Рымбек Байсейітовтің бюсті ашылды
Ораза айтының соңғы күнінде Семей қаласына қарасты Қайнар ауылында ұрпаққа тағылым болар тамаша шара шымылдығын түрді. Қазақ КСР Қаржы министрі болған мемлекет қайраткері Рымбек Смақұлы Байсейітовтің бюсті ашылды.
Алдымен Р.Байсейітовтің ұлы, белгілі қаржыгер Бақытбек Байсейітов, тарихшы Болатбек Нәсенов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай бастаған азаматтар Қайнардағы мешітке ертемен аялдап, Ораза айтының намазына қатысты. Айтпақшы, Қайнар ауылындағы мешітті осыдан он жыл бұрын Рымбек Смақұлының жары Мағрипа қажы Смағұлқызының бастауымен балалары өз қаржыларына салып, елге тарту еткен еді.
Р.Байсейітов бюстінің ашылу салтанатында сөз алған Марат Құрманбай «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының құрылғалы бергі алты жыл ішінде атқарған істеріне тоқталды. Аталмыш қордың ұйымдастыруымен Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарына арналып, Елбасының «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс» – деген сөзі жазылып, тұрғызылған 15 метр биіктіктегі монумент салтанатты түрде ашылғаны халық жадында. Одан кейін де ел тарихындағы елеулі даталарға орай «Бабалар ерлігі- тәуелсіздік тірегі», «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» атты тақтатастар ауыл өткенінен ғана емес, қазақ тарихынан сыр шертіп тұр.
−Міне, бүгін, өздеріңіз куә болып отырғандай, жерлесіміз, «Құрмет» орденінің иегері, тәуелсіз еліміздің экономикасының қаз тұруына сүбелі үлесін қосқан, Қазақ елінің Қаржы министрі болған Рымбек Байсейтов ағамыздың ұрпақтары ескерткіш бюстін салтанатты түрде ашып отыр, – деді Марат Құрманбай. – О баста Абыралы өңірінен шыққан атақты адамдардың бюсті Әміре Қашаубаев, Төлеужан Ысмайылов сияқты таланттар қатарымен толыға бастағанда осы қатардан Рымбек Смақұлының да тұлғасы тұруы керектігін «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының мүшесі болған, қадірменді ел ағасы Өміржан Жақып ақсақал ұсынған еді. Міне, қазыналы қариямыздың бізге қалдырған аманаты бүгін жүзеге асты. Бұл туған өлкеміздегі елге ортақ зор қуаныш деп ойлаймын.
Ал әкесінің туған жеріне келіп, жерлестерімен жүздескен халықаралық банк кеңесінің вице-президенті Бақытбек Байсейітов Алматыда тұратын аналарының елге сәлемін жеткізіп, жерлестерінің құрметіне ризашылығын білдірді. Осы тұста Қайнар ауылының әкімі Сағынғали Аманғалиұлы абыралылықтар атынан Бақытбек Байсейітовке ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, шара барысында Болатбек Нәсенов Қазақ КСР Қаржы министрлігін 1974 жылдан 1985 жылға дейін басқарған ҰОС ардагері, қаржы саласының үздігі, Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген экономист Рымбек Байсейітов жайында мағлұмат беріп, бірге қызмет атқарған жылдары туралы әңгімеледі.
Ерлан Жақыпов, \”Абыралы-Дегелең\” қоғамдық қорының атқарушы директоры
Семей.