көптеп салуға шаруа қожалықтарын тарту мәселесіне баса назар аударуды тапсырған. Бүгінгі күні ауданда екі сүт қабылдау және өңдеу пункттері ашылып, жұмыс істеп тұр. Т.Ақпеков басқаратын «Арыстанбек-Үржар» серіктестігі былтыр сәуірде сүт қабылдау орталығын ашып, он адамды жұмысқа қабылдады. Мақаншы ауылындағы жеке кәсіпкер Қайролла Нығмет те тәулігіне үш тонна сүтті қабылдап, өңдеуде. Аты аталған азаматтардың іскерлігі нәтижесінде жыл басынан 191 тонна сүт жиналып, ол мектептер мен балабақшаларына, денсаулық сақтау мекемелеріне келісімшарт бойынша босатылды. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша ауданда 200 басқа арналған екі тауарлы-сүт фермаларын ашу жоспарланған. Болатбек Тышанбеков басқаратын «Сағади» шаруа қожалығы 200 басқа арналған құны 254,8 миллион теңгелік тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтап қалды. Ол өткен жылы 9,4 миллион теңгеге Ресейден 47 бас «Симментал» асыл тұқымды ірі қараны өз қаражатына сатып алса, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 20,3 миллион теңге несие алып, электр желісін тартқызды. Мамырбек Қарашев жетекшілік ететін «Юбилейный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осынау тамаша бастамаға үн қосып, 100 миллион теңге өз қаражатына 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастап кетті. Аманшылық болса, оның құрылысы аяқталуға жақын .

Ал «100 нақты қадам» бағдарламасында айтылған мал басын көбейту, бордақылау алаңдарын салу, «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша да ауданда бағытты да бағдарлы жұмыстар атқарылып жатыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде ауданның «Жидебай», «Олжабай», «Ақбота» шаруа қожалықтары 40,7 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, 213 бас ірі қара сатып алды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Шынар» шаруа қожалығы 7,9 миллион теңгеге 304 мүйізді ұсақ мал, «Құлан» бағдарламасымен ауданның алты қожалығы 83,9 миллион теңгеге 330 жылқыға ие болды.

Құс фабрикасы іске қосылса, 817 жұмыс орны ашылады

– Өңір басшысы Даниал Кенжетайұлының тапсырмасы бойынша ауданда тағы бір ірі шара-жылына 30 мың тонна құс етін тереңдетіп өңдейтін фабрика құрылысын салу жөнінде бастама көтерілгені белгілі. Фабриканың қуаты Өскеменнің іргесіндегі құс етін голландық тәсілмен өңдеп жатқан кәсіпорыннан әлдеқайда жоғары болмақ. Ол іске қосылған соң құс еті облысты былай қойып, еліміздің бірнеше өңірлеріне экспортқа шығарылады дегенді естіген едік.

– Болашақ құс етін тереңдетіп өңдейтін кәсіпорынның алдын ала жобалау-сметалық құжаттары, техникалық-экономикалық сараптамасы және бизнес жоспары қазірдің өзінде әзір. Еті тіл үйіретін, тоңазытылған күйде сауда дүкендеріне түсетін бірнеше түрлі құс еті мен шұжық тағамдарына деген сұраныс жоғары болмақ. Келешекте құс етін транзитпен теміржол арқылы көрші мемлекетке шығару да ойда бар. Фабриканың жалпы құны 45 миллиард теңге, ол пайдалануға берілген соң жаңадан 817 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазір аудан әкімдігі ветеринариялық-санитарлық талаптарды ескере отырып құс фабрикасының құрылысын жүргізуге, құстарды жемшөп қорымен қамтамасыз ету үшін арнайы жер телімдерін бөлді.

Сонымен бірге ауданда омарта шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі күні ауданда омарта шаруашылығымен 130 қожалық және жеке адамдар шұғылдануда. 4257 ара ұяларынан жыл сайын орта есеппен 250 тонна сапалы бал өндірілуде. Ауданда бес асыл тұқымды бал өндіретін ұжымдар карпат тектес асыл тұқымды ара өсіруге бейімделді. Аудан қожалықтары қымыз өндіруде де ізденіс танытуда. «Бораш» және «Ақберлі» шаруа қожалықтарының жетекшілері дәмі бал татыған қымызды Алакөлде демалып жатқандарға, сауда дүкендеріне жеткізіп береді.

– Ауыл шаруашылығында мақсатты көп істердің тындырылып жатқанына куә болдық. Шағын және орта кәсіпкерлік сала қызметкерлерінің және инвестиция тарту мен құрылыста қандай шаруа тындырылғанын білсек.

