Қоғам

Құрылысшы көп болса, нысан аяқсыз қалады

Құрылысшы көп болса,  нысан аяқсыз қалады

«Қойшы көп болса, қой арам өледі», «Құрылысшы көп болса, нысан аяқсыз қалады». Жаза-жаза жауыр болған Өскемендегі қан құю орталығының құрылыс қарқынын көргенде еріксіз осындай ойға келесің.

«Құмаров и К» банкрот жариялап тынды

О баста облыстық қан орталығына жаңа ғимарат салынатыны жөнінде хабар тарағанда, бірінші болып ақ желеңді мамандар қуанысқан. Сирек қан топтарының банкін қалыптастырып, әр азамат өз қанының қорын сақтай алатын аутобанк қызметін құру мүмкіндіктері туатынын білгенде тұрғындар да «жөн екен» дескен. Алайда, 2008 жылдың тамызында басталған құрылыс жуық арада біте қояр түрі жоқ. Талай басшы мен құрылысшының қан қысымына әсер еткен қан орталығының құрылысы тағы да аялдап тұр.

Әуелі «Элитстрой» ЖШС жұмыс барысында кездескен кедергілерді еңсере алмай, істің соңын сиырқұйымшақтатып жібергесін, әлеуметтік маңызы зор нысанның құрылысына «Құмаров и К» ЖШС тартылған. Тұралап қалған жұмысты жандандырып, қарқынға-қарқын қосқан жаңа мердігер шаруа бітуге жақын қалғанда зорыққан аттай жүрісінен жаңыла бастаған. Бүгінде құрылыс жайына қалып, іс соттың алдына бірақ жетіп отыр. Аяқталуға сынық сүйем қалғанда тоқтап қалған құрылыстың түйінін басқа бір мердігер шешуі мүмкін. Бүгінде игерілген қаржы мен атқарылған жұмыстың айырмашылығы екшеліп, қалған жұмысқа қанша қаражат кететіні есептелуде. Облыстық құрылыс басқармасы аймақ басшылығынан нысанды жыл аяғына дейін қолданысқа беру жөнінде тапсырма алған. Ал «Құмаров и К» банкрот жариялап тынды. Аталмыш компания аяқсыз қалдырған құрылыс жалғыз бұл емес. Глубокое кентіндегі аудандық аурухана құрылысы да осы мердігердің мойнында болған. Олар алғаш іске кіріскенде нысанды 2012 жылдың аяғында қолданысқа беретінін айтып сендірген. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, дертіне дауа іздеген глубокоелықтар бұрынғы әкімдік ғимараты мен жатақханада ем қабылдап, шамасы келгендері облыс орталығына қатынап жүр.

Апаттық жағдайдағы аурухана орнына салынар нысанның құрылысы 1,8 млрд. теңгеге жобаланған. Оның тең жартысы мердігердің қолына баяғыда-ақ тиген. Бірақ тексеріс барысында бөлінген 900 млн. теңгенің 585 миллионы қайда кеткені белгісіз болып шықты. Прокуратура мен қаржы полициясының назарына іліккен бұл іс енді сотта қаралуы тиіс. Ал қалған 900 млн. теңгені шашаусыз игеріп, құрылысты аяқтау міндеті «Элхон» ЖШС-не жүктеліп отыр. Аурухананың ендігі тағдыры аталмыш мердігердің қолында.

Көпшіліктің назарындағы маңызды нысанның тағы біреуі – драма театр құрылысы. Бұл құрылыс тапсырыс берушінің салғырттығынан тоқтап барып, қайта жалғасты. Нысан жобасындағы шалағайлықты аңғарған облыс басшылығы өзгерістер енгізіп, оған қосымша қаржы көздерін табамыз дегенше талай уақыт өтіп, нысан мерзімінен кешігіп отыр. Осылайша жаңа ғимарат тек келер жылдың жазында қолданысқа берілмек.

Мерзімнен кешігу мәселесі апаттық жағдайдағы білім ошақтарының орнына салынып жатқан нысандарды да айналып өтпеді. Жыл басында облыс бойынша 23 апаттық мектептің құрылысы басталған болатын. Солардың төртеуі бүгінде межелеген мерзімде қолданысқа берілмейтіні анықталып отыр. Үржар ауданының Лайбұлақ және Ер Қабанбай, Күршім ауданының Ақжайлау мен Үшбұлақ ауылдарын бүкіл республика жұртшылығына «танымал» еткен «РСУ Асар», «Топипроект», «Профистрой», «Востоккапиталстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін сотқа беруден басқа амал болмай отыр. Аталмыш ауыл оқушылары жаңа мектепке тек келер жылы ғана кіретін болады. Сондай-ақ, Глубокое ауданының Верхберезовка кентіндегі мектепке жапсарлас салынған құрылыс та мерзімнен кешігіп берілетін түрі бар.

