Қоғам

Құрылыс саласында бірлескен жобалар қолға алынбақ

Құрылыс саласында бірлескен жобалар қолға алынбақ

Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Беларусь Республикасының Могилев облысынан келген делегацияны қабылдады. Шетелдік делегацияны Могилев облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Янков бастап келді.
Тараптар арасындағы әңгімеге екі елдің аймақтарындағы сәулет және құрылыс салаларының қазіргі жайы, алдағы даму барысы арқау болды. Екіжақты кездесуге сондай-ақ, өңірлердің құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, кәсіпкерлік, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары салаларының басшылары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қонақтарды облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырып, өңірде әлеуметтік маңыздағы нысандар, қолжетімді баспаналар салу қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап көрсетті. Былтыр 318 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, биыл 526 мың шаршы метр үй салу жоспарланған. 2015 жылы облыста 118 нысанның құрылысы жүргізілсе, соның 94-і іске қосылған, 24-і биылға ауысқан. Сондай-ақ, облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 2015 жылдың көлемінде іске қосылған мәдениет, спорт саласындағы әлеуметтік мекемелер, аймақта туризмді дамыту жобалары, «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған тұрғын үйлер құрылысы да мәртебелі меймандарға таныстырылды. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары жоғарыда аталған нысандар құрылысына қажетті құрылыс материалдарының 90 пайызы өзіміздің облыста өндірілетінін де атап өтті. Ал Могилев облысынан біздің өңір көпқабатты үйлерге арналған жеделсатыларды сатып алады.
Дмитрий Янков қонақжайлық танытқан облыс басшылығына делегация мүшелерінің атынан ризашылығын білдіріп, облыс орталығында орналасқан ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында болған кездегі әсерімен бөлісті. Соымен бірге, екі облыс арасында құрылыс саласында бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік барлығын, Шығыс Қазақстанда заманауи талаптарға сай көпқабатты тұрғын үйлер салу жобасын толық іске асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Димитрий Гариков екіжақты кездесуде айтылған ұсыныстардың барлығы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ баяндалатынын, құрылыс саласында бірлесе баспаналар салуға мүмкіндік болатындығын атап көрсетті.
Аталған кездесудің қорытындысында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Могилев облыстық атқару комитетінің арасында сәулет және құрылыс саласында өзара әріптестік жөніндегі келісімге қол қойылды. Кездесуден кейін делегацияға соңғы екі-үш жылдың көлемінде облыс орталығында салынып, іске қосылған әлеуметтік нысандар таныстырылды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button