– Шағын және орта кәсіпкерлікпен жұмысқа қамтылғандардың төрттен бірі шұғылданып жатыр. Жыл басынан бері 2 миллиард 598 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Үржардағы «Швабские колбаски» серіктестігі шұжықтың отыздан астам түрін шығарады, оның өнімдерін Астана мен Алматы, Өскемен, Семей қалаларының тұрғындары қажеттілікпен тұтынады. Жыл басынан бері мұнда 224 тонна шұжық шығарылды. «Мәдина» ЖШС-і 88,5 мың тонна тас көмір өндірді. Үстіміздегі жылдың 10 айында ауданда 1179 тонна өсімдік майы, 60 тонна сүт өнімдері, 357 тонна нан-тоқаш, 40 тонна кондитер тағамдары ел игілігіне жаратылды.

Есепті кезеңде ауданда 3 миллиард 947 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды, осы мерзімде 6128 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы апатты жағдайда тұрған үш мектептің орнына жаңа білім ордасы салынды. Үржардағы 320 орындық жаңа мектеп бірінші қыркүйекте шәкірттерге есігін айқара ашса, Қабанбай ауылындағы 320 орындық мектепте балалар білім ала бастады. Алайда, технологиялық құрал-жабдықтардың толық жеткізілмеуіне орай білім ордасы мемлекеттік қабылдаудан өтпей тұр. Жаңа Тілек ауылындағы 320 орындық мектептің құрылысына 245 миллион теңге бөлінді. Ауданда автокөлік жолдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде де алға басу байқалады. Осыдан екі жыл бұрын «Барлық-Арасан-Алакөл» көлі автожолының 15,7-23 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Бұл жұмысты «Семей жолдары» ЖШС-і атқаруда. Жобаның жалпы құны- 418 миллион теңге. Биыл 6,5 шақырымға асфальт төселді. «Мақаншы-Жалаңашкөл», «Таскескен-Бақты», «Мақаншы-Үшарал», «Барлық-Арасан-Алакөл» бағытындағы жолдарға да ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Алакөлді абаттандыруға 500 миллион теңге бөлінеді

– Айдыны шалқар, суы шипалы Алакөлде туризм кластері қалай құрылып жатыр? Күні кеше өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ Үржар ауданына жұмыс сапары барысында Алакөлдің жағалауындағы демалыс аймағын дамыту мәселесі жөнінде алқалы жиын өткізгені белгілі. Сол жайында айта кетсеңіз.

– Бұл жиынға демалыс базаларының иелері, кәсіпкерлер, мекеме басшылары қатысты. Өңір басшысы Алакөлдің ертеңіне алаңдаушылық білдіріп, көл жағасының адам танымастай өзгеруі үшін көп жұмыстар атқару керектігі міндетін қойды. Облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, ол ең алдымен жағалауды абаттандыруға жұмсалмақ. Аманшылық болса, бір жылдан соң облыс тұрғындарының сүйікті демалыс базасында керемет жағажай, демалыс саябағы, Арбат үлгісіндегі көше, автобекет пен 200 көлікке арналған тұрақ бой көтермек. Облыс әкімі жиын барысында мұндағы кемшіліктерді тайға таңба басқандай атап көрсетті, атап айтқанда, жағалаудағы екі жүзге тарта базаның елуге жуығы ғана заңдастырылған, демалыс базасында ешқандай қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған, елдің ақшасын қағып алуды көздегендері көрініп тұр. Енді заңды белден басқандарға қатаң шара қолданылады, алдағы уақытта жер сатылмайды.

Туризм кластерін құру бойынша іс-тәжірибелері мол стратегиялық инвесторларды тарту ойда бар. Мәселен, Алакөл жағалауында іске асырылатын жеке кәсіпкер Д.Асылбековтың жалпы құны 250 миллион теңге болатын «Арасан-Алакөл» демалыс базасы алдағы жылы пайдалануға берілмек. «Керуен демалыс орны» ЖШС-інің басшысы А.Төлеубеков бір жарым миллиард теңгенің демалыс кешенін келесі жылы бастап, оны 2019 жылы іске қосуға уәде берді. Кешенде демалушылар үшін барлық жағдай жасалмақ. Сонымен бірге, тағы бір жерлесіміз «Дега» ЖШС-інің басшысы Дулат Асылбеков Үржар ауылында көпатқарымды туристік кешенінің құрылысын былтыр бастап кеткен болатын. Демек, заманауи мейрамхана, қонақүй, сауда-логистикалық кешен, сауда үйі, асхана, шағын маркет, автосервис қызметі бір жерде шоғырланбақ. Қазіргі күні іскер азамат 500 орындық мейрамхананы пайдалануға беріп, 25 адамды жұмысқа қабылдады. Туризм – көл-көсір байлыққа апаратын жол. Яғни, аудан басшылығы мен осы салада қызмет етіп жүрген іскер азаматтар туризм кластерін алдағы уақытта да дамыта бермек.

