Қоғам

Рыпакованы кезекті жеңісімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда мәресіне жеткен VII бүкіләлемдік әскерилер ойындарының чемпионы атанған Ольга Рыпакованы айтулы жеңісімен құттықтады.

«VII Бүкіләлемдік әскери ойындарда танымал жеңіл атлетіміз Ольга Рыпакова тамаша көрсеткішпен алтын медальға ие болды. Ольганың спорт әлеміндегі теңдессіз тәжірибесі, биік белестері көпке рух береді әрі шабыттандырады. Жарайсың, тек алға!» деп жазды Президент Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ даңқты жерлесімізді алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Даниал Ахметов те құттықтады.

«Ольга жеткен жетістіктер оның спорттағы дара жолының айқын көрінісі. Олимпиада медальдарының барлық түрін қанжылаған Қазақстандағы жалғыз спортшы. Оның жарқын жеңістері мен жетістіктері еліміздің жас спортшыларына үлгі-өнеге екеніне сенемін! Ольгаға спортта жаңа белестерді бағындырып, өмірде толағай табыстарға жетуін тілеймін!» делінген аймақ басшысының Facebook-тегі парақшасында.

Еске салайық, Қытайдың Ухань қаласында өткен жарыста шығысқазақстандық жеңілатлет үш қарғып секіру сайысына қатысқан-ды. Жерлесіміздің нәтижесі 14,19 метрге тең болды. Бұл – додаға қатысушылар көрсеткен үздік нәтиже.

Жарыс қорытындысы бойынша екінші орынға 13,78 метрді бағындырған италиялық Оттавия Честонаро көтерілсе, үздік үштікті 13,54 метрге қарғыған Доминикан Республикасының өкілі Анна Хосе Тима түйіндеді.

Айта кетейік, Ольга Рыпакова Қорғаныс министрлігінің орталық әскери спорт клубы қатарында 2006 жылдан бері өнер көрсетуде. Өскемендік спортшы майор шеніне ие.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button