Қоғам

Үржарда бір күнде бірнеше нысан ашылды

Үржарда бір күнде бірнеше нысан ашылды

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Үржар ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты.

Таскескенде мәдениет үйі ашылды

Аймақ басшысы алдымен Таскескен ауылындағы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің ашылуына қатысты. Он жеті жыл жөндеу көрмей, іске алғысыз болған ғимаратқа жергілікті бюджеттен 91 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. «Терме ОСТ» ЖШС жүргізген құрылыс жұмыстары өткен жылдың қараша айында аяқталды.

Облыс Әкімі құттықтау сөзінде төрт жыл бұрын таскескендіктер тарапынан айтылған өтініштердің бірсыпырасы орындалғанын атап өтті. Соның бірі – мәдениет үйінің ел игілігіне берілуі. Салтанатты шара барысында ардагер-ұстаз Рысхан Жәмекеева ауыл жұртшылығы атынан алғыс айтты.

Мәдениет үйінің ішінде халыққа қызмет көрсету орталығы, ардагерлер алқасы, кітапхана, мәжіліс залы және тағы басқа әлеуметтік-мәдени орындар бар. Мәселен, ХҚКО филиалы арқылы тұрғындар орталыққа бармай-ақ құжатты бір күннің ішінде ресімдеп ала алады. Өңір басшысы ардагерлер бөлмесінде Қоңыршәулі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймаран Кәкімжанов бастаған қариялармен де жүздесті. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлердің ет, сүт және нан өнімдері мен бал, пластикалық терезелер мен құбырлар, қолөнер бұйымдары қойылған көрмені аралап көрді. Оның ішінде «Шағын ЭКСПО-2014» көрмесіне қатысатын жобалар да бар. Әсіресе, Үржар ауылында бой көтеретін жауырын мүсіні ұлттық нақышқа қанықтығымен ерекшеленеді.

– Жуырда Алматы қаласында өткен Шығыс Қазақстан облысының күндерінде алматылықтар Үржар алмасының дәміне тамсанып, таңғалды. Сондықтан, Үржар алмасын бренд ретінде дамытуымыз қажет, – деді облыс Әкімі.
Мәдениет үйінің сыңғырлаған жаңа мәжіліс залында облыс Әкімі Қоңыршәулі ауылдық округі әкімі А.Жүнісовтің есептік кездесуіне қатысты. Ауыл әкімінің айтуынша, мемлекеттік мекемелерден өзге 3 наубайхана, 3 дәріхана, 1 ветеринария пункті, 2 қатымхана, 32 дүкен, 9 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Облыс Әкімінің тікелей қолдауының арқасында сайда орналасқан ауылда көктемгі су шаю қаупі сейілді. Ауылды дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2012-2014 жылдары жалпы сомасы 490 млн. теңгеге 45 жобаны жүзеге асыру көзделсе, оның ішінде 39 жоба іске асты. «Туған жерге – тағзым» акциясы арқылы 8 көше жөнделіп, 3 көше жарықтандырылды.
Облыс басшысы ауыл әкімінен суармалы, шабындық және жайылымдық жер телімдерінің пайдаланылуы туралы сұрады. Бүгінде Қоңыршәулі ауылдық округіне тиесілі егістіктің – 67, оның ішінде суармалы алқаптың – 59 пайызы ғана пайдаланылады екен. Жерді тиімді пайдалануды ұлғайту мақсатында «Бәтуа» компаниясымен келісімшарт жасалып, 7 жарым мың гектар жер бөлініпті.
Ауыл тұрғындары әлеуметтік жәрдемақы, тұрғын үй, жер игерудегі техника тапшылығы, тоғандарды пайдалану, қоғамдық көлік және тағы басқа мәселелерді жеткізді.
Аудан басшысы қысқа жіп күрмеуге келмейтін қиындықтарды еңсеру үшін жеке тұлғалар мен шаруашылықтардың бірігуі қажет екенін атап өтті.
– Өздеріңізге мәлім, каналдар «Шығыс су арнасы» мекемесінің меншігіне берілген. Қазір Қарақол су қоймасының үлкен жобасы жасалып жатыр. Осы арқылы республикалық бюджеттен ауданға 2 млрд. 466 млн. теңге қаржы бөлінді. Мұны әрі қарай тиімді пайдалану керек. Өйткені, ауданда 38 мың гектар суармалы алқаптың 25 мың гектары игерілмей жатыр. Таскескенде «Ақбұлақ» бағдарламасына 252 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыс аяқталған. Алайда, бағдарламадан 5 көше тыс қалды. Қазіргі кезде бұл көшелерді де қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр, – деді аудан әкімі Серік Зайнулдин.
Облыс басшысы көшелерді жарықтандыру, мал ұрлығының алдын алу, мал басын өсіру туралы мәселелерге тоқталды.
– Сауалдарыңыз орынды. Алға қойған арыз-шағымдарды, түйткілді мәселелерді бірге шешуіміз қажет. Барлық мәселе шешімін тапты деуге болмайды. Алда әлі ауқымды жұмыс бар. Кез келген мәселенің шешімін табу өзімізге байланысты. Бірігіп қимылдасақ, алынбайтын қамал болмайды. Қазір облыста суармалы жердің 30 пайызы ғана игеріліп отыр. Бұрынғы су қоймалары қираған. Әлеуметтік ахуалымыз жыл сайын оңалып келеді. Мектеп, аурухана, жол мәселелері шешілген соң, суармалы жер, су қоймасы сынды күрделі мәселелер де шешімін табады. Бұл мақсатта аудан, облыс, республика тарапынан қаржылай көмек болады. Оны тек тиімді пайдалануымыз керек, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Жауапсыз мердігерлер шеттетіледі

Аймақ басшысы Үржар колледжінің құрылысымен танысты. Қазіргі кезде колледждің сыртқы қасбеті жаңғыртылып, ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Терезелер ауыстырылып, табанындағы тас төсеніштері ауыстырылып жатыр. Заманауи құрылыс материалдары қолданылып жатқан колледж ауыл көркін де аша түскен. Колледжде 36 оқытушы, 115 оқушы бар.
Аудандағы түйткілді мәселелердің бірі – шабан жүріп жатқан құрылыстар. Таскескен ауылындағы дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған 2 пәтерлі, 3 бөлмелі тұрғын үйлердің құрылысы сәуір айында тапсырылуы тиіс. Алайда, үйдің тек қабырғалары ғана көтеріліп тұр. Шатыры жабылмаған, терезесі салынбаған, едені қағылмаған үйдің құрылысын жүргізуші – «ОСТспецстрой» ЖШС. Дегенмен, мердігер Нұржан Байкенов құрылысты уақытында аяқтаймыз деп отыр.
Аудан әкімінің айтуынша, аталған құрылысқа 57 млн. теңге қаражат бөлінген. Алайда, бұл қаражат мердігерлерге толығымен берілмей отыр. Өйткені, олардың қолында жұмыс техникасынан тек көтергіш кран ғана бар екен.
– Бізге қаражаттың 42 млн. теңгесі түсті. Оның 20 млн. теңгесін бергенімізбен, жұмыс ілгері баспады. Қалған қаржыны банкте сақтап отырмыз. Жұмысына ыждағатсыз қарайтын мердігерлерге сеніміміз аз, – дейді аудан басшысы.
Ал сот мердігерге 6 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салуға шешім шығарыпты. Бірақ – істің шешімі бұл емес.
Құрылысы жылжымай тұрған тағы бір нысан – Үржар ауылындағы 320 орынға арналған мектеп. Мұнда да құрылыс жүргізу тендерін «ОСТспецстрой» ЖШС жеңіп алған. Былтыр маусым айында басталса да, құрылыс іргесі жарым-жартылай ғана көтерілген. Биыл тамыз айында тапсырылуы тиіс нысанның жұмыс ауқымы үлкен. Жұмысшылар желтоқсан айының еңбекақысын әлі алмаған.
– Тендерді құрылыс фирмасының әлеуетін білмей өткізу үлкен мәселе тудырады. Қаржы жағынан еш мәселе туындамаса да, жұмыс тоқтап тұр. Жұмысшыларға 4 млн. теңге берешектеріңіз бар екен. Сіздерді жұмыс кестесінен кешіккендеріңіз үшін сотқа береміз. Жауапкершілігі жоқ мердігер ретінде нысанды өткізесіздер. Облыс көлемінде ғана емес, республика бойынша жұмыс істеу құқынан айыру үшін жауапкершіліксіз мердігерлер тізіміне қосуды сұраймыз. Ал мұнда жаңа мердігерлер әкеліп, жұмысты жалғастыру керек. Өйткені, мектепті жаңа оқу жылына дейін тапсыру қажет, – деді облыс басшысы.

Жылу қазандығы бір күнде жөнделді

Аймақ басшысы Үржар аудандық ауруханасының жылу қазандығында орын алған апаттан кейінгі ахуалмен танысты. Биыл 3-қаңтарда аталған қазандық жарылып, аурухана жылусыз қалған болатын. Алайда, аудан әкімінің ұйымдастыруымен төтенше жағдай бір күннің ішінде жойылып, жылу беру қалпына келтірілді. Бұл уақытта жеңіл-желпі науқастар үйлеріне жіберіліп, қалғандары Мақаншы, Өскемен ауруханаларына жеткізілді. Үржар ауруханасында қалдырылған ауыр науқастар үшін теплофон жүйесі іске қосылды. Оқиға орнында аудан әкімінің төрағалығымен шұғыл комиссия отырысы өткізіліп, аудандағы барлық мекемелер мен мамандар жұмылдырылды. Атап айтқанда, апат зардаптарын жоюға 15 арнайы техника мен 100-ден астам адам тартылды.
– Бұл 1969 жылы салынған ғимарат екен. Іргетасы да жоқ. 4 қазандықтың біреуі жарылды. Екеуіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Апаттан кейін жылу қазандығының қабырғалары тұрғызылып, төбесі плитамен жабылды. Қазіргі уақытта жылу қазандығы қалыпты жұмыс істеп, ауруханаға қажетті жылу беріп тұр. Егер қосымша жылу қажет болған жағдайда жаңадан орнатылған электрлі қазандық іске қосылатын болады, – деді аудан әкімі.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қысылтаяңнан жол тауып шыққан аудан басшылығының жұмысын жоғары бағалады.
Аурухананың бас дәрігері Жексенбай Тілеуберлин емдеу мекемесінің қызметіне тұрғындар тарапынан арыз-шағым мол болғанын, шатырдан су өтіп кететінін, лифттің жұмыс істемейтінін, сондықтан, науқастар аудандық ауруханада емделуден бас тартып, Аягөз, Семей және Өскемен медициналық мекемелеріне жазылатынын, қазіргі кезде аталған мәселелер шешімін тапқанын жеткізді.
– «Лифт-екон» ЖШС-імен келісімшарт жасалып, қалпына келді. Фирма өкілдері әр үш ай сайын келіп, лифт құрылғысының қызметін тексеріп кетеді. Қабылдау бөлімі, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. 6 млн. теңгеге қан айналымын зерттеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алынды. Дәрігерлер келді. Бүгінде стационарда 110 науқас ем қабылдап жатыр, – деді бас дәрігер.
Облыс басшысы аталған емдеу мекемесінің қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
– Биыл жаңа қазандық салу, ауруханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 52 млн. теңге бөлінді. Кемшіліктердің бәрі жойылады. Аурухана 120 адамға қызмет көрсетіп, толық қуатында жұмыс істейтін болады, – деді аймақ басшысы.

Айтбайда – мектеп, Бестеректе – амбулатория пайдалануға берілді

Айтбай ауылында 130 орындық орта мектептің салтанатты ашылуы өтті. Мектеп ұжымы мен оқушыларының қуанышына ортақтасқан облыс басшысы әр елдің келешегі сапалы білім беруде жатқанын жеткізді.
– Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Мемлекет басшысы білім саласын заңнамалық, материалдық база тұрғысынан жан-жақты жетілдіруге күш жұмсап келеді. Жақсы оқыған балалар «Болашақ» бағдарламасы арқылы дүниежүзінің ең мықты университеттерінде білім алуда. Елімізде алғаш рет Президенттің зияткерлік мектебі облыс орталықтарында, оның ішінде Семей мен Өскеменде білім бере бастады. Астанада халықаралық талаптарға сай Назарбаев университеті ашылды. Осының барлығы – жас ұрпақтың жан-жақты білім алуы үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Айтбай ауылындағы жаңа мектеп те заман талабына сай жарақтандырылған. Сондықтан, осы білім ұясында сапалы білім нәрімен сусындауларыңызға тілектеспін, – деді құттықтау сөзінде облыс Әкімі.
– Бұрын оқушылар кішкене ғимаратта екі кезек бойынша оқитын. Онда спортзалы мен асхана да жоқ болатын. Жаңа мектепте мұның барлығы бар. Сонымен бірге шағын орталық та осында орналасқан. Бұл – ата-аналар үшін өте тиімді. Оқушылар бір кезекпен оқиды, – деді аудандық оқу бөлімі кәсіподағының жетекшісі Жанболат Жыңғылбаев.
Мектепте оқушылардың білімін жетілдіруге қажетті жағдай жасалған. Тігін, ағаш және темір шеберханалары, мәжіліс залы, кітапхана бар. 90 оқушыға тегін ыстық ас беруге арналған асхана ұйымдастырылған.
Бестерек ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. «Шарорда» ЖШС салған амбулатория құрылысына 150 млн. теңге жұмсалған.
– «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша, халық денсаулығын жақсарту үшін материалдық-техникалық базаны нығайту қажет. Осыған орай, облыс аумағында 29 дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлағанбыз. Өткен жылы 11 амбулатория салынды. Оның ішінде 4 амбулатория Үржар ауданына тиесілі. Мұның барлығы Елбасының қолдауы арқылы жүзеге асып жатыр, – деді облыс Әкімі.
2200 тұрғыны бар Бестерек ауылының халқы дәрігерлік амбулатория ашылғанына өте қуанышты. Сатыбалды Бісмақов, Тұрсынхан Қайсарқызы, Жұмабике Қайырова сынды ауыл қариялары дер кезінде пайдалануға берілген амбулаторияның әсіресе, жас балалар мен зейнеткерлер үшін қажет екенін жеткізіп, облыс басшылығына ырзашылықтарын білдірді.
Амбулатория дәріханасындағы дәрі-дәрмек бағасы көрсетілген кесте ілінген. Сондай-ақ, қарау, УЗД тексеру бөлмелері бар амбулатория іші жарқырап тұр.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген Марина Сергиенко аталған мекемеге жетекшілік етеді. Амбулатория дәрігері жас маман ретінде баспанамен де қамтылған.
Облыс басшысы Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің аз уақыттағы тындырымды істеріне оң баға беріп, өзге де өзекті мәселелерді тиімді шешуді жүктеді.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button