– Елбасы Жолдауында жұмыспен қамту және өңірлерді дамыту бағдарламасына көңіл бөлу қажеттігі айтылған.

– Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 27 ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды жөндеу, саябақтарды абаттандыру, ауыл көшелерін жарықтандыру мен жөндеу жұмыстарына 73 миллион теңге қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 16 жобаға 208 миллион теңге қаржы бөлінді. Елтай, Көкөзек, Көлденең, Жаңа Тілек, Тасарық ауылдарына кіреберіс автокөлік жолдарына және Барқытбел, Жоғарғы Егінсу, Алтыншоқы, Таскескен ауылдарындағы көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні ауданда тіркелген 5175 шағын және орта кәсіпкерлік ұжымдары бар. Аудан тұрғындарына бір ет комбинаты, үш диірмен, 32 наубайхана, екі сүт қабылдау және өңдеу орталығы, 540 сауда дүкені, он қонақүй, 27 дәріхана, үш кондитер цехы қызмет көрсетуде. Шағын және орта кәсіпкерліктің қатты қарқынмен дамып келе жатқанын бір ғана мысалмен келтіре кетсек. Мәселен жыл басынан бері Барқытбелдің күнгейіндегі ауылдарда 12 сауда дүкені, бес дәмхана, балаларға арналған «Болашақ» ойын-сауық орталығы, бір сүт қабылдау орталығы, үш тойхана, үш шаштараз, 500 орынға арналған «Ханшайым» мейрамханасы, басқа да нысандар іске қосылды.

– Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларында қандай өзгерістер бар?

– Ауданда 51 мектеп, Таскескенде Үржар колледжі, Үржар ауылында бір саз, бір спорт мектебі, Науалыда балалар үйі, ал Мақаншыда 150 орындық балалардың шығармашылық үйі жұмыс істеп тұр. Аудандағы 42 балабақшада 1474 бала тәрбиеленуде. 14 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Өңірде білім саласын арттыруға, мектептерді заманауи қондырғылармен жабдықтауға жете көңіл бөлінуде, 36 химия, 35 биология, 41 физика, 45 лингофонды-мультимедиялық, 1 «Қазақстан жолы» кабинеттері мен 102 интерактивті тақта шәкірттер игілігіне қызмет көрсетуде. Үржар колледжін биыл 101 түлек бітіріп, фермер, аспаз, ветсанитар мамандықтарын алып шықты. Қазір ауданның 177 жасты колледжде білім алып жатыр.

Аудан тұрғындарына 57 денсаулық сақтау мекемелері қызмет көрсетуде. Биыл ауданның дәрігерлік бірлестігіне 13 жас маман қызметке қабылданды. Өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ медицина қызметкерлері күніне орай бес ауылдың денсаулық сақтау мекемелеріне автокөлікті сыйға тартты. Мәдениет саласында да биыл ауқымды жұмыстар атқарылып, Егінсу, Ақшоқы, Қарабұта ауылдық клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 17 ауылдық клуб, үш Мәдениет үйі, балалар мен жасөспірімдер театры, аудандық тарихи-өлкетану мұражайы, сегіз кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Бұқаралық спортқа көңіл бөлінуде, биыл 240 спорттық шаралар ұйымдастырылды. Оған 40 мыңнан астам тұрғындар қатысты. Ауданда қазіргі күні 248 спорт нысандары жұмыс істеп тұр. Ауданда тіркелген «Жас Отан» жастар қанаты, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының белсенділері, ақсақалдар алқасы мен әйелдер кеңесі, басқа да қоғамдық ұйымдар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне арналған мәдени шараларға белсене қатысып, ауылдарды аралып, елімізде қол жеткен табыстар жайлы тұрғындарға кеңінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. «Туған жерге – тағзым!» акциясы бойынша жеке кәсіпкер Қ.Шалабаевтың демеушілігімен Үржар ауылында 45 миллион теңгеге Қабанбай бабамызға еңселі ескерткіш орнатылды. 2018-2019 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудан орталығында су құбырын жаңғырту, бірнеше ауылдарда ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына елі шырайлы, жері шұрайлы Үржар ауданының тұрғындары осындай табыстармен келіп отыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Үржардың елі шырайлы, жері шұрайлы

Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button