Үржар даму қарқыны жоғары өңірлердің қатарынан көрінді
Үржар ауданында оң өзгерістер. Игі істер көп. Экономикасы заман талабына сай дамып, іргелі жоспарлары орындалуда, әлеуметтік нысандар, жаңа ғимараттар салынуда. Жалпы, аудан көлемінде ауыз толтырып айтарлықтай жақсы істер жетерлік. Біз аудан әкімі Серік Зайнулдинмен кездесіп, өңірдің бүгінгі тыныс-тірлігі болашақ жоспарлары жайында әңгімелескен едік.
– Серік Зинабекұлы, өткен жылды Үржар ауданы қалай қорытындылады? Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер қандай?
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыста алтыншы орынмен бағаланып, даму қарқыны жоғары өңірлердің қатарынан көрінді. Атқарылған істердің маңызына қарай қысқаша тоқталып өтсем, өндірілген ауылшаруашылық өнімдердің жалпы көлемі 30 141,1 миллион теңгеге жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда өсім бес пайызды құрады. Мал және егін шаруашылықтары салаларында барлық көрсеткіштің өсімі сақталды. Аумағы 183 881 гектар жерге егін егіліп, 2014 жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артты. Ауданда 43 мың гектар суармалы жер тіркелген, оның ішіндегі 22 076 гектары игерілді.
Бүгінде шаруа қожалықтардың иелігіндегі бес мың бас ірі қара малға арналған 16 бордақылау алаңы жұмыс істейді, жылына 2 750 тонна ет өндіруге мүмкіндік бар. «Сыбаға» бағдарламасы аясында ірі қара малын сатып алуға ауданның екі шаруа қожалығына 42 380 мың теңге несие берілді. Несиеге 222 бас ірі қара мал сатылып алынды. «Құлан» бағдарламасы аясында да ауданның екі шаруашылығы 31 400 мың теңгеге 113 бас жылқы сатып алды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 56 жеке тұлғаға 124,5 миллион теңге, «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 10 жеке кәсіпкерге 38,1 миллион теңге несие берілді. «ҚазАгроҚаржыс» АҚ арқылы лизингке 92 ауылшаруашылық техникасы алынды. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 56 ауылшаруашылық құрылымының лизингке алған техникаларының құны 311,3 миллион теңгені құрады.
Өнеркәсіп саласында да өркендеу бар, өндірілген өнім көлемі 3 858,3 миллион теңгені құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндірілген өнім мөлшері 109,2 мың тоннаға жетіп, өсу қарқыны 110,9 пайызға жетті. Өңдеу өнеркәсібінде 280 тонна шұжық, 1 412 тонна өсімдік майы, 84 тонна сүт өнімдері, 525 тонна нан және 48 тонна кондитерлік өнімдер өндірілді.
«Ауызсу» бағдарламасы аясында 2004 жылдары басталған Үржар ауылындағы су құбырларын жаңғыртудың бірінші және екінші кезекті жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жеке тұлғалардың және бюджет есебінен өткен жылы жалпы ауданы 8 283 шаршы метр тұрғын үй салынып, 2014 жылмен салыстырғанда 35,7 пайызға немесе 2 179 шаршы метрге артты.
– Аудан аумағында өңірлік Индустрияландыру картасына енген қандай инновациялық жобалар жүзеге асуда? Келешекте облыс аумағын ғана емес, еліміздің өзге өңірлерін де құс етімен, жұмыртқамен қамтуды көздейтін құс фабрикасының құрылысы жөнінде айта кетсеңіз.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Индустрияландыру картасына Үржар ауданынан екі жоба енгізілді. Атап айтқанда, «Бәтуа» ЖШС-нің жалпы құны 745 миллион теңге болатын «Үржар ауданында пластикалық құбыр шығару» инвестициялық жобасы. Зауыт ғимараты, қойма және әлеуметтік-тұрмыстық нысандары дайын, диаметрі 315 және 630 миллиметр болатын пластикалық құбыр шығаратын екі өндіріс желісі орнатылды.
