Қоғам

Құрылыстың қарқыны ерекше

Соңғы жылдары қарқын алған құрылыс жұмыстары өңірімізде жаңадан бой көтерген әлеуметтік және тұрғын үй нысандарының қатарын көбейтіп, көпшілікке баспананы қолжетімді еткені белгілі. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асып, тоқырау жылдары кенжелеп қалған саланың әлеуеті соңғы он жыл көлемінде бірнеше есеге артты.
Тәуелсіздік жылдары еліміздің құрылыс индустриясының дамығаны барлығымызға мәлім. Саланың дамуына, бірінші кезекте, Индустрияландыру картасы және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары ықпалын тигізді. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығының өзінде отандық құрылыс материалдарын өндіру екі есеге артты. Ал қазір құрылыс материалдарының 60 пайыздан астамы елімізде шығарылады. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларының арқасында құрылыс саласына, соның ішінде жол-көлік жобаларына қомақты инвестиция тартылды. Сонымен қатар жобалардағы қазақстандық құрамның үлесін ұлғайтуға баса назар аударылып, бүгінде кейбір нысандарда отандық құрылыс компаниялары мен олар өндірген өнімдер 90 пайыздан асып жығылады. Бұл – еліміздегі құрылыс материалдарын өндіретін өндірістердің көбейгенін көрсететін көрсеткіш.
Қабылданған «Тұрғын үй-2020», «Қолжетімді баспана-2020», «Бақытты отбасы», «Өз үйім» бағдарламалары көпшіліктің көңілінен шықты. Нәтиже де жаман емес. Атап айтсақ, өңірлерде жаңадан бой көтерген тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың көбеюі құрылыс компанияларының да санын ұлғайтып, саланы жаңадан меңгере бастаған кәсіпкерлер үшін зор тәжірибе қалыптастыруға жол ашты.
Бұл үрдістен облысымыз да шет қалған емес. «DK Proekt», «ПМК Құрылыс», «Элхон», «Фирма Азия», «Жар Құрылыс», «Катон-Карагайский ПДУ», «Күршім-Құрылыс» сияқты құрылыс үздіктері ғимараттар мен жол құрылысын жүргізуді қолға алды. Өскемен, Семей, Риддер, Алтай, Аягөз, Зайсан қалаларында құрылыс қарқындап, тозығы жеткен нысандар мен автокөлік жолдары қалпына келе бастады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының ақпаратына сүйенсек, Инвестициялар және даму министрлігінің 2019 жылға арналған жоспарында Шығыс өңірінде 443,3 мың шаршы метр тұрғын үй биыл қолданысқа берілмек көрінеді. Жылдың бірінші тоқсанының өзінде 98,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп те қойған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, биыл өңірімізде 11 әлеуметтік-мәдени бағытта қолданылатын нысанның құрылысын аяқтап, қолданысқа беру көзделген. Жалпы сомасы 48041,8 млн. теңгені құрайтын жобалардың төртеуі білім беру нысандары болса, төртеуі –спорттық, қалғандары – медициналық, әлеуметтік және қызмет көрсету бағытындағы нысандар.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button