Рыпаковалардың қайсысы мықты?
Алматыда жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов атындағы дәстүрлі мемориал мәресіне жетті. World Athletics халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығының бағдарламасына енген биылғы турнирде айтуға тұрарлықтай бірнеше нәтиже тіркелді.
Әсіресе, қыздар арасындағы ұзындыққа секіру бәсекесі жанкүйерлер қызығушылығын тудырғаны сөзсіз. Себебі, бұл сында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова өзінің қызымен жарысты.
Рас, осы жолы Ольганың басты қарсыластарының қатарында оның 17 жастағы қызы Анастасия да болды. Бұл елімізді қойып, халықаралық спортта сирек кездесетін жағдай. Сондықтан, Алматыдағы доданы тамашалауға келген жанкүйер тарихи оқиғаның куәсі болды деуге толық негіз бар.
Осы ретте, Анастасия Рыпакова туралы да аз-кем айта кеткеніміз жөн болар. «Шеше көрген тон пішер» демекші, бүгінде аты бүкіл спорт әлеміне мәшһүр анасының тәлім-тәрбиесін көріп өскен жас спортшы елішілік турнирлерде тәп-тәуір нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл сөзімізге Анастасияның жақында ғана мәреге жеткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жаруы дәлел бола алады.
Дегенмен бұл жолы Рыпаковалардың кішісі үлкенінен оза алмады. Аса тартысты өрбіген сайыс қорытындысы бойынша, 6,25 метр ұзындыққа секірген Ольга Рыпакова жарыс жеңімпазы атанса, екінші орынды тағы бір танымал спортшымыз Ирина Эктова иеленді. Ал жас талап Анастасия Рыпакова болса, биылғы доданың үздік үштігін түйіндеді. Оның нәтижесі 6,08 метрге тең болды. Дегенмен, Анастасияның жеңістері әлі алда деп үміттенеміз.
Сәрсен Қабылым