Қоғам

Үржарда спорт пен туризм қатар дамып келеді

Үржарда спорт пен туризм қатар дамып келеді


Үржар өңірінде бұқаралық спорт пен туризм қатар дамуда. Аудан әкімі Серік Зайнулдинмен кездескенімізде, осы саладағы қызықтырған сұрақтарға жауап алған едік.

Ауданның атақ-даңқын шығарып тұрған суы шипалы, адам ағзасына аса пайдалы Алакөлде былтыр 109 мың адам дем алған екен. Бүгінгі таңда Алакөл жағалауында 120 туризм нысаны жұмыс істеп тұр. 88 демалыс үйі, 18 асхана, бір дәріхана, 13 сауда дүкені жазғы маусымда демалушыларға қызмет көрсетуде. Туризмді дамыту бағытында екі ірі жоба жүзеге аспақ. Соның бірі Алакөл жағалауында «Дега» серіктестігі пайдалануға беретін жалпы құны 250 миллион теңгелік «Арасан-Алакөл» демалыс үйі. Онда 15 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Биыл ауданның тағы бір кәсіпкері А.Суықбаев құны 200 миллион теңге болатын демалыс үйін салуды қолға алмақ.

Алакөл жағалауындағы «Үржарайым» балалардың демалыс лагерінде жыл сайын 1440 оқушы демалады, денсаулықтарын түзеп, спортпен шұғылданады. Аудан әкімі С.Зайнулдиннің қолдауымен жыл сайын жүзден астам ауданның Құрметті азаматы, зейнеткерлер «Үржарайым» сауықтыру демалыс орнында тегін демалады.

Келер жылы – атақты әнші Әсет Найманбаевтың 150 жылдығы. Оған әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Таяуда мұражайда мәдени шара өтті, ескерткіш орнатылмақ.

Алайда, аудан әкімін алаңдататын жайлар да жоқ емес. Алакөл арнасынан асып, қатты толқындар туған кезде жағаны шайып, көлдің арнасы кеңіп, ауылға қарай жақындап келеді. Тіпті, көл демалыс үйлеріне қарай 15 метрге дейін жақындаған. Бұл мәселе аудан басшыларын толғандыруда.
– Бір кездері көлдің жағалауын бекіту мәселесі көтеріліп, қаржы бөлінген еді, – дейді аудан басшысы.

Иә, бюджеттен 3 миллиард 840 мың теңге бөлінсе де, ол қаржы жеткен жоқ. Жағалауды металл құрсаумен шегендеу ісі алға басар емес.
Бұдан кейін аудан басшысы спорт жайында айта кетті. Бұл күндері ауданда 248 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен 24 мың адам шұғылданады. Бұл – жалпы тұрғындардың 30,1 пайызы.

Аудан әкімінің жүлдесі үшін жыл сайын халықтық ойындар өтеді. Қазір Көлденең ауылында шаңғы, грек-рим, волейбол, бокс, Мақаншы ауылында еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо, Бақтыда дзюдо, Қабанбай ауылында дзюдо, Таскескен мен Малақ ауылдарында грек-рим, дзюдо, Елтай ауылында шаңғы, грек-рим күресінің үйірмелері жұмыс істеп, оларда мыңдаған жастар жаттығуда. Аталған сегіз бөлімшеде 48 жаттықтырушы қызмет етуде. Олардың төртеуі еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары, біреуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қалғандары КСРО мен Қазақстанның спорт шеберлері. Үржардың оннан астам талантты жасы бұл күндері Риддердегі Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқып, шаңғы, биатлон спортынан биік табыстарға жетіп жүр. Айта кету керек, қысқы спорт түрлерінен шәкірттерді баулитын оқу орнына жерлесіміз, кезінде волейболдан Қазақстан құрама командасы сапында тамаша өнер көрсеткен Владимир Кнауб жетекшілік етеді. Биыл мектепті ел біріншілігінде жүлдегер атанған Мерхат Алпысбаев бітірді. Ол колледжге қабылданды. Арманы – Әлем чемпионатына қатысу.

Бұдан 11 жыл бұрын Үржардағы спорт мектебіне «Олимпиадалық резерв» атағы берілген. Қазір ол аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі деп аталады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айдар Қайырбаев болашақ чемпиондар мектебіне жетекшілік етеді. Мектеп түлектері арасында абыройды асқақтатқан чемпиондар ондап саналады. Норвегияда өткен жастар арасындағы Олимпиада ойындарына қатысқан А.Тарасованы мектеп ұжымы мақтан тұтады. Әсет Мәмбетов, Әсет Иманбаев, Дархан Баяхметов осы шаңырақтан шыққан спортшылар. Биылдың өзінде үш жеткіншек спорт шебері, 17-сі спорт шеберлігіне үміткер атанған.

– «Туған жерге – тағзым» акциясына Үржардан шыққан кәсіпкерлер белсене араласады. Өткен жылы Мамырбек Қарашев деген кәсіпкер Көлденең ауылында құны 90 миллион теңге тұратын спорт кешенін жерлестеріне тарту етті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне биыл 240 спорттық шара өткізу жоспарда бар. Ақпан айында бүркітшілердің ересектер арасында оныншы республикалық чемпионаты өтіп, оған еліміздің барлық аймақтарынан мықтылар қатысты. Ауданнан шыққан жампоздар, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлеріне, еңбегі ерекше сіңген азаматтар құрметіне спорттың бірнеше түрінен турнирлерді өткізу жоспарланып отыр. Оған жерлесіміз, Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Олимпиада ойындарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, атақты балуан Дәулет Тұрлықанов құрметті қонақ ретінде шақырылмақ. Тамыз айында еліміздің құрметті спорт қайраткері, еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Қапсадықовты еске алуға арналған республикалық турнир өтеді.

–Спорттың білім ордаларында да қанат жаюына ерекше көңіл бөлінеді, қазір аудандағы 51 мектепте спорттың 11 түрінен 7333 бала жаттығып жүр. Күні ертең олар еліміздің абыройын асқақтатары сөзсіз. Кейінгі бірнеше жылда менің қолдауыммен бес хоккей қорабы, үш шағын футбол алаңы жасалып, орталық стадионға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Өңірде бірінші болып ауданда «Workout Street» спорт көше жаттығу алаңдарын салу жөнінде жоба аяқталып қалды, – дейді аудан әкімі Серік Зайнулдин.

Оңдасын Елубай
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button