Құрылыс жобасын жетілдіруді тапсырды
Облыс орталығының 19-шы шағын ауданында әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жетіспейді. Аймақ басшысы бұл жағдайды түзетуді тапсырды.
Тұрғындарға дүкен, дәріхана және басқа да әлеуметтік-тұрмыстық орындар қажет. Алайда, бұлар құрылысы аяқталып келе жатқан 19-шы шағын аудандағы тұрғын баспаналарда қарастырылмаған. Кейбір үйлер тұрғындарына ең жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне жету үшін кем дегенде екі шақырым жол жүру қажет.
– Адамдарға нан алатын орын жоқ. Мысалы, зейнеткер адам Сәтпаев даңғылында орналасқан дүкенге дейін қалай жетпек?! Бұл – өте қиын шаруа. Тұрғындар тұрғын үй кешендерінде коммерциялық ғимараттың қарастырылмағандығынан зардап шекпеуі тиіс. Аталған үйлерде әлеуметтік-тұрмыстық орындар құру қажет. Төменгі қабаттарды дүкенге, дәріханаға, басқа да қажетті нысандарға арнап қайта жобалаңдар. Жетпесе, қосымша қаржы қараңдар, жапсарлас нысан салыңдар. Жобалаушылармен қайта жұмыс істеңіздер және он күннен соң аталған шағын аудандағы тұрғындар мүддесі ескерілген ұсынысты енгізіңіздер, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Облыс әкімі сонымен қатар, бір баспанаға тиісті бір жарым көлік тұрағы орнын және өту бөлігінің кеңдігі алты метрден кем болмауын қатаң сақтауды ескертті.
Мұндай алаңдар тұрғындарға қолайлылық тудырып, коммуналдық және арнайы техникалардың еш кедергісіз жүріп-тұруына мүмкіндік бермек. Бұл тапсырмалар жақын уақытта пайдалануға берілетін № 61 позициядағы үйдің құрылысында ескерілген.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі