Қоғам

Рыпакованың мақтауына ие болды

Нұржан Кенжеұлы

Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде халықаралық Олимпиада күніне орайластырылған ерекше спорттық іс-шара өтті. Еске салайық, аталмыш мереке жыл сайын 23 маусымда аталып өтеді.

Қазақстан жеңіл атлетикасының орталығы саналатын Өскеменде балалар арасында Athletics Cup to Olympic Day атты жарыс ұйымдастырылды. Бұл күні Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде 7 мен 20 жас аралығындағы спортшылар 60 және 200 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, ядро лақтыру сияқты сайыстарға қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осы ретте, бүгінде Рыпакова орталығында жүздеген балақай спортпен тегін шұғылданатынын айтқан орынды.

Іс-шараның құрметті қонағы болған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова осындай жарыстардың көмегімен жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға болатынын жеткізді.

– Негізі, Олимпиада күнін атап өту жалпақ жұртқа салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді. Жыл сайын әлемдегі 200-ден астам елдің Ұлттық Олимпиада комитеттері осынау іс-шараны атап өтуге мұрындық болуда. Осы бір істен біздің ел де шет қалмауда. Бұл күні жас спортшылар арасында жарыстар ұйымдастырылып, артынша жеткіншектер сақа спортшылардан дәріс алады. Осы арқылы біз жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз, спортқа деген қызығушылықтарын арттырамыз. Міне, бүгін де залда отырған жас көрермендер жүгіру жолына шығып, өздерінің бақтарын сынауға мүмкіндік туды. Бұл –  өте қуантарлық жайт. Балалардың мақсаттары айқын, жеңіске деген ұмтылыстары зор екен. Ерінбей еңбек етіп, табандылық танытса, болашақта ел абыройын асқақтатар спортшыларға айналары сөзсіз, – дейді Ольга Рыпакова.

Рас, іс-шарадан шет қалмаған әрбір қатысушы даңқты спортшылардың алдында өз мүмкіндіктерін барынша көрсетіп қалуға тырысты. Араларында спортқа енді ғана бет бұрғандарымен қатар, түрлі деңгейдегі бәсекелерде топ жарып жүргендер де болды.

Айта кетейік, мерекелік жарыс соңынан ұйымдастырушылар барлық қатысушыға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Тағы бір атап өтер жайт, іс-шара басталмай тұрып осыдан біраз бұрын Франция жерінде мәресіне жеткен дүниежүзілік гимназиададан жүлдемен оралған бір топ  жерлесімізге құрмет көрсетілді. Олардың арасында таэквондошы Бекарыс Бекенов, сондай-ақ жеңіл атлеттер Арина Гладышева мен Анастасия Рыпакова сынды болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар бар.

Осы айдарда

Back to top button