ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН ҚОЛДАНЫСҚА БЕРУ КЕСТЕСІ ҚҰРЫЛДЫ
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңірдегі құрылыс саласын қатаң бақылауына алды. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша құрылыс нысандарының қолданысқа берілу уақыты нақты көрсетілген кесте құрылды.
Ресми деректерге жүгінсек, биыл облыста салынып жатқан 129 нысанның 12-сі проблемалық деп танылып отыр. Ал мұндай «сақалды құрылыстардың» жалпы құны бес миллиард теңгеден асады.
Жауапсыз мердігерлердің мәселесін қолға алған аймақ басшысы енді ай сайын қағазға түскен жоспарлардың іс жүзінде орындалуын тексеріп, жұмыс сапарлары барысында аудандар мен қалаларда жүргізіліп жатқан құрылыстарды аралауды бастады.
Биыл аймақта 50-ге тарта ғимарат пайдалануға берілуі тиіс болатын. Қазір бұл жоспардың жартысынан сәл астамы орындалды. Қалғаны жыл соңына дейін тиянақталмақ.
Облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевтың айтуынша, проблемалық 12 нысанның бәрінде жұмыстың нашар ұйымдастырылуы, мердігер ұйымдардың өз міндеттеріне салғырт қарауы секілді себептер анықталған. Мұның соңы құрылыстың аяқталмауына, жоспардан кешігуге, сот процестері мен айыппұл санкцияларына әкеліп соқтырып отыр.
Айталық, құны 230 млн. теңге тұратын Аягөздегі 140 орындық балабақшаны «Профиль XXI ғасыр» компаниясы 2012 жылы салып бастаған, әлі біткен жоқ. Сол себепті аталған серіктестікпен келісімшарт бұзылып, нысан «Гордорстрой» ЖШС-іне берілді. Алғашқы жауапсыз мердігердің кесірінен 2013 жылы ашылады деп жоспарланған балабақша енді осы жылдың соңында ғана іске қосылмақ.
«Құмаров және К» компаниясының жауапсыздығынан Зимовьевтегі интернат-үйінің игілігін жұрт әлі күнге көре алмай отыр. Бұл әлеуметтік маңызды нысанды мердігер ұйым осыдан үш жыл бұрын қолданысқа өткізуі керек еді келісімшарт бойынша. Бірақ өткізбеді. Ақыры «Құмаров және К» фирмасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ал құрылысты аяқтау «Оптимастрой УК» ЖШС-ге жүктелді. Қазір онда жұмыс комиссиясының ескертпелері түзетіліп жатыр, үй-интернат осы айдың соңында ашылады.
Күршім ауданы, Үшбұлақ ауылындағы 80 орындық мектепті салып бастап, аяқсыз қалдырған мердігермен де келісімшарт бұзылды. Нәтижесінде жауапсыз фирма орындалмаған жұмыс үшін тұрақсыздық төлемін төлейді. Ал білім ошағының құрылысын қолға алған «AquaСтрой» ЖШС мектептің төбесін жабу, кәріз құбырын тарту, жарықтандыру және басқа да жұмыстарды атқаруда.
Зайсан ауданы, Сарытерек ауылында дәрігерлік амбулатория салып жатқан «Рекон-UK» ЖШС қондырғыларды орнату кезінде мәселе туындап, соның салдарынан 2014 жылы іске қосылуы тиіс нысан 2015 жылға шегерілді. Бүгінде құрылыс-монтаждау шаралары аяқталды, амбулатория ауыл адамдарына есігін қараша айының алғашқы тоқсанында ашады.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, Зырян ауданында екі бірдей проблемалық нысан бар. Олардың бірі Чапаев ауылындағы 130 орындық мектеп пен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы ретінде қайта жөндеу жұмыстары жоспарланған Грехов кенішінің бұрынғы әкімшілік-тұрмыстық корпусы.
– Чапаевтағы мектеп бұрын мұндай ірі жобада тәжірибесі аз «Халиф Гром» ЖШС-нің кесірінен уақытында тапсырылмады. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылмады. Сол себепті жауапсыз мердігер ұйыммен келісімшарт бұзылып, 35,8 млн. теңге тұрақсыздық төлемі алынды. Құрылысты қосалқы мердігер «Нарын Сервис» ЖШС атқаруда. Білім ошағы бірінші қарашада пайдалануға беріледі, – деп атап өткен Мәди Отарбаев «Нарын Сервис» серіктестігі сонымен қоса, Греховтағы оңалту орталығын аяқтау үшін де жұмылдырылып отырғанын жеткізді.
Үржар ауданында да құрылысы бітпеген екі нысан бар. Олар: аудан орталығы мен Жаңа Тілек ауылындағы мектептер. Бұл екі нысанның құрылысын әуел баста «Ост-спецстрой» ЖШС мен «МД Құрылыс» ЖШС алған. Алайда, мердігерлер өз міндеттеріне селқос қарап, жұмысты тиісті дәрежеде ұйымдастыра алмауынан балалар сарыла күткен білім мекемелері уақытында іске қосылмады. Тіпті, Жаңа Тілектегі мектеп құрылысы екі жыл бойы қаңтарылып тұрғаны да рас. Қос мердігердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен «МД Құрылыс» ЖШС-інен 127 млн. теңге тұрақсыздық төлемі алынған. Бұған қоса мердігер ұйымның жұмысшылар алдында 14 млн. теңге жалақы қарызы бар көрінеді. Егер бұл қарыз қазан айының соңына дейін жабылмаса, тиісті шара қолданылады. Қазір екі құрылыс нысанына да қосалқы мердігерлер тартылған. Мектептер келер жылы дайын болады.
Семейде 2013 жылы қолданысқа берілуі тиіс, бірақ құрылысы кестеден кешіктірілген үш бірдей нысан бар. Олар: қайта жөндеу жұмыстары жоспарланған уақытша ұстау изоляторы бар Затон полиция бөлімінің ғимараты мен Абай атындағы әмбебап кітапхана, сондай-ақ, қондырғылар орнатылатын жылу қазандығы. Бұл арада өз міндеттерін дұрыс атқармай жауапсыздық танытқан компаниялар: «Шар-Орда» ЖШС, «Востокстройкомплект» ЖШС. Жұмыстың 70 пайызын ғана істеген «Шар-Орда» серіктестігімен келісімшарт бұзылған. Құрылысты жаңа мердігер келер жылдың алғашқы тоқсанында аяқтамақ. Ал «Востокстройкомплект» болса нысанды дер кезінде қолданысқа өткізбегені үшін 58 млн. теңге тұрақсыздық төлемін төлейді.
Кешіккен құрылыстар Өскеменде де бар. Оның біріншісі төрт миллион теңге тұрақсыздық төлемін төлеген «Ақмола Құрылыс Материалдары» ЖШС салып жатқан бір мың орындық мектеп. Жерді қазу кезінде жерасты суының шығып кетуіне байланысты құрылыс бір жылдай тоқтап қалған.
Басқарма басшысы бұл ретте жобалау барысында кемшілік жіберілгенін айтты. Яғни, жер телімін таңдау кезінде инженерлік іздеу шаралары дұрыс орындалмаған. Дегенмен, мердігерлер мәселенің шешімін тауып, құрылысты аяқтауға таяды. Ешқандай кедергі болмаса, екінші тоқсанды оқушылар жаңа білім ұясында бастайды.
Өскемендегі екінші құрылыс – облыстық ана мен бала орталығының гараждары. Қондырғылар жеткізу кезінде аздаған қиындықтарға бетпе-бет келген «УК стройсервис-2004» ЖШС кестеден кешігіңкіреп қалғандарын мойындап отыр. Дегенмен, нысанды алдағы айдың басында қолданысқа беруге сендірді.
Сонымен құрылысы созылып кеткен нысандардың басым бөлігі осы жылдың соңына дейін игілікке берілсе, үшеуі келесі жылдың еншісіне қалдырылды. Ал келісімшарт талаптарын орындамаған мердігер мекемелер заң алдында жауапқа тартылып, келтірген шығындар үшін тиісті төлемдер төлеуге мәжбүр болды.
\”Шығыс-Ақпарат\”