Құрылысқа отандық өнімдерді пайдаланған жөн

«Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында соңғы төрт жылда өңірде апаттық мектептердің орнына үш, үшауысымдық оқытуды жою мақсатында бес жаңа мектеп салынды. Жалпы орын саны 4520 болатын білім ошақтары Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха, Аягөз аудандары мен Семей, Курчатов қалаларында бой көтерген.
Облыс әкімдігінің кезекті отырысында аталмыш инфрақұрылымды дамыту жөніндегі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы жан-жақты талқыға түсті.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов 2015-2019 жылдар аралығында облыста бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыру үшін 37 миллиард теңге жұмсалғанын алға тартты. Атап айтсақ, осы бағытта 9 білім беру нысаны, 44 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны және 1 көліктік нысан құрылысы жоспарланған-ды.
– Білім беру саласындағы 4800 орындық 9 нысанның құрылысын жүргізу үшін 9 159 миллион теңге қаражат қарастырылған. Нәтижесінде Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарындағы апаттық мектептердің орнына жаңадан оқу орындары бой көтерді. Сонымен қатар, Курчатов, Семей қалаларында, Семей қаласына қарасты Бобровка ауылында бір-бірден, Аягөз ауданында екі мектеп салынып, Риддер қаласында 280 орындық балабақша тұрғызылды. Осылайша жоспар толығымен орындалып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының нысандары да «Нұрлы жолдың» арқасында жаңарып қалды. Қаражат Ұлттық қордан қарастырылды. Қазіргі кезде 6 жоба іске асырылуда. Оның ішінде Өскемендегі Солтүстік Атаман және Төменгі Согра су тартқыларының, Семей қаласы бойынша Шүлбі кентіндегі су тазарту ғимаратының, Затон су тартқысының және Қайнар ауылындағы су құбырының қайта құру жұмыстары енеді. Осы орайда Шемонайха ауданына қарасты Қызыл Шемонайха ауылындағы су құбырының құрылысы ерекше сөз болды. Себебі, мердігер ұйым – «Өскемен Құрылыс» ЖШС мерзімін кешіктіріп келеді. аудан басшылығы тапсырысты атқарушы компанияны сотқа де берген. Бірақ, сот нысанды аяқтау туралы ұсыныс берумен ғана шектеліпті. Даниал Ахметов мердігерді жауапсыз деп тану туралы сотқа қайтадан аппеляциялық шағымдануды ұсынды.
Аталған нысандардың екеуі – Затон су тартқысы мен Қызыл Шемонайхадағы су құбырларының іске қосылуы келесі жылға қалып отыр, қалғандары осы жылдың соңына дейін толық аяқталып бітпек.
– Келесі жылға қалып отырған нысандар шілде айының біріне дейін толық тапсырылатын болсын. Құрылыс жұмысы тікелей өзімнің бақылауымда болады, – деді осы ретте облыс басшысы.
Көліктік нысан дегеніміз Семей қаласының әуежайы. Оны қайтадан қалпына келтіру үшін осы бағдарлама шеңберінде 10 миллиард теңге қаражат бөлінді. Әуе айлағының 3 шақырымды ұшу-қону алаңы жаңартылып, халықаралық талапқа сәйкестендірді. Нысан алдағы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімі Даниал Ахметов мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысына оң баға беріп, құрылыс жұмыстарына отандық өнімдерді қолдану жөнінде тапсырма берді.
– Осы Өскеменнің өзінде «Силумин-Восток», «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты», «Өскемен арматура зауыты» сынды ірі өндіріс орындары бар. Олар сапалы әрі бағасы қолжетімді өнімдер шығарады. Тіпті, жиырма жылға дейін кепілдік те береді. Міне, осы жергілікті кәсіпорындар шығарған арматуралар коммуналдық шаруашылық нысандарында қолданылуы тиіс. Ал, біздің құрылысшылар болса Ресейдің Челябі қаласынан сапасыз әрі қымбат арматураны тасуда. Мұны қалай түсінеміз?! – деген аймақ басшысы орынбасарына осы мәселемен жіті шұғылдануды міндеттеді.
Бір ай мерзім ішінде мемлекеттік тапсырысты орындаушы мердігерлердің қайсысы отындық емес арматураларды қолданып жүргені тексеріледі. Өзге де құрылыс материалдары бойынша да осындай жұмыс жүргізілмек. Бұл қадам жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттырып, қаражаттың өңірден, елімізден шеткері кетпеуін қамтамасыз етеді.
Ержан Әбіш