Үш бірдей Олимпиада ойындарының жүлдегері, Әлем чемпионы, төрт дүркін Азия ойындарының жеңімпазы атанған даңқты қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова ресми түрде кәсіби мансабын аяқтады.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясынан мәлім еткендей, бұл туралы Астанада мәресіне жеткен жеңіл атлетикадан жабық кешендердегі Х Азия чемпионатының жабылу рәсімінде белгілі болды. Жарыс соңында құттықтау сөз сөйлеген атақты жерлесіміз спортшы ретіндегі мансабын осымен тәмамдайтынын хабарлады.
– Еліме ризамын! Президент пен спорт жетекшілерінен бастап менің ең жас жанкүйерлеріме дейін бір ғана, бірақ өте маңызды жайт – маған білдірген сенімдері үшін мың да бір алғыс айтамын. Мені тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде танытуға мүмкіндік берген тағдырыма және жаратқан иеме алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды спортшының өзі.
Салтанатты іс-шара барысында ел Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың спортшыға жолдаған алғысхаты да оқылды. Үкімет басшысы өз хатында Ольга Рыпаковаға отандық спорттың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтып, алдағы өміріне сәттілік тілепті.
Новости спорта Казахстана – Sport Pulse: результаты, интервью, аналитика
«Сіздің жарқын жеңістеріңіз қазақстандық жанкүйерлердің жүрегінде мәңгі сақталады. Біз сіздің спортқа және ұстанымдарға деген адалдығыңызды өте жоғары бағалаймыз. Еліміздегі мыңдаған бала сізден үлгі алады және отандық жеңіл атлетика дәстүрін жалғастырады. Отандық спортты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз», делініпті премьер-министрдің хатында.
Осыдан кейін даңқты спортшы «Qazaqstan» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлері алдында құрмет шеңберін жүгіріп өтті.
Естеріңізге салайық, биыл 39-ға аяқ басқалы отырған Ольга Рыпакова спортшы ретінде 20-ға жуық халықаралық жарыстың жүлдесіне ие болған екен. Оның ішінде Әлем чемпионаттары, Құрлықтық кубоктар, Азия ойындары мен Универсиада сияқты өзге де бәсекелер бар. Әрине, бұлардың ішінде үш Олимпиаданың шоқтығы биік екені айтпаса да түсінікті. Өскемендік жеңіл атлет өзі қатысқан төрт Олимпиада ойындарының үшеуінде жүлдегер атанып, ел жеңіл атлетикасының тарихында болмаған жетістікке қол жеткізген. Алдымен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында күміс жүлде иегері атанған жерлесіміз төрт жылдан кейінгі Лондондағы ойындарда алтыннан алқа таққан. Ал 2016 жылғы Рио Олимпиадасында шығысқазақстандық спортшы тағы бір жүлдеге, қола медальға ие болған-ды. Осылайша, Рыпакова үш бірдей Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерліген бірден-бір қазақстандық жеңіл атлет атанған.
Бүгінде Өскемендегі өзінің аты берілген жеңіл атлетика кешенінде басшылық қызмет атқаратын жерлесіміз енді шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап отыр екен.
Сәрсен Қабылым