Құрылыстың қарқыны неге бәсеңдеп қалды?

Құрылыс саласындағы бірнеше сүйекті жоба сылбыр іске асуда. Облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесінде аймақ басшысы Даниал Ахметов сала басшыларының жұмысын сынға алды.
Ішкі аудит қателіктен сақтайды
Жыл басынан бері елімізде мемлекеттік органдардың бюджеттік шығындарды мақсатқа сай орындауын қадағалайтын тағы бір құзырлы мекеме жұмысқа кіріскен болатын. Оның атауы – мемлекеттің ішкі аудит қызметі. Аты айтып тұрғандай, ұйымның негізгі міндеті – мемлекеттік органдардың жұмысында кететін жүйелі қателіктерді өзге қадағалаушы органдардан бұрын анықтап, одан келетін зардаптардың алдын алу. Құрамында 12 қызметкері бар жаңа мекеме 11 айдың ішінде 50 млрд. теңгенің мақсатқа сай жұмсалуына зер салған екен. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары-мемлекеттік аудит қызметінің жетекшісі Анна Грищенко жыл басынан бері 2,1 млрд. теңгенің тиімсіз игерілгенін анықтапты. Ал 6,4 млрд. теңгеден астам қаржыны игеруде заңсыздықтарға жол берілген. Абырой болғанда, ол қаржының 4,2 млрд теңгесі дер кезінде бюджетке қайтарылған. Осы олқылықтарға жол берген бір заңды және жеті лауазымды тұлға бес миллион теңге көлемінде айыппұл төлесе, 15 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылған.
Қаржы игеруде икемсіздік танытқан органдардың көш басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және білім салалары тұр. Білім беру нысандарының жұмысынан 1,1 млрд. теңгенің сәйкессіздігі анықталса, денсаулық сақтау нысандары 3,3 млрд. теңгені игеруде заңсыздыққа жол берген.
-Біз үшін ең проблемалы сала тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы болып тұр. Сондықтан бұл саланың нысандары біздің тұрақты назарымызға алынды, – дейді Анна Грищенко.
Облыс әкімі Анна Грищенкоға қызметтің штат кестесін кеңейтуді ұсынды.
-11 айдың ішінде 5,9 млрд. теңгенің бетін бері бұру – жақсы нәтиже. Біздің жүйеде мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалайтын бірнеше қызмет бар. Олардың барлығы заңсыздықтың салдарын жоюға бейімделген. Ал сіздер болғалы тұрған олқылықтың алдын алып, ішкі жағдайда шешесіздер. Соның арқасында талай адамның тағдырын, мемлекеттің қаржысын сақтап қаласыздар. Мемлекеттік қызметші де – адам, ол да абайсызда қателесуі мүмкін ғой. Сондықтан осындай жауапты жұмысты қолға алған ұйымдарыңызға қосымша штаттық орындар ашу керек. Бұдан қызметтің жұмысы жанданбаса, әлсіремейді, – деді Даниал Ахметов.
Аталмыш қызмет өкілдері бұдан былай мемлекеттік органдардың қаржы игеруде жіберетін жүйелік олқылықтарын тираждаумен айналысатын болды. Яғни, бір басқармада кеткен заңсыздықты өзгелер қайталамас үшін, тоқсан сайын барлық органдардың басшыларын жинап анықталған заңсыздықтар жөнінде ақпарат беріп отырады. Бұл өз кезегінде өзге басқармаларға сабақ болып, олқылықтарды жүйелі түрде шешуге көмектеспек.
Бұдан кейін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Фархат Шорабай ақпарат берді. Биыл жыл соңына дейін 370 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілмек. 11 айдың қорытындысы бұл межені орындауға толық мүмкіндік бар екенін көрсетсе керек. Ал жыл басындағы меже 360 мың шашы метр болатын. Жыл бойында облыс бойынша 20-дан астам әлеуметтік нысанның құрылысы жүрген. Оның 12-сі өткен жылдардан қалса, сегізі жаңадан басталған. Қолданысқа берілген сегіз нысанның алтауы білім мекемелері болса, екеуі – Семей қаласының инфрақұрылымдық нысандары.
Облыс басшысы соңғы кезде құрылыстың қарқыны қайтып қалғанын атап, осы салаға жауапты орынбасары мен басқарма басшысына ескерту жасады.
-Мен басқармаға жеке тұрғын үй құрылысын белсендіру туралы тапсырма бергенмін. Жарты жыл өтсе де, қозғалыс жоқ. Өскемендегі №20 шағын ауданда, Семейдегі Ақсай ауданында, Зырян қаласының шетінде инфрақұрылым дайын бола тұра, жеке тұрғын үй құрылысы жанданбай тұр. Жарық пен жылуы бар жерге халықтың қоныстанбауы мүмкін емес. Мемлекет ондаған миллиард теңгеге инфрақұрылым түзді, соны елдің игілігіне беру қажет, – деген аймақ басшысы бұл іске «Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі» АҚ салымшыларын тарту жөніндегі тапсырманың да қағаз жүзінде қалғанына қынжылыс білдірді.
– Облыс тұрғындары тұрғын үй салымына 500 млрд. теңгеге жуық қаржы құйып отыр. Сол әлеует мүлде пайдаланылмаған. Қысқа мерзімнің ішінде барлық шағын аудандардың жер телімдері мен инфрақұрылымын зерделеп, тұрғын үй құрылысына салым жинақтаушы тұлғалардың әлеуетіне талдау жасаңыздар. Жеке тұрғын үй салуға арналған 14 типтік жобаны ниетті адамдарға таратыңыздар. Осы аталған тапсырмаларды қалай жүзеге асыруға болатынын маған нақты ұсыныс етіп енгізулеріңіз керек, – деді облыс әкім.

Облыстық радиологиялық орталыққа техникалық аудит жасау, Семей әуежайын күрделі жөндеу жобасына түзету енгізу туралы тапсырмалар да айтылған жерінде қалған.
-Радиологиялық орталықтағы қымбат құрылғылар босқа шаң басып тұр. Құрылыс басқармасына соған техникалық аудит жасауды жүктегенбіз, нәтиже жоқ. Ал Семей әуежайының ұшу жолағын кеңейтуден бөлек, қасбетін шынымен әрлеу, жүк тиеу және түсіру механизмдерін жетілдіру тапсырылған. Оның жобасы қыс айларында дайындалып, ішкі жұмыстары көктем шықпай басталып кетуі керек еді. Ол да орындалмаған, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Индустрияландыру күнінде айтқан тапсырмасына сәйкес, «Цифрлы Шығыс Қазақстан» бағдарламасы қолға алынбақ.
-Бұл бағдарламаға туризм бизнесін дамыту, «ақылды қала» жобаларынан бөлек, өнеркәсіп алпауыттарын цифрландыру жобалары енуі тиіс. «Қазцинк», «Қазминералс», «ШҚ РЭК» сияқты ірі компаниялардың қалай цифрланатыны осы бағдарламада көрініс табатын болады, – дейді облыс басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы