Рыпакова жылдың үздік жеңіл атлеті
Астанада Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған спорт түріндегі жыл үздіктерін марапаттады, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.
Шара барысында Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері федерация президентінің қолынан Алғыс хат пен қаржылай сыйлық алды. Естеріңізде болса, Түрікменстан астанасында еліміздің жеңіл атлеттері алты алтын, бір күміс, үш қола медаль жеңіп алған болатын. Оның ішінде шығысқазақстандық спортшылар – ұзындыққа үш қарғып секіруден чемпион атанған Ольга Рыпакова мен 400 метрге жүгіру сайысында топ жарған Элина Михина да бар.
Салтанатты рәсімде биыл Лондонда өткен Әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген, «Гауһар лига» финалдық кезеңінің жеңімпазы атанған жерлесіміз Ольга Рыпакова «Жылдың үздік жеңіл атлеті» атанды.
– Жеңіл атлетика федерациясы спортшылардың еңбегін бағалап, бізге осындай құрмет көрсетіп жатқанына өзімнің және барлық әріптестерімнің атынан алғыс білдіргім келеді, – дейді Ольга Рыпакова.
Сәрсен Қабылым