Қоғам

Құрылыста қарқын бар

Құрылыста қарқын бар


Сегіз айда 195,1 мың шаршы метр баспана берілген

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында құрылыс саласына жаңа технологияларды жемісті енгізу жүктелген. Соның арқасында құрылысқа қарқын мен сапа қосып, 2030 жылға қарай әр қазақстандықты 30 шаршы метр баспанамен қамту жоспарланып отыр. Сол міндеттің үдесінен шығу үшін Шығыс Қазақстанда құрылыс қарқынды жүруде. Оны мына сандардан анық көруге болады. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс бойынша 195,1 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,8 пайызға жоғары. Ең бастысы, ел игілігіне берілген баспананың барлығы мемлекеттің тікелей қолдауы аясында салынған. Мысалы, «Самрұқ-Қазына» АҚ арқылы жеті көппәтерлі үй мен бір жатақхана бой көтерді. Ал Семей қаласында әскери қызметкерлерге арнап екі тұрғын үй салынды. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы үш несиелік үйдің құрылысы жүрді.

Облыста коммерциялық баспаналар да бой көтеруде. Өскемен, Семей, Риддер қалаларында тұрғындар мемлекеттік бағдарламадан тыс коммерциялық баспана сатып алуға мүмкіндік алып отыр.

Халықты баспанамен қамту ісінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның өз орны бар. Артық табысын пәтерге жинақтаушылар саны күн санап көбеюде. Былтыр аталмыш банкпен 14165 адам келісімшарт жасасқан.

«Нұрлы жер» бағдарламасының іске асу тетіктері нақтыланғаннан бері жеке тұрғын үй құрылысына деген қызығушылық артқан. Бірыңғай сәулеттегі жер үйлер облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында бой көтермек. Өскемендегі №28 шағын аудан мен Семей қаласындағы «Ақсай» тұрғын ауданы «Нұрлы жердің» шапағатын өзгелерден бұрын көрмек. Мемлекеттің қатысуымен салынатын жер үйлердің ауданы 80, 100 және 130 шаршы метр болады деп жоспарланған.

-«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын үйлерді де несиеге алуға болады. Ол үшін әуелі әкімдіктің жер кезегіне тұрып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның кеңселеріне жүгіну қажет, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Е.Мәулетханов.
Өскеменнің іргесіндегі №28 ауданда алғашқы лекпен 54 жер үй салынбақ. Ол үшін бюджеттен 609,6 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда ауданға инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Ал Семей қаласындағы «Ақсай» ауданында төрт бірдей құрылыс компаниясы үй салуға ниет танытып отыр. Олар барлық үйлерді өз қаражатына салмақ. Үлгі ретінде салынған алғашқы жер үйлер елдің көңілінен шыққан. Қалғанын салмас бұрын аумаққа инфрақұрылым тартылмақ.

-Бірыңғай стильдегі жер үйлер Ұлан, Зырян, Шемонайха аудандарында да көп кешікпей тұрғызыла бастайды. Жалпы, облыс бойынша 120 мың шаршы метр жер үй салынуы тиіс. Өскеменде 3975 адам, Семейде 24318 адам жер кезегінде тұр, – дейді Е.Мәулетханов.

Келешекте Өскеменнің 20, 21, 22, 25, 27 және 28 аудандарында, Ахмер және Самсоновка ауылдарында «Нұрлы жер» бағдарламасы жемісті жүзеге аспақ. Семей қаласында жеке тұрғын үй құрылысына арнап он аудан дайындалуда. Зайсан, Аягөз, Зырян, Ұлан аудандарында да жер үйге деген сұраныс артқан. Мысалы, Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде жеке тұрғын үй құрылысына 700 жер телімі дайындалған. Бұл телімдер иесін табуы үшін инфрақұрылым тартылу қажет.

Биыл 23 әлеуметтік-мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 11-і білім беру, екеуі мәдениет, екеуі денсаулық сақтау, бесеуі әлеуметтік-тұрмыстық нысан. Сол 23 нысанның жетеуі қазірдің өзінде толық салынып бітті.

Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі аясында төрт балабақша және салынып жатыр. Оның екеуі Семейде, екеуі Өскеменде бой көтеруі тиіс.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button