Екіншісі – «AK-Processing» ЖШС-нің «2015-2017 жылдарға арналған катодты мыс өндіру зауытын салу» инвестициялық жобасы. Жобаның жалпы құны – 4 580 миллион теңге, жылына 2 500 тонна мыс өндіру және 350 адамға жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Бүгінде зауытты салуға 28 гектар жер телімі берілді, рұқсат құжаттарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ басшылығымен 2016-2019 жылдарға арналған қуаттылығы жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін фабрика ашу жоспарланып отыр. Құрылыс құжаттарын дайындауға жұмыс тобы құрылған. Ақжар ауылдық округінен салынатын фабрикаға 225 гектар жер бөлінді. Құс фабрикасының азық-жем базасын нығайтуға 36 154 га суарылмайтын, 4 653 га суарылатын жер телімдері бөлінген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының келісуімен фабриканың бизнес-жобасы әзірленді.
Салынатын фабриканың мақсаты – аудан тұрғындарын құс етімен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және елдің басқа өңірлеріне өнім шығару. Фабрика салуға орын қаралғанда, ауданның сұранысы және жем базасының 60-70 пайыз жергілікті шаруашылықтар өнімімен қамтылатыны ескерілген. Фабриканың құны 31164 миллион теңгені құрайды. Бұл – тың жоба.
Өткен жылы желтоқсанда Өскеменде өткен «АлтайАгроInvest-2015» форумында құс фабрикасына қытайлық «Линдо» ЖШС қызығушылық білдірді. Форумда екі жақ пікір алмасып, талаптарымен танысты. Осы жылдың бірінші тоқсанына келіссөздер жоспарланып отыр.
– Үржар ауданында бірқатар «сақалды» құрылыстардың бар екені белгілі. Солардың қазіргі жай-күйі қандай? Аталмыш әлеуметік нысандар қашан аяқталады?
– Өткен жылы Барқытбел, Қызылту, Сегізбай ауылдарында жаңа мектептер ашылса, биылғы қаңтарда Бақты ауылындағы мектепте пайдалануға берілді. Ал Үржар, Қабанбай ауылдарындағы мектептерді осы жылы іске қосу жоспарлануда. Ал сіз айтып отырған «сақалды» құрылыстардың басшыларымен жұмысты жалғастырып келеміз. Оның ішінде Жаңатілек ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысы 2011 жылы басталған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы, бас мердігер – «МД Құрылыс» ЖШС (Алматы қаласы). Мектеп құрылысының құны – 762,6 миллион теңге, бүгінгі күнге дейін игерілгені – 713,6 миллион теңге. Келісім бойынша 2012 жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бас мердігердің шарт талаптарын орындамауына байланысты нысан бүгінге дейін пайдалануға берілмей отыр. Сыртқы абаттандыру, қоршау орнату, ішкі өндеу, еден төсеу, спортзал шатырын жабу жұмыстары орындалмаған және технологиялық құрал-жабдықтар жеткізілмеген.
Облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының 2015 жылғы 23 ақпандағы шешіміне сәйкес, «МД Құрылыс» ЖШС-нен мемлекетке 511,78 миллион теңге (уақытында аяқтамағаны үшін тұрақсыздық айыппұл, алдын ала төленген қаржы) өндірілуі тиіс болатын. Бірақ бүгінгі күнге дейін «МД Құрылыс» ЖШС-нен аталған қаржы өндірілген жоқ. Біздің тарапымыздан құқық қорғау органдарына шара қолдану туралы қатынас хаттар жіберілген. Алайда, құрылыс жалғасын таппады. Тапсырыс беруші тарапынан тиісті шаралар қолданылып, осы жылы мектеп құрылысы жалғасса, оны 2016-2017 оқу жылына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Қабанбай ауылындағы 320 орындық мектептің құрылысы 2011 жылы басталған. Құрылысқа тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Мектеп құрылысы 2012 жылы аяқталуы тиіс еді. Бас мердігер – «ESK» жол-құрылыс компаниясымен шарт бұзылып, 2014 жылы «Қазэлектромонтаж-С» АҚ-мен құрылысты аяқтау бойынша шарт жасалды. Бүгінде құрылыс аяқталып, құрал-жабдықтар орнатылуда. Осы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарда тұр.
