Қоғам

Құрылыстарды дер кезінде аяқтау қатаң бақылауда болады

Құрылыстарды дер кезінде аяқтау қатаң бақылауда болады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіп жатқан мердігер ұйымдардың өкілдері қатысқан жиын өтті.
Қазіргі уақытта облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 51 жоба жүзеге асырылуда. Риддер қаласында 5,3 млрд. теңгеге бес мектеп пен бір балабақша салынатын болады. Курчатов қаласы мен Ұлан ауданының Таврия, Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылының оқушылары жаңа оқу жылында жаңа мектепте білім алады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар келесі айда Семей қаласының Бобровка, Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылдарында мектеп құрылысы басталады.
Аталған бағдарлама аясында Өскемен мен Семей қалаларындағы кварталаралық жүйелер мен жүйелерді үйге жеткізу бойынша 21 жоба қолға алынуда. Облыс орталығындағы жобалардың дені ХІХ ықшамауданда жүзеге асырылуда. Өскемендегі жобаларға жан-жақты тоқталған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Сәтбаев даңғылы бойында жүргізіліп жатқан үйлердің құрылысын қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Семей қаласына бөлінген қаржының дені Қарағайлы ықшамауданын жылу, телекоммуникация және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етуге бағытталғанын айта кеткен орынды.
-Қарағайлы ықшамауданындағы жұмыстарды жалғастыру керек. Ондағы құрылыстар әсем әрі әркелкі болғаны жөн, – деді аймақ басшысы.
Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Абай, Зайсан, Тарбағатай аудандарындағы 14 нысанға су жеткізу, жылу және сумен қамту жүйелерін салу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар биыл Семей мен Өскеменде әртүрлі 10 жоба аяқталады.
Семейде 2015 жылы сегіз жоба басталған және оның барлығы да шаһардың жылу мәселесін шешуге бағытталған. Қазандықтарды жаңғырту, кварталаралық жылу жүйелерін салу мен жаңғырту жұмыстарын жаздың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
Аймақ басшысы жиында жұмыстардың дер кезінде атқарылуына ерекше мән беру қажеттігін тапсырды.
-Мені «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының игерілмей жатқаны қынжылтады. Бұл менің қол астымдағы қызметкерлердің жұмысының жүйесіздігін көрсетеді. Егер бір айдан кейін тиісті нәтиже шықпайтын болса, Сіздермен басқаша сөйлесетін боламыз. Сондықтан барлық мердігерлерден кестеге сай жұмыс істеулерін сұраймын, – деді Даниал АХМЕТОВ жиынды қорытындылаған сөзінде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button