Техникалық қадағалау күшейтіледі

Ал Өскемендегі мың орындық қазақ мектебінің құрылысы жұмыс кестесінен төрт айға кешіккен. Жер астынан шыққан судың әлегімен біраз уақытын жоғалтқан «Ақмола Құрылыс Материалдары» ЖШС шаруаны дұрыс ұйымдастыра алмауы салдарынан осыған дейін санаулы ғана жұмыс күшімен құрылыс жүргізіп келген. Оның соңы бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуіне әкеп соғатыны белгілі. Істің насырға шабатынын аңдаған құрылыс басқармасы мердігер компанияның Астанадағы басшылығына шығып, істі сауатты ұйымдастыра алатын білікті маман жіберуді талап етіпті. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Төленбергенов Астанадан арнайы жіберілген маман шаруаны ширата түскенін айтады.

Зырян қаласында салынып жатқан 280 орындық балабақша (мердігер «ESK» құрылыс-жол компаниясы» ЖШС), Зырян ауданы Чапаев ауылындағы 130 орындық мектеп («Халиф Гром» ЖШС), Үржар ауданы Жаңа Тілек ауылындағы 320 орындық мектеп («МД Құрылыс» ЖШС), Ұлан ауданы, Алғабас ауылында 80 орындық мектеп («Востокспецавтоматика» ЖШС), «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Зырян және Риддер қалаларында бой көтеріп келе жатқан хоккей модульдерінің құрылысы да кестеден кешігу, жобадан ауытқу, бөлінген қаржыны жеткізе алмау сынды түйткілдерге тап келген. Сондай-ақ, 19 шағын ауданда тұрғын үй салып жатқан «Профиль-21» ЖШС жұмысында да кешігу бар. Құрылыс саласындағы мерзімнен кешігу мәселесі буынға түскен аурудан бетер дендеп, тыйылмай отыруының себебін Серік Төленбергеновтен сұраған едік. Басқарма басшысы мемлекет қаржысын жөн-жосығымен игермеген мердігерлердің көп жағдайда жазасыз құтылуы келеңсіздіктердің тыйылмауына түрткі болып отырғанын айтады.

– Біз талапқа бағынбағандарды құқық қорғау органдарына тапсырамыз. Ары қарайғы шаруа солардың қолында. Өкінішке қарай, кейбір мердігерлердің ісі сотқа жетпей жабылып қалады. Жазадан жеңіл құтылған кәсіпкер басқа біреудің атына мекеме ашады да, қайта конкурсқа түседі. Ал мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, біз оларды конкурстан шеттете алмаймыз. Мердігерлер конкурсқа қатыспай тұрып, шамаларына қарау керек. Ертеңін ойламай, бірнеше нысанды мойынға алып, бірін де жөнімен бітіре алмайтындар бар, – деген С.Төленбергенов техникалық қадағалаушылардың жауапсыздығы да көптеген олқылықтарға орын ашатынын айтады. Бұған дейін техникалық қадағалаушы мекеме көбінесе баға ұсынысы бойынша тағайындалып келсе керек. Мұндай тәсіл атқарар қызмет үшін арзан баға көрсету арқылы тізгінді қолға алып, бөлінген қаржыны игермей, құрылыс басына бармастан, қадағалау жұмыстарын қағаз жүзінде атқаратындардың жолын ашқан. Алдағы уақытта техникалық қадағалаушы мекемелер жаппай конкурстық негізде тағайындалмақ.

Нысандардың кешігуіне, құрылыс сапасының төмен болуына қатысты мердігерлердің де айтар уәжі бар. Соңғы кезде құрылыс компаниялары тарапынан сметадан тыс артық шығынға ұшырағандары жөнінде шағымдар айтылып жүргені соның бір көрінісі. Мердігерді жобада көрсетілмеген қосымша жұмыстар атқаруға мәжбүрлеу фактілері бар-жоғын сұрағанымызда, құрылыс басқармасының басшысы былай деп жауап берді:

– «Кез келген құрылыс жобасына қаржы бөлген кезде міндетті түрде жалпы құнының 6 пайызы мөлшерінде күтпеген кедергілерге деп қаражат қарастырылады. Көп жағдайда ол қаражат мердігерлердің өз қалтасында қалады. Ал күтпеген кедергілер пайда болса, оларды осы қаражат есебінен айналып өтеді. Сондықтан сметадан тыс артық шығын жайында шағымдану жөн емес. Оның үстіне компания құрылысқа кіріспес бұрын оның қаншалықты тиімді екенін жан-жақты зерттейді. Егер артық шығыны бар болса, жоламас та еді ғой.

Қалай дегенмен де аймақта құрылыс ауқымы барған сайын ұлғайып келеді. Бұл ел игілігіне қызмет етер нысандар саны артады деген сөз. Сол нысандардың жоғарыда аталған құрылыстардың аяғын құшпауы үшін өткеннен сабақ алу қажет-ақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button