– Егін шаруашылығына жаңа технологиялар енгізу бағытында қандай шаралар атқарылуда? Біз сіздің облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бастаған делегация құрамында көршілес Қытай еліне барып келгеніңізді білеміз. Сол іссапардың нәтижесі қандай? Өткен жылдың аяғында Өскеменде өткен ауыл шаруашылығы форумының қорытындысы бойынша қандай істер қолға алынып жатыр.
– Егін шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу бойынша біршама жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, Көкөзек ауылдық округіне қарасты «Бақ-Тұр» ЖШС 500 гектар жерді «Beinlich Monsun» жаңбырлатқышы арқылы суарса, «Бәтуа» ЖШС 1675 гектар жерді 16 дана «VALLEY» жаңбырлатқышы арқылы, 225 гектар соя дақылын тамшылату әдісімен суарды. «Бәтуа» бұл жерлерді электр генераторлар арқылы игеріп отыр. Осыған байланысты 2013 жылы серіктестік жобалары Индустрияландыру картасына енген. Қазір 24 шақырым электр желісін тартуға жобалық құжат жасалып, тиісті мекемелерге өткізілді. Ауданда ылғал сақтау технологиясы бойынша 2014 жылы 11 835 гектар, 2015 жылы 13 600 гектар егістік жер игерілді немесе 15 пайызға өсті. Биыл осы технологиямен 14 мың гектар жер өңделмек.
Шекаралық аймақтағы Үржар ауданына шетел инвестициясын тарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Өткен қарашада көршілес Қытайда өткен «Инвест» форумында Үржар ауданы әкімдігі мен қытайлық «Куәбол и Пэн Шэн» ЖШС арасында құны 2,7 миллион доллар болатын «Үржар ауданында темір-бетонды бұйым шығару» инвестициялық жобасына қол қойылды. Бүгінде аталған зауыт құрылысына жеті гектар жер беріліп, электр желісі тартылды, зауыттың құрал-жабдықтары дайын, рұқсат құжаттары әзірленуде. Зауытты осы жылы іске қосып, 100 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Бәтуа» ЖШС-не ирригациялық жүйе тарту үшін қытайлық «Циньцзиян» ЖШС-нің «БИНТУАН» жобалық институтымен 13 миллион юань болатын шарт жасалды.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Үржар өңірінде рухани-мәдени салаға қатысты қандай жобалар қолға алынбақ?
– Аудан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын рухани және әлеуметтік-экономикалық жетістіктермен қарсы алуда. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде Елтай ауылдық клубына және «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы аясында Мақаншы ауылындағы мәдениет үйіне жөндеу жүргізілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай аудандық мәдениет бөлімі мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарын әзірледі. Атап айтқанда, осы жылдың қаңтарында «Қансонар-2016» Х республикалық бүркітшілер чемпионаты өткізілді. Сонымен бірге, «Асыл мұра» ауылдық аймақтар аламаны, жасөспірімдер арасындағы «Жауқазын» өнер байқаулары, Наурыз мерекесінде «Тәуелсіздіктің 25 белесі» атты қазақ киіз үйлерінің байқауы, тәуелсіздік үшін күрескен батыр қыздар туралы «Аңыз аналар мен ару қыздар» атты танымдық-мерекелік концерт, «Тәуелсіздік тойына тартуым» атты жаңа әндер байқауы, жас ақындар арасында «Тәуелсіздік толғауы» атты мүшәйра өткізіледі. Сонымен қатар, желтоқсан айында мәдениет үйінде «Желтоқсан жаңғырығы» театрландырылған қойылымы ұсынылады. Алда атқарылар қоғамдық-саяси жұмыстар Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімізді басшылыққа ала отырып жүзеге асырылады.
– Енді туризм саласы жөнінде әңгіме өрбітсек, Алакөлдің әлеуетін барынша толық пайдалану, демалушыларға заманға сай қызмет көрсету бағытында қандай шаруалар атқарылды және алдағы уақытқа қандай жұмыстар жоспарланған? Көл жағасын бекемдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Алакөлге келетін демалушылар жылдан-жылға көбейіп, жағалаудағы демалыс үйлерінің саны артып, көрсетілетін қызмет аясы да кеңеюде. Өткен жылы көл жағалауында 87 демалыс үйі, 13 дүкен, 1 дәріхана, 18 асхана қызмет көрсетіп, 470-500 адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Демалыс аймағындағы кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен түскен инвестиция 2014 жылы 127 240 мың теңгені құрады, 2015 жылы Алакөл жағалауындағы демалыс үйлеріне мүлікті жария етуден 1 миллиард 729,9 миллион теңге инвестиция құйылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша (статистиканың жылдық мәліметі ақпанда дайын болады) орта есеппен демалған адам саны – 125 мың (2014 жылы 110 мың адам демалған), оның ішінде сырттан келіп демалғандар – 1 215 адам (2014 жылы – 1 мың адам).
Ауданның 2015-2017 жылдарға арналған туризм жол картасы әзірленіп, салалық басқармамен келісілді. Аталған жол картасы бойынша былтыр жеке қаражат есебінен құны 29 миллион теңге болатын бес демалыс үйінің құрылысы аяқталып, іске қосылды, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында құны 12 миллион теңге көлемінде алты жоба бойынша демалыс үйлеріне кеңейту жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Исағали Омаралинов «Алакөл жағалауындағы «Әйгерім» демалыс үйін кеңейту» жобасы бойынша 187,2 миллион теңге несие алып, демалыс үйін кеңейтті. Балалар ойын алаңы мен бассейннің құрылысы жүргізілуде, 20-25 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жеке кәсіпкер Дулат Асылбековтің «Алакөл Арасан» демалыс үйі заманға сай қызмет көрсетеді. Былтыр ол Үржар ауылынан туристік кешеннің (мейрамхана, қонақүй, сауда кешені, базар) құрылысын бастады, бүгінгі күнге 500 орынға арналған мейрамхана бой көтеріп, жөндеу жүргізілуде. 30 адам жұмысқа тартылған.
«Алакөл Тазалық» ЖШС 2014 жылдан бері көл жағасын абаттандыру және тазалау жұмыстарымен айналысады, 32 адам жұмыс орнымен қамтылған. Серіктестіктің материалдық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген 29 840 мың теңгеге бір жүктиегіш, екі «АС», екі «ГАЗ» автокөлігі сатылып алынды. 1,5 шақырымға дейінгі жол жөнделіп, жарықтандыру, тазалау жұмыстары жүргізілді, қоршаулар орнатылды. Көл жағалауы жылдан-жылға толқын салдарынан шайылып, демалыс үйлеріне қауіп төнуіне байланысты жағалауды нығайту, толқын кедергілерін орнату жұмыстары 2007 жылы республикалық бюджет есебінен басталған. Бұл жобаны іске асыру бойынша 2007-2009 жылдары республикалық бюджет есебінен 660,5 миллион теңге бөлініп, бір толқын бөгетінің құрылысы жүргізілді. Қазіргі уақытта «Казгипроводхоз» жобалау институты «Алакөл демалыс аймағын бекіту» жобасын дайындады. Аталған жоба бойынша екі шақырым жерге сегіз толқын бөгетін салу қарастырылған, бүгінде қаражаттың бөлінуін күтудеміз.
– Газетіміздің өткен жылғы сандарында «Үржар өңірі – алманың отаны» деген тақырыпта бірнеше материалдар жарық көрді. Расында да, ауданда алма ағашы молынан өседі, әрі оның дәмі де, хош иісі де ерекше. Аудан аумағында осы табиғи және экологиялық тұрғыда таза алманың шырынын, тосабын және өзге де өнімдерін шығаратын цех ашу жоспарда бар ма?
– Аудан бойынша 425 гектар алма бақтары тіркелген, оның 196 гектары шаруа қожалықтарында, 229 гектары жұртшылықта. Тұрғындар өз алма бақтарында өсірген жемістерін аудан ішінде және көрші өңірлерге сатады. Біздің климат алманың өсуіне қолайлы. Қазір алма ағаштарын жаңарту мақсатында бақтар қолынан іс келетін азаматтарға конкурс арқылы берілуде. Мысалы, Барқытбел ауылдық округіндегі 12 гектар алма бағын К.Рахимбеков, Бестерек ауылдық округіндегі 19 гектар алма бағын «Бислан» қожалығының басшысы А.Абдулаева алды.
Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте Алакөлге келiп, керемет өсiп тұрған алмаларды көредi. «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестiрген емеспiн» деп жазып, дүниежүзiне мәлiм еттi. Ол алманың сорты сол кiсiнiң атымен «Сиверс» аталып кеттi. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында берілетін мемлекеттік грант конкурсына ауданнан «Үржар ауданынан көкөніс қоймасын салу» жобасын жеке кәсіпкер Г.Қошанова қорғады, алайда, конкурс шешімі бойынша грант алмады. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көкөніс сақтау қоймасын салуды және алма шырыны мен тосабын шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр.
– Үржар ауданы – облысымыздағы халық саны ең көп аудандардың бірі. Осыған байланысты ауданда халыққа қызмет көрсету мәселесі қалай шешіледі?
– Ауданның мемлекеттік мекемелерінде 74 мемлекеттік қызмет баламалы және баламасыз түрде халыққа қызмет көрсетеді. Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру екі басты құралды дамыту жолымен қамтамасыз етіледі. Олар – халыққа қызмет көрсету орталықтары және «электронды үкімет» веб-порталы.
Ауданнда үш халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, олар Үржар, Мақаншы, Таскескен ауылдарында орналасқан. Сонымен қатар, аудандық «Мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы» шалғайдағы елді мекендерге шығып, қызмет көрсетеді.
«Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасы шеңберінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы қызметтер көрсету жылдан-жылға артып келеді. Электрондық қызметтерге халықтың қолжетімділігін арттыру мақсатында ауданда бес қоғамдық пункт ашылған. Мемлекеттік қызмет алушыларға мекемелердегі қызметкерлер «электрондық үкімет» порталы бойынша кеңестер береді.
Үржар ауданы әкімінің сайтында мемлекеттік қызмет көрсету туралы ақпарат жарияланған. Сайтта аудан бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметердің регламенттері мен стандарттары бар. «Электронды үкімет» порталы мен «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» арқылы көрсетілетін қызметтерді танымал ету бойынша насихат шараларын өткізу, халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру жұмыстары жоспарланған.
– Сіз аумағы үлкен, халқының саны көп ауданның елді мекендерін аралауға қалай уақыт табасыз? Жалпы, ауыл-аймақтарды жиі аралайсыз ба? Қоғамдық көмекшілеріңізге қалай арқа сүйейсіз?
– Үржар – 27 ауылдық округі, 55 елді мекені бар, 80 мыңға жуық халық мекен ететін облыстағы ең үлкен аудан. Халықтың тыныс-тіршілігімен кеңінен танысу үшін апта сайын елді мекендерді аралаймын. Себебі, өңірдің өркендеуіне тікелей жауапты – жергілікті атқарушы билік. Бұл жұмыстар жалғаса береді.
Өздеріңізге белгілі, Президент Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жылына бір рет халық алдында есеп береді. Есеп беру кездесулері өз нәтижесін береді. Әкімдердің есеп беруі – атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырудың бірден-бір жолы. Бүгінде елді мекендер тұрғындарымен жүздесулерім өтіп жатыр. Мен ең алдымен алыс жатқан Сағат, Қарақол, Шолпан, Қабанбай, Қарабұлақ сияқты ауылдардағы халықпен жүздесіп, еңсерілген жұмыстар мен келешекте атқарылар жоспарлар жайында айттым. Менің есеп беру кездесулерім әлі де жалғасуда. Халықпен етене жақын болу, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысу әр басшы үшін бірінші орында тұруы керек.
Әрине, қоғамдық көмекшінің рөлі осы кезде көрінетіні айқын. Менің арнайы қоғамдық көмекшім жоқ, бірақ әрбір ауылдық округтегі ақыл сұрар ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымызды өзімнің елді мекендердегі қоғамдық көмекшілерім деп есептеймін. Аудан өмірі үшін маңызды жұмыстарды қолға алған кезде сол адамдардан ақыл-көмек сұраймын